Өнер • 21 Тамыз, 2023

Шолпан атадан жеңіспен оралды

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасының Шолпан ата қаласында «Makin Asia» ІІІ ха­лықаралық фестивалі ұйымдастырылды. «Рухорда» мәдени орталығында өткен әншілер байқауына Мәдениет және спорт министрлігінің ықпалымен, облыс әкімдігінің қолдауымен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның солисі Айна Қалмағанбетова қатысып, жеңіспен оралды.

Шолпан атадан жеңіспен оралды

Үш күнге созылған өнер додасына Мажарстан, Түркия, Босния және Герцеговина, Болгария, Словения сынды елдердің өкілдерімен қатар Азия мемлекеттерінің де үкілі үміттері қатысып, өнерін ортаға салды. Жалпы, 18-35 жас аралығындағы 17 жас орындаушы топқа түсіп, жеңістің биік тұғырынан көрінуге ұмтылды.

13 мемлекеттің әншісі сынға түскен, Ыстықкөл жағасында өткен байқаудың алғашқы бөлімінде жамбылдық жас әнші А.Қалмағанбетова Төлеген Мұ­хамеджановтың «Құс жолы» әнін шырқап, Ыстықкөл жағалауына жи­налған жергілікті өнерсүйер қауымның зор ықыласына бөленсе, байқаудың екінші кезеңінде Эрик Карменнің әйгілі «All by myself» әнін өте жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасын таңғалдырды.

Байқау қорытындысында әулие­аталық әншінің кәсіби орындаушылық шеберлігін жоғары бағалаған қазылар алқасы Айна Қалмағанбетованы бас жүлдеге лайық деп таныды. Қысқасы, ол өнер додасында жеңімпаз атанып, 5 мың АҚШ долларының сертификатын иеленді.

«Makin Asia» музыка фестивалі алғаш рет 2013 жылы ұйымдастырылған болатын. Аталған байқауда бүгінде атағы жер жүзін шарлаған Димаш Құдайберген топ жарған. Үшінші рет өткізілген халықаралық фестивальда екінші мәрте қазақ әншісінің жеңіске жетуі зор табыс екені даусыз.

 

Тараз