Әскер • 22 Тамыз, 2023

Үздік сарбаздар тегін білім алады

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорға­ныс министрлігіне білім беру жеңілдіктерін ұсыну арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және армияның беделін арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жоба биыл қолға алынып, көктемде мерзімді әскери қызметін өткеріп, запасқа шығарылған азаматтардан жоғары оқу орындарына түсу үшін құжаттар қабылдау жалғасып жатыр.

Үздік сарбаздар тегін білім алады

Бұл жобаның қандай артықшылықтары бар? Бірінші­ден, мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға түсе алады. Ал әскери дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен жастар оқу орны есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Екіншіден, ақылы және тегін оқитын сарбаздардың барлығы өзі таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз қабылданып, тегін оқиды. Үшіншіден, әскерден келген жастар Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз қабылданады. Ол үшін Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде іріктеу жүргізілмек.

Биыл сарбаздар үшін 1 500 орын бөлінген. Қазіргі күнге дейін азаматтық жоғары оқу орындарына 2022 жылғы көктемде әскерге шақырылған 498 сарбаздан құжат келіп түскен. Оның 158-і ЖОО есебінен тегін оқуға, 340-ы емтихансыз ақылы негізде оқуға арналған.

Сарбаздардың іріктелуін ыңғайлы және ашық жүргізу мақсатында Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің жүзден астам әскери бөлімі тіркелген «Срочники 2.0» цифрлық платформасы жұмыс іс­тейді. Цифрлық базада барлық жауынгердің қызмет ат­қару кезіндегі бағалары көрсетілген. Жүйе автоматты түр­де сарбаздардың рейтингін өздерінің қорытынды бағалары бойынша құрып, оларды жоғары оқу орындарына бөледі.

Азаматтық жоғары оқу орындарына түсу үшін құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Ал Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 26 тамызға дейін ұзартылды. Осы орайда әскери мамандықты игеруді қалайтын жастарға еліміздің әскери жоғары оқу орындарында қандай білім берілетіні және нені үйренетіні жайында қысқаша айтып кеткен жөн.

Құрлық әскерлерінің әскери институтында әскери істегі менеджмент бағыты бойынша мотоатқыштар, танк, десанттық-шабуылдау, барлау, зымыран әскерлері мен артиллерия командирлері дайындалады. Логистика бағыты бойынша курсанттар материалдық-техникалық, тылдық, азық-түлік, заттай қамтамасыз ету және зымыран-артиллериялық қару-жарақ мамандықтарын меңгеріп шығады. Сондай-ақ «Әскери істі инженерлік қамтамасыз ету», «РХБ-Әскери істегі қорғау», «Әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс» бағыттары бо­йынша оқытылады.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында радионавигация, радиотехника және инжиниринг, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік жүйелері бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылады.

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты «Әуе кемелерін ұшу арқылы пайдалану», «Авиациялық техника және технологиялар» бағыты бойынша мамандар даярлайды. Сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базасында әскери дәрігерлерді даярлау жүзеге асырылады.

Әскери оқу орнын бітіргеннен кейін түлектер жоғары білім туралы дипломмен қоса, «лейтенант» алғашқы әскери шенін де алып шығатынын айта кеткен жөн.