Әуелгі бағыт – Ұлан-Батыр
Алматы әуежайында бас қосқан делегация мүшелері Моңғолия елінің астанасы Ұлан-Батырды бетке алды. Делегация басшысы «Отандастар қоры» қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы алдағы құрылтайдың мән-маңызы мен шаралар жөнінде қысқаша мәлімет берген соң, бәрімізді бір-бірімізбен таныстырып шықты. Мәжілістің үш бірдей депутаты Жарқынбек Амантай, Үнзила Шапақ және Нұргүл Тау – кезінде Моңғолиядан қоныс аударған қандастарымыз. Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы – Моңғолия қазақтарының атамекенге алғашқы көшін бастауға ықпал етушілердің бірі, «Отандастар қоры» қоғамы президентінің кеңесшісі Қалыбек Қобыландин – Қазақстанның Моңғолиядағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі болған азамат. Журналист-жазушы, белгілі саясаткер Марат Тоқашбаев, көші-қон саясатының жанашыры Ауыт Мұқибек және «Отандастар қоры» қоғамының қызметкері Лаура Болатпен қатарымыз толықты.
Моңғолия астанасына түн ортасында жаңбырлатып жеттік. Қонақтарды құрақ ұшып күтіп алған елшілік қызметкерлері Шынар Жұматаева мен Арман Мұратбекұлы бізді қала орталығындағы «Спрингс» қонақ үйіне жайғастырды.
Налайх. Налайхқа барайық
Моңғолиядағы қандастарымызбен кездесу Налайх ауданында басталды. Аудан орталығы Ұлан-Батырдан 40 шақырым жерде орналасыпты. Негізінен кеншілер мекендейтін шағын қала екен. Бес мыңнан астам қазақ тұрады десті.
Делегация құрамы Қазақстанның Монғолиядағы елшісі Ғ.Қойшыбаев бастаған елшілік қызметкерлері және Мимар Синан университетінің (Түркия) профессоры Әбдіуақап Қарамен толыққан соң аттың басын аудан әкімдігінің ғимаратына тіредік. Осында аудан әкімі Ч.Раднаабазар бастаған аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өтіп, емен-жарқын сұхбат құрдық.
Абзал Сапарбекұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалымен бастау алған Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының мақсат-мұраттары туралы кеңінен баяндап берді.
Осыдан соң тобымызды жазбаған қалпымыз Мәдениет үйіндегі жұртшылықпен жүздесуге келдік. Ақ кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар атамекеннен келген қонақтарын шашу шашып, нағыз қазақы дәстүрмен қарсы алды.
Делегация мүшелерін елең еткізген бір жайт «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымы едәуір тірліктер атқарып жатқандығы болды. Осы қоғамдық ұйымның белсенді мүшесі Жеңісбек Қабидоллаұлы Қазақстан Президенті атынан Моңғолиядағы қазақ тілі мен мәдениетінің сақталып, кеңінен насихатталуына және қазақ-моңғол қарым-қатынастарының нығаюына қосқан үлесі үшін Алғысхат және төсбелгімен марапатталды. Ал Налайхта қазақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттаушы, қазақы нақыштағы қолөнер шебері Сайлау апа Түлкібайқызы мен «Қазақ азаматтарының даму ұжымы» бейресми ұйымының мүшесі Төлегетай Желбубайұлына Абзал Сапарбекұлы «Отандастар қорының» Алтын медалін тағып, ел сәлемін жеткізді. «Ел бірлігі» орталығында домбыра және қазақша сөйлеу курстарының жұмыстарымен таныстық. Орталық қызметкерлері ауылда қазақ балабақшасының жоқтығын, жас бүлдіршіндерге арналған түрлі-түсті сурет кітапшалардың және қазақ тілі мамандарының жетіспеуін қабырғалары қайыса отырып әңгімеледі. Қонақтар білім, әдебиет, өнер салаларында екіжақты тиімді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру туралы ойларын ортаға салды. Депутаттар дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастардың әлеуметтік мәселелерімен бірге шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуы мен стипендия мүмкіндіктері туралы, көші-қон мәселелері хақында алдағы уақытта қолға алынар шаралар туралы айтты.
Айту оңай-ау, біз бұл орайда Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің алдында шаш-етектен шаруалар тұрғанын жон-арқамызбен сезіндік. Осындай батпан жүкті мемлекеттер арасын жол қылып, бір елден бір елге қайғысыз-қамсыз көшіп жүре беретін елшілер де сезінсе ғой, шіркін! Түркиядағы елшілік қызметі тұсында талай игі шараларды атқарған Абзал Сапарбекұлы да екеуара әңгіме барысында бұл салада қолға алатын, атан жілік жігіттерге жүк боларлық істердің аз емес, «Отандастар» қорының осы орайда алға қойған мақсаттарын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келе жатқанын айтты.
Әлемдегі ең алып ескерткіш – Шыңғысхан!
Налайхтағы ат төбеліндей ғана қандастарымыздың көл-көсір пейілінен де, ағыл-тегіл ақ дастарқанынан да мейлінше тоят тапқан біздер қайтар жолда әйгілі Шыңғысхан ескерткіші мен Тоныкөк кесенесіне бардық. Екеуі де ерекше әсер етті.
Шыңғысхан ескерткіші туралы айтып та, жазып та жатыр ғой. Біз де аздаған өз пікірімізді хатқа түсірдік.
Әлем әміршісіне дәл осындай алып кесене-ескерткіштің тұрғызылуы, әрине, заңдылық деп қабылдадық. Ескерткіш дөңгеленген үлкен мұражай-сарай үстіне орнатылған. Әуелі мұражай ішіндегі жәдігерлермен таныстық. Кіре сала көзге бірінші түсетіні – алып етік үлгісі. Иә, кәдімгі жарты дүниені табанымен таптап өткен көшпенділер әскерінің қайқыбас етігі. Оның қасында қамал бұзуға арналып, екі басы темірмен көмкерілген ұзын бөрене. Бөрене үстінде үлкен кенепке Шыңғысханнан кейін хандық құрған 35 мұрагерінің портреттері. Бір қызығы, арасында Бату мен Жошының суреттері жоқ...
Ескерткіш алапат алып болған соң ба, көз сүріндірер көркемдік негіздерін байқай алмадық. Әлемге әйгілі ескерткіш-кесененің басты ерекшелігі ғаламат биіктігі ғана сияқты. Авторлар ұжымы алыстан асқақтап көзге түсетін алып ғимараттық сипатына басымдық берген-ау деп ойладық. Компьютерлік-стандарттық шешім көзге ұрып тұр.
Тоныкөкке тәу еттік
Қайтар жолда Тоныкөктің жазба ескерткіштері сақталған алаңға бардық. Күлтегін мен Білге қаған бітіктастары бұл арадан 700 шақырымдай қашықтықта болғандықтан бұл жолы оған барудың сәті түспеді. Тоныкөктің бітік жазулары қашалған тастар уақытша жабық бір ғимарат ішіне жиналыпты. Болашақта бұл арада үлкен кешенді мұражай салынбақшы екен. Тастардағы бітік жазбалар ғасырлар бойы ашық аспан астында жатқандықтан әбден көмескілене бастаған. Құрылыс жұмыстарын «Тико» атты түрік компаниясы қолға алған.
Көзімізге шалынған қызық көрініс кесенеден оңтүстік шығыстағы тау беткейлеріне қарай созылып жатқан әртүрлі қалақ тас қирандылары болды. Ұзынды-қысқалы тас үйінділері түзу сызық бойымен бірнеше шақырымға дейін шұбатылып жатыр. Мұның құпия сырын археолог-ғалымдар осы уақытқа дейін әлі таппаған деседі...
Осы өңірдегі күллі түркі жазулары мен ескерткіштерін зерттеп, әлемге танытып жатқан түркі тектес елдер мен батыс ғалымдары. Соңғы жылдары бас кеңсесі Астанада орналасқан Халықаралық Түркі академиясы қазба жұмыстарын жүргізіп, қаншама құнды мұраларды тапты. Тоныкөк мұраларына жанашырлық танытып, білек сыбана іске кірісіп отырған бауырлас түрік елі...
Ақордадан жеткен марапат
Келесі күні кіші құрылтай аясында Моңғолияның ұлттық университетінде «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Біршама құнды ұсыныстар ортаға салынды. Түрлі деңгейде баяндамалар жасалды. Қазақстан депутаттары Қазақстан-Моңғолия Парламенттік достық тобының күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешуге уақыт оздырмай кірісу керектігін айрықша атап өтті.
Осы іс-шарада қазақ-моңғол қарым-қатынастарының дамуына, халықтар достығын нығайтуға қосқан аса зор үлесі үшін бір топ қазақ, моңғол қайраткерлері Қазақстан Президенті Жарлығымен Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Ел Президенті қол қойған, еліміздің Ақордасынан жеткен марапатты иелену, әрине, жүректерге шуақ себер тебіреністі сәт еді.
Марапатталғандардың барлығын тізіп көрсету шарт емес шығар, дегенмен бірқатар азаматты атай кетуді жөн көрдік. Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралының депутаты, моңғол-қазақ Парламенттік достық тобының тең төрағасы Бәделхан Қабдыісләмұлы «Достық» орденіне, Моңғолия Ұлы мемлекеттік хуралының экс-депутаты, саясаткер Тілейхан Әлмәлікұлы мен Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, ғалым, РhD докторы Зұлпықар Сарқытұлы «Шапағат» медаліне ие болды. Бұдан бөлек, тағы да ондаған азаматқа Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысхаты және төсбелгісі табысталды.
Дөңгелек үстел соңынан жергілікті қаламгер Сұлтан Тәукейұлының «Сеңгір таулар» кітабының тұсаукесері өтті. Автор бұл романын қазақтардың Моңғолиядағы тарихын, тұрмыс-тіршілігін моңғол оқырмандарына жете түсіндіру үшін аталған ел тілінде жазып, соңынан өзі қазақшаға аударғанын айтты. Осыдан соң Сұлтан Тәукейұлына Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билеті салтанатты түрде табыс етілді.
Өзіндік «Саяси бюро»
Монғолияның Ұлы мемлекеттік хуралының төрағасы Г.Занданшатардың қабылдауы түскі ас барысында жүзеге асырылды. Әдетте, қасаң қағидаларға негізделген ресми қабылдаулардан гөрі дастарқан басындағы әңгіменің анағұрлым өзгешелеу әрі қызықты болатыны белгілі.
Г.Занданшатар мырза амандық-саулықтан кейін аудармашыға уақыт шығындамай екі жаққа да түсінікті орыс тілінде әңгімелесуге рұқсат сұрады. Төраға біз бас сұққан салтанатты бөлмеде баяғыда кеңес одағы саяси бюро мүшелерінің ас ішкенін еске салды. Өз кезегімізде біз де өзіндік «саяси бюро» екенімізді, яғни кіші құрылтай мүшелері екенімізді қалжың ретінде айтып, бір күлісіп алдық. Аста-төк ас мәзірлерінсіз, қарапайым үкіметтік дастарқан жайылып, емен-жарқын әңгіме тиегі ағытылды.
Отырыс соңынан төраға ерекше ықыласты пейілмен қонақтарға естелік-сыйлықтар тапсырып, бірге суретке түстік.
Баурайы көркем Баян-Өлгей
Осы күні кешкісін Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының Баян-Өлгейде өтетін негізгі іс-шараларына қатысу үшін Астанадан Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ұшып келді.
Ұлан-Батырдан Шыңғысхан атындағы халықаралық әуежайға барғанша ұзын-шұбақ кептелістен көз аша алмадық. Әу баста мұндай көлік тасқынына есептелмей салынған қала, машиналар ағынына әрең-әрең шыдас беріп тұр. Бұған жауынды күндері қала көшелерінің суға толып кететіндігін қоссаңыз, мәселенің ушыға түсерін ұға аласыз. Осы орайдан да болар, Қазақстан тәжірибесіне сүйеніп, астананы кең жерге көшіру мәселесі де Моңғолияда оқтын-оқтын көтеріліп жүргенін естіп қалдық. Біз мінген көлік қаладан шыға алмай қиналса, кіре алмай тұрған темір тұлпарлар тығыны екі-үш шақырым тізбекті құраған. Бір сағат кешігіп, Баян-Өлгейге ұштық.
Мұнда да ақ самайлы әжелер шашу шашып, ақ сақалды аталар алақандарын ала ұмтылып, ақжарылқап пейілмен қарсы алды. Қуаныштан жанарлары жасаураған қайран бауырлардың құшағы қандай ыстық еді!
Баян-Өлгей Бөкентау деген таудың баурайындағы етек-жеңі жинақы, шағын қала екен. Қазақ кәсіпкерлері тұрғызған он қабатты «Медиана» қонақ үйіне орналасқан соң аймақ әкімі А.Камелияттың қабылдауында болдық. Одан соң құрылтай аясында өткен тоғызқұмалақ, қазақша күрес, асық ату жарыстарының жеңімпаздарын марапаттау шарасына қатыстық.
Ертесі Баян-Өлгейдің Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы драма театрында құрылтайдың кезекті әрі негізгі іс-шаралары басталды.
Баян-Өлгейде біздің қатарымызға Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ғ.Сарыбаев, Мәжіліс депутаты Б.Керімбек және С.Тау бастаған қазақ кәсіпкерлері, сондай-ақ Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің басты труппасы қосылды.
Театр сахнасының мінберіне көтерілген М.Отарбаев Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайына құттықтауын жеткізді. Моңғолия Президенті У.Хүрелсүктің құттықтау хатын Моңғолияның Мемлекеттік Ұлы Хуралының депутаты Т.Әубәкір оқып берді. Салтанатты жиында аймақ әкімі А.Камелият пен «Отандастар қоры» қоғамының президенті А.Сапарбекұлы бастап, құрылтайға қатысушы қоғам қайраткерлері мен кәсіби дипломаттар қостаған шешендер құрылтайдың мәртебелі мінберінен сөз алды. Әрине, әңгіменің ортақ түйіні екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты бұдан да биік деңгейге көтеру үдесіне тірелді.
Осыдан соң құрылтай аясында Құрманхан Мұқамәдиұлы ескерткішінің ашылуы болды. Сондай-ақ Қ.Мұқамәдиұлы және Қ.Құсбекұлы туралы кітаптардың тұсаукесері, сондай-ақ Қ.Құсбекұлы атындағы көшенің ашылу салтанаты биік деңгейде ұйымдастырылды. Осы күні кешкісін Қарағандыдан келген Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің қандастарға арнаған үлкен концерті қойылды. Құрылтай делегациясының жұма күнгі ресми жұмыс кестесі Баян-Өлгей аймағының әкімі А.Камелияттың кешкі қонақасымен түйінделді.
«Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай?»
Осылай Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы Баян-Өлгей аймағында өз жұмысын жемісті қорытындылады. Елшілік қызметкерлері бастаған делегация мүшелерінің бір тобы Ұлан-Батырды, енді бір тобы Алтай тарабын бетке алды. Сөз басында айтқанымыздай, біз ел көру, жер көру ниетімен «Отандастар қоры» қоғамының президенті А.Сапарбекұлы бастаған екінші топқа қосылдық.
Баян-Өлгейдің әкімі нөкерлерімен бірге шекараға дейін келіп, шығарып салды. Моңғолия жақтан Ресейге өтуге кезек қырғын. Бізді әкім халықаралық делегация ретінде кезектен тыс өткізіп жіберді. Сөйтіп түске жақын көркем Алтайдың шығыс аузында отырған Қосағаш ауданына келдік. Жолай Жаңа ауыл деген жерде аял жасап, музейіне бас сұқтық. Мектеп асханасынан түскі ас ішіп, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашаладық.
Қосағашта негізінен екі жұрт өкілдері төсекте бастары, төскейде малы қосылып тұрып жатыр екен. Қазақтар мен телеңгіттер. Телеңгіттер өздерін Алтай ұлтымыз деп таныстыруға құштар екенін байқадық. Ауылдың орталық алаңында сахна орнатылған, қос киіз үй тігіліпті. Біреуін қазақтар, біреуін телеңгіттер тіккен. Егіздің сыңарындай қос ұлттың бір-бірімен ұқсастықтары жетерлік.
Қосағаш ауданының әкімі Серікжан Мұратханұлы төрағасы Санаш Дидунов қонақтарды енді бір кезекте қазақтар тіккен үйге жайылған дастарқан басына отырғызды. Аудандағы қос ұлт өнерпаздарының өнерін тамашаладық. Гиннестің рекордтар кітабына енген телеңгіттердің көмей әуені ерекше тәнті етті. «Тала» халық ансамблінің үш жігіті кезек-кезек дауыс қырылымен үш бөлімнен тұратын ұзақ эпостан үзінді орындады.
Орталық алаңда қарағандылық Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі керемет концерт берді. Алаңға халық сыймай кетті. Өйткені дәл осы күні Ресейде Отбасы күні де аталып өтіп жатыр екен.
Кездесу соңында Қосағаштағы 12 мың қазаққа бас ие болып отырған Серікжан Мұратханұлы мен Санаш Дидуновқа «Отандастар қоры» қоғамының Алғысхаты мен «Алғыс» естелік медалі тапсырылды. Ал осындағы қазақ мәдени орталығының басшысы Арқалық Сұлтанов ҚР Президентінің төсбелгісімен марапатталды.
Күн бата қосағаштықтармен қимай қоштасып, Таулы Алтайдың жолдарымен Барнауылды бетке алып, тартып кеттік. Жол бойы сұлулығы көз алмасын суырған көркем табиғат көріністеріне таңдайдың суын жұтып, тамсанумен болдық. «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай?» деп ыңылдап ән айтып келеміз.
Түс ауа Барнауылға жеттік. Бұл қаладағы қазақтар легі де қандас бауырларын асыға күтіп отырыпты. Қалалық мәдениет үйінде бүкіл сапар бойы бізбен бірге жүрген Тәттімбет оркестрі көрермендерге «Ұлы дала сазы» атты ғаламат концерт тарту етті. Концерт соңында қандастарымыз жүректі шымырлатып, «Атамекен» әнін қосыла шырқады. Делегация басшысы Алтай өлкелік Қазақ ұлттық автономиясының жетекшісі Мұрат Бекмұратовты Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Алғысхаты және төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар бірқатар белсенді азаматтарға «Отандастар қорының» Алғысхаты мен «Алғыс» естелік медалі табыс етілді.
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
ақын