05 Маусым, 2010

МЕМЛЕКЕТТІК МӘНІ ЗОР МӘСЕЛЕЛЕР

541 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әлеуметтік кеңес отбасыларды қолдауға бағытталған   саясат жайын талқылады “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының фракциясы жанындағы Әлеу­меттік кеңес пен Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті бірлесіп, елде қалыптасқан демографиялық үрдістерді, тұрғындардың репродуктивті денсаулығы мен репродуктивті ұстанымдарын, тууды көбейту мақсатында отбасыларды қолдауға бағыт­талған мемлекеттік саясатты талқылаған отырыс өткізді. Оның жұмысына Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың, қоғамдық ұйымдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Отырысты Әлеуметтік кеңес­тің төрайымы Айткүл Самақова беташар сөзбен бастап, “Нұр Отан” ХДП хат­шысы Сергей  Громов алғысөз сөйледі. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі, Қазақ­стан Республикасы Президен­тінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова “Елдегі демог­рафиялық өзгерістер тұрғы­сында отбасыларды қолдау жөніндегі шараларды жетілдіру туралы” деген тақырыпта баян­дама жасады. “Ордаға керек отауға да керек” деп халық даналығымен бастаған министр  халықтың әл-ауқатын, ана, бала, отбасын әлеуметтік қорғау жүйесін жоғарылату, білім беру, денсаулық сақтау салаларын қажетті қаражатпен қамтамасыз ету, айлықтарды, зейнетақы­ларды көбейту, арнайы мемле­кеттік жәрдемақыны жоғары­лату отбасы және балаға байла­нысты мемлекетіміздің саясаты­ның басты мәселесі екенін атап өтті. Елдегі демографиялық өзгерістерге төмендегі жағдай­лар үстеме болуда: біріншіден, дәстүрлі қазақстандық қоғамда әйелдер саны әлі де еркектерден басымдық танытып тұр. Ген­дерлік теңсіздік салдарынан ерлердің өлімі көбейіп барады. Бүгінгі отыз жастағы он аза­мат­тың төртеуі алпысқа толмай қайтыс болып кетіп жатыр. (38,7%). Соның ке­сі­рі­нен же­сір­лер мен жетім балалар көбеюде. Содан отбасына кіріс кеміп, балаларға білім алуға мүмкіндік азайып, тіпті жұмыс­сыздықтың өсуіне алып келуде. Екіншіден, халықта өлім-жітім әлі де бар­шылық. Оның басты себебі – жүрек-қан тамырлары ауру­лары, жарақат алу мен уланып қалу, т.б. болып тұр. Экологиялық хал-ахуал да халыққа кері әсерін тигізуде. Үшіншіден, азаматтық некеден туған некесіз балалар көбейе түсуде. Биылғы жылғы Ел­басының Қазақстан халқына Жолдауында да әр адамның, әрбір отбасының, бүкіл халық­тың әл-ауқатын одан әрі көтеруге бағытталған игі істер белгіленген. Сон­дық­тан да отырыста талқыланып жатқан мәселе орынды және ол елімізде атқарылып жатқан игі істерге өз ықпалын тигізеді  деп сенім білдірді министр. Елбасымыз биылғы Жол­дауында: “Алда тұрған онжыл­дықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азамат­тарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту. Ел халқы санының 2020 жылы 10%-ға өсуі үшін мемлекет барлық қажетті жағ­дайларды жасайтын болады”,  деп атап көрсетілген болатын.  Олай болса, Қазақстан дамуын­дағы басым бағыттың бірі – қоғамдағы отбасылық саясаттың дамуы, әрбір адам үшін отбасы махаббаттың сар­қылмас қайнар көзі, бір-бірін қолдау, отбасын­дағы саламат­тылық, өзара түсіністік пен адалдық”, – деді өз сөзінде Мәжілістің Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева.  Отбасы — қоғамның негізгі ұясы, ол – кішігірім мемлекет. Сондықтан, мемлекет отбасына ерекше қамқорлықпен қарайды, мүмкіндігінше оған көмек көрсетеді, кімнің де болсын отбасының ішкі мәселелеріне заңсыз араласуына жол бермейді. Сонымен қатар, басқосуда басқа сөз алғандар Қазақстан Республикасындағы отбасы туралы заңнаманы жетілдіру, еркектер мен әйелдердің репро­дуктивті денсаулығын жақсарту, экономикалық қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер және оларды қазіргі заманғы өмірге енгізу, отбасы­ны қолдау мен демографиялық проблемаларды шешудің ха­лықаралық тәжірибесі, сондай-ақ “Әкелер мен балалар” зерт­теуінің нәтижелері: әкелердің отбасындағы балалар тәрбиесіне әсері  және т.б. мәселелерге тоқталды. Отырыстың қорытындысы бойынша отбасылардың жағ­дайын, олардың мәртебесін нығайту, ел Президентінің халық санын көбейту туралы жүктеген міндетіне сәйкес де­мографиялық ахуалды жақсарту мақсатындағы ұсыныстар қабылданады.