Әдебиет • 21 Тамыз, 2023

Жыршылық өнердің мәртебесі қандай?

423 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Көмекей әулие» деген сөз бар. Бұл Бұқар жырауға қатысты айтылған. Көмейі бүлкілдеп сөйлегенде аузынан алтын төгілгендей, айтқаны келіп отырады екен. Сонымен қатар Қазақ даласында көмейін бүлкілдетіп қойып таңды таңға ұрып жыр айтатындар бар. Оны тұма бастауынан тартсаңыз, томдарға жүк.

Жыршылық өнердің мәртебесі қандай?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Сол көне сарынды ұстаушылар қазір бірен-саран ғана. Саусақпен санап алатын шығарсыз. Қатары сирейтін себебі, ұлтқа керегі бар рухани дүниелер мен оларды осы күнге жеткізушілерді керек қыла бермейміз, мәртебесі жоқ, заңмен қорғалмаған. Әлгіндей көне мұраны жеткізушілер азайып, біртіндеп табыс көзі бар бұқаралық өнерге бет бұрмай қайтсін? Әрине, қарынның тоқтығынан емес, амалдың жоқтығынан жүрегін тулатып, көмейін бүлкілдетіп салған өнері бола тұра далада қалып бара жатқандықтан. Қорғаусыз, панасыз аштан өлуі керек пе олар сонда? Бүйтіп жатқандар тек көмеймен ән салып, жыр айтушылар ғана ма? Әлемнің ешбір елінен табылмайтын сонау Сыр бойы, батыс жағының күңіренген ұлы сарындары, жыраулық, жыршылық өнер, Қаратау, Арқа, Жетісу, Атырау, Маңғыстау жерінің күйлері, тағы басқа мұралар заңмен қорғаусыз жатыр. Осы уақытқа дейін өлтірмей келушілер орындаушылар мен оны тыңдаушы халық қана.

Ұлт жаны­ның ұйытқы­сы – ұлы өнер неге өгейдің күйін кешті? Осыны жыл басында Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Депутат «Мәдениет туралы» заңымызда балет бишілерінің айрықша мәртебесі туралы жазылса, тұ­жы­рымдамада мектеп жасындағы ба­ла­ларды балет пен операға апару ар­қы­лы олардың «көпмәдениетті тұл­ға­сын қа­лып­тастыру» көзделгенін атап көрсетті.

«2022 жылы Қазақстанда «Оқу­шының мәде­ни нормативі» деп аталатын құжат қабылданған екен, сол жерде сөзбе-сөз осылай жазылып тұр», деді өзінің сауалында депутат. «Және бір мысал, бізде жырдың онда­ған түрі бар. Өңірлерге байланысты бірнеше мектепке бөлінеді, олардың ішінде көне заманнан келе жатқан жыр­лардың жөні бөлек.

Көршілес қырғыз елінде «Ма­нас» эпо­сы туралы арнайы, өз алдына бө­лек заң бар, ал әзербайжан бауырлары­мыз «Әзербайжан халқының фолькло­рын қорғау туралы», «Әзербайжан хал­қының кілем тоқу өнерін қорғау және да­мыту туралы» заңдар қабылдап тас­таған. Ал біздің заңнамада «жыр», «жыршы», «жыршылар» туралы, жалпы қазақ хал­қының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ.

Ең қиыны, жырды жалықпай тың­дай­тын орта жоғалып барады. Біле біл­сек, қазақ жырында ұлттық кодымыз жа­сырынып жатыр! Егер қазақтың жыр­­шылық өнері жоғалатын болса, ұлт­­тық мә­дениетіміз орны толмас апат­қа ұшы­­райтыны анық. Сондықтан ел ішін­­дегі жыршыларды іздеп тауып,­ Берік Жүсіп сынды мықты мамандарды қолдап, бұл салаға тың серпін беру керек. Жыршылық – мәртебелі кәсіпке айналса, жас ұрпақты жыр тыңдауға қалып­тастыра білсек, патриоттық тәлім-тәрбиеден бөлек, телефонға тел­міру сынды ғасыр дертіне де бір тосқауыл жасар едік», деп кесіп айтты депутаттық сауалында.

Осы орайда біз атақты эпик жыршы, фольклортанушы Берік Жүсіпті әңгімеге тартқан едік. Бұл кісі мәселені тамырынан тартып, жіктеп берді.

«Жыршылық құбылысқа қа­тысты мәселе түйінін бізбен бай­ланыстырған Абзал Құспанға ілти­пат, әрине. Айтып отырғаны сақ­тап, қолдап, қайта жаң­ғыртудың жайы ғой. «Үмітсіз – шайтан», десе де өте қиын шаруа. Бұған байла­нысты ерте дабыл қаққан елдер де (Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, т.б.) толық үдеден шыға алмай отыр. Өйткені жыршылық дәстүрдің семуі бізде ғана емес, баршаға тән. Бірталай жұртта болған құбы­лыстың тағдыры қазір жал­ғыз қадаға байлаулы. Саланы сал­ғастыра зерттегенде көзімнің жеткені, біз жыршылық өнерді құрайтын мың сан мәселені зерттеу мен қайта тірілтуде дер кезінде қолға алатын шаруадан ғасырға кейіндеп қалдық. Сіздер «Қолды мезгілінен кеш сермеп» отырсыздар. Мына тұрған Ресейде, осыдан жүз жыл бұрын лақтырған таяғың сказительге тиетін. Ал қа­зір ше? Біз түгілі, қалың орыс та сол сказительдерінен ақи-тақи қол үзіп, жер сипап қалды. Басты себептің іргесінде халық­тың ықылас, құлқы, тыңдау мәде­ниетіне қатысты түйткілдер жатыр. Тыңдалмаса сөз же­тім. Ал елдің ықылас-құлқын оятып, тың­дау мәдениетін қалыптастыру үшін жоспарлы жүйе керек. Ол болған күннің өзінде, байырғы эпикалық жыршылық толық тірі­ліп, төрт аяғын тең басып кетуі күмәнді. Өйткені қазір өнердің қай түрі де сахналық сипат алып кеткен. Ал жыршылықтың осы күйге түсуіне белгілі бір саланы күстаналау нәтиже бермейді.

Сөз жоқ, алдымен оларға «Қа­­зақ­­станның халық жыршы­сы» деген мәр­те­бе (статус) беру­дің жайын қарасты­рып, заңдас­тыруды күн тәртібіне қою қажет-ақ. Өйткені бұл – айдың, күннің аманында ұлттың көз алдынан жылыстап бара жатқан құндылық. Есіңізде шығар, бір кезде қазақ поэзиясын дамытуға үлес қосқандарға беретін «Қазақ­станның халық ақыны» деген құр­метті атақ болатын. Кейін мұ­ны сиырқұйымшақтанды­рып жіберді. Жойылып бара жат­қан қазақ эпикалық жыр­шы­лық өнерін қайта дамыту үшін, мүм­кін, осындай қа­дамдарға бару керек шығар? Мен Президентке осы мәселені құ­лаққағыс еткен болар едім. Өйт­кені жыршылық өнер ұлттық идеяға суарылған идеология­дан тамыр тартады. Тап осындай абыржы кезеңде, идеологтер осы құралды кеңінен пайдаланса игі. Ол үшін алдымен жыршының сөз қоры (репертуары) соған лайық болуға тиіс. Бүгінгі таңда бізде ондай санатқа сай, эпикалық репертуармен (батырлық, қаһармандық, тарихи, лиро-эпостық жырлар) мұздай қаруланған халық жыршысы бар ма? Мәселенің бұл жағын да жан-жақты ойластырған дұрыс шығар. Әйтпесе, құр бос дабыра, ұран-сүренмен шаруа бітпейді ғой.

Жалпы, халық қалаулысы кө­терген мәселеден кейін де жағ­дай жым-жырт. Былайғы жұрт мұндайға жеңіл қа­рай­ды. Абай данышпан «Сөз түзелді, тың­даушы, сен де түзел» деп жүз жыл бұрын дабыл қақты. Негізі жыршыны қалыптастыратын сауатты орта. Басқаны айтпағанда дәл қазір бізде дайындығы жан-жақты, кемел орта бар ма? Қалай десек те эпикалық орта жоқ жерде эпи­калық жыршылық өнер­дің дамуы мүмкін емес. Қауіп еткеннен айтылған жайттар­дың түйінін қазір көзіміз көріп отыр. Конституция жазылады, ал адам­ның болмыс-жадын ұс­тап тұратын қасиет жылдар бойы жүре қалыптасады. Сол қа­лып­тастырғыш құралдың аты – жыр, иесі эпик жыршы еді. Амал қанша, асылдың бәрі «бәлду-бәлду, бәрі өтірік» күйде тұрған соң. Есіңізде болсын, ендігі жерде ешқандай концерт, байқау, фестиваль атаулы жыршылық өнерді қайта түлетіп, бәз қалпына келтіре алмайды. Бұл өнердің бар болуы, сақталып қалуы жеке тұлғаның бас амандығымен байланысты. Мен білетін ендігі қалған шешім жолы: балабақша мен мектепке, сондай-ақ көгілдір экранға лайықталған ар­найы бағдар­ла­ма жасалуға тиіс. Асылымыз­­­ды мүмкін сонда сақтап қалар­мыз, егер ырғалып-жырғалып жүріп, кешігіп қалмасақ», дейді Б.Жүсіп.

Мұнда екі тараптың тәуелсіз пікірі, бірін-бірі толықтырып тұр. Депутат пен жыршының сөзі бір жерден шыққан соң шешімін тап­пас мәселе емес сынды. Абзал Құспан «Біздің заңнамада (Мә­де­ниет туралы) «жыр», «жыршы», «жыршылар» туралы, жалпы қазақ хал­қының дәстүрлі мәде­ниеті мен өне­ріне қатысты бір ауыз сөз жоқ!», деп ұлт мұра­сы­ның заңмен қорғалуын, жыр­шы­лардың мәртебе алуын көздеп отыр. Бұл салаға бар өмірін арнап, зерттеу еңбегін жазған Берік Жүсіп болса, мәселенің шешілу жолын іздестіреді. Балабақша, мектеп жасынан қолға алынбаса жағдай оңалмайтынын айтады. Жыршының бұл ұсынысы орынды, себебі ертедегі қазақ балалары ертегі, жыр тыңдап есей­меуші ме еді? Махаббатын, елін, жерін сатпайтын ерлік, батырлық рухта. «Абай жолында» ақынның оқыған кітаптарын жол-жөнекей естіп алып, күллі ауыл жастарына қайта әңгімелеп беретін Бай­мағамбет әңгімеші, Барлас пен Байкөк­­ше ақындар­дың кіріктірілуі тегін емес. Оның үстіне 90-жылдар­дың соңына таман бастауыш сы­ныпта оқыған бізге ән-күй пәнінен консерватория бітіріп келген музыкалық сауаты жоғары Жет­пісбай атты мұғалім сабақ бергені есім­де. Сол кісі «Алпамыс батыр» жырын маг­нитафон әкеліп, аудиожазбадан тың­датқаны күні бүгінге көкейімде. Мақамы мен сөзіне шейін жадымда сайрап тұр. Ол кездегі әсер бөлек әңгіме енді. Демек жыршының бастамасы­мен келіспеске болмайды.

Біз жыршылық өнер туралы пікірін білу үшін бел­гілі жыршы, ғалым Елмұра Жаңа­бергенге хабарласқан едік.

«Бірқатар жыршылар мәде­ниет қай­раткері, мәдениет сала­сы­ның үздігі деген­­дей атақтарды алып жүр. Жыршы, жыр­­шы, күй­ші деген атақты ертеде халық ара­­сындағы беткеұстар тұлғалар бе­ре­­тін болса керек. Қазір мұны уни­­вер­­ситет, консерватория беріп жа­­тыр. Лайық­тысы, лайықсызы бар, жыршы, күйші, әнші аталып ке­­те­тіндері қаншама? Мәселен, мем­­лекет жыршы деген атақты қай­­тарса болар еді. Қырғыздар ма­­нас­­шыларын қалай дәріптейді? Өз­бек­­стан, Қарақалпақстан бақ­шы­­­лары (жыршы) мен мақам­шы­ла­­ры­­ның арнайы академиялары бар. Мемлекеттік тұрғыда көңіл бөледі.

Ертеде қазақ жыршылары ханнан ке­йін­гі адам болған. Бүгінгі жыршыларды бұрын­­ғыларымен салыстыруға болмай­ды. Бірақ олар да халықты ұйытып, насихат айтып, таңды таңға ұрып жыр­лайды. Елдік сананы қа­лыптастыру­да орны зор. Мем­лекеттік, ха­лық­тық сана­ның ұйыт­қысы есе­бінде. Алайда олар­ды біз өнер­­паз ре­тінде ғана қабылдап отыр­­мыз. Қайсыбір жыршыларды тың­­дай қал­­са­ңыз, депутаттардан ар­тық әңгіме айта­ды. Мәдениеті, рухы өте жоғары. Жас­та­йынан ұлт­тың асыл қасиеттерін бо­йы­на сіңіріп өскен, халықтың жанашыры ретінде қалыптасқан тұлғалар. Сондықтан жыршыларды құр­меттеп, мемлекеттік марапат берсе, өте керемет болар еді. 

Жыршылық өнерді балабақ­шадан бастап тыңдатқан жөн. Бесіктен, ананың құрсағынан жыр мақамдары арқылы ұлт қасиетінің нәрін сіңіре бастаса артық емес», дейді Елмұра жыршы.

Қазақ барда, оның қасиетті тілі барда жыршылық өнер өлмейді. Алайда қазір белгілі бір өңір немесе ортада ғана сақталып, оқу орындарында дәріп­теліп, аудиториясы шектеліңкіреп қал­ған. Ұрпақ бойына ұлтжандылықты дары­татын ұлы өнерді мемле­кеттік дең­гейде қастерлеп, жүйелі насихаттау теті­гін бүгін таппаса, ертең кеш болады. Сонда біз ұлттық бай мұрамызды сақ­тап қана қоймай, балабақша, мектеп жа­сынан мемлекетшіл рухта елдік сананы ту еткен ұрпақ тәрбиелеп, жарқын болашақтың негізін бірге қалаймыз.