Үкімет • 21 Тамыз, 2023

Төтенше жағдайлар министрлігіне 71 дрон сатып алынады

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдап жатыр. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен 633 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрлігіне 71 дрон сатып алынады

Фото: iz.ru

Құжатқа сәйкес, қаражат табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысатын Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе кемелеріне 5 су шашу құрылғысын және 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуға бағытталады.

Бүгінгі таңда ТЖМ қарамағында 27 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Алайда биылғы жылы орын алған өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар олардың санының жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр.

Сонымен қатар қазіргі уақытта ашық су қоймаларынан су алып, табиғи өрт ошақтарына әуе арқылы жеткізу үшін 12 су шашатын құрылғы бар. ТЖМ авиациялық паркі көпфункциялы 34 әуе кемесінен тұрады. 

Осылайша, жаңа дрондар мен су шашу құрылғыларын сатып алу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті бөлімшелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 

Еске салайық, жыл сайын елімізде 1 мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ 4 мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі.