Аймақтар • 21 Тамыз, 2023

Әжелер байқауы

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақ кимешегімен алыстан Ала­таудай көрінетін ақ жаулық­ты әжелерімізде кешегі ата-бабаларымыздан қалған сарқыт бар. Ол ұлттың салт-дәс­түріне тамызық болар тәлім­ге толы. Мұны Жетісу төрін­де өткен «Әжелер әлемі» байқауын­да бай­­қадық.

Әжелер байқауы

«Қарқара жаулық, кимешек, жырға өзек болған, күйге сеп» деп ақын­дары­мыз жырлағандай, кимешегін кірлет­пей, көңіліне кір шалдырмай жүрген сол ақ самайлы аналарымыз жуырда өнер бәсекесіне түсті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйым­­дастыруымен өрнек тапқан «Әже­­лер әлемі» байқауы қызықты өтті. Ба­ласын қанаттандырып, неме­ре мен шөбересін баулып отырған об­лы­сы­мыздағы белсенді әжелер дода көрігін қыздырып, бес кезең бойынша жүйрікті анықтады.

Аталған іс-шараның басында об­лыстық Ардагерлер кеңесінің төраға­сы Ермек Келемсейіт сөз алып, ру­ханияттың өрінде, өнегелі өмірі­міздің төрінде тұрған аналардың қоғам­дағы орнын, парқы мен нарқын салмақтап, барша анаға сәттілік тіледі.

Жарыс шарты бойынша өзін таныстырып, өнерін, ұлттық салт-дәс­түрімізден көрініс, қолөнер туындысын көрсеткен әжелер, өз кезегінде дәстүр бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Өткеніміздің өнегесін дәріптеп, өз өнерлерін көрсету, бойындағы мейірімділік пен ізгілік қасиетін сайыс арқылы көрерменге дарыту мақсатында ұйымдастырылған бұл додада қазылар алқасының шешімімен Көксу ауданының атынан сынға түскен Макура Нүсіпова әжеміз 3-орын иегері деп танылды. Ескелділік Жақсыхан Тұрысбек әжей 2-орыннан көрінсе, өнерімен оза шапқан текелілік Оралтай Әлиева әжей жарыс жеңімпазы деп танылды.

Жарыс негізіндегі ақшалай сыйлық­тарға ие болған жүлдегерлерден бөлек, байқауда белсенділік танытқан өңірдегі әжелер ынталандыру сыйлығына ие болды. Олар да қаржылай сыйақымен марапатталды.

 

Жетісу облысы