Мақалада көтерілген келеңсіздік деректері бойынша табиғи ресурстарды пайдалану, реттеу істеріндегі жауапкершілік жүктелген республикалық, облыстық деңгейдегі орындар назар аударып, шара қабылдар деген үміт еді. Содан бері біршама уақыт өтті. Үнсіздік. Соған қарағанда еліміздің бұқаралық ақпарат кеңестігіндегі орны мен сипаты ерекше «Egemen Qazaqstan» газеті ұдайы көтеріп келе жатқан өзекті, алайда құзыретті орындар жағынан естіп, атқаруы жоқ басқа да көптеген өткір мәселе секілді мұның да соңы сол үнсіздікпен аяқталатынға ұқсайды.
Дегенмен Мұғалжарды торлаған мұңның тағы да біріне назар аударудың реті келіп тұр. Ол – таудың атауы туралы.
«Мұғалжар» – ілкіде қандай ресми құжаттың дәлелімен қашан танылғаны беймәлім атау. Зерттеушілер бұрыннан айтылып келген «Мұғаджардың» қашаннан, қалай мәлім екендігіне сүйенетін деректің жоқтығынан дәлдігін айта алмай, Х ғасырдағы араб саяхатшысы Ыдырыстың жазбаларындағы «магур», «магар» атаулы тауларымен байланысы барға меңзейді. Бірақ оның да қисыны келмейді. Қазақ жерін, қазіргі Мұғалжар аймағын кейінірек аралаған бірқатар шетелдік, ресейлік ғалымдардың еңбектерінде көңілге қонатын көптеген құнды дерек кездеседі, бірақ бірде-біреуінде Мұғалжар-Мұғаджар атауы жоқтықтан зерттеулердің қалай жүргізілгені, қандай пікірлер айтылғандығы, қалай талданып, тарқатылғаны зерттеулерде тек болжамды баяндалғандықтан оларды қайталаудың қажеті болмас.
Сонымен бізге әліге беймәлім атауды ХІХ ғасырдың соңынан әріден іздеу ешқандай нәтиже бермеді. Қазақ жерін ресейлік отарлау 1824 жылдан қарқынды жүргені белгілі. 1839 жылы тау аймағында Ембі әскери қарауылы салынып, кейін бекініске айналғанда, ол жерді ішкі Ресейден қаптап жеткен казак-орыстар жаппай қоныстана берді. Осы кезде патша әкімшілігінің жоспарындағы бұрыннан бар Орынбор-Ташкент теміржолын төсеу ісі жүргізіліп, 1904 жылы таудың бойынан өтетін аралығынан станса салынғанда, оны «Мұғаджар» деп атаған. Яғни мұғаджар сөзінің алғаш қағазға түсіріліп, ресми құжатталғаны міне, осы 1904 жыл. Оны патша әкімшілігі қайдан алды, неге сүйеніп атады, ол жағы жұмбақ.
Империяның тұсындағы статистикалық мәліметтеріне назар аударғанда белгілі бір өлкенің сипатталған тұрмыс тіршілігі жан-жақты қамтылып, мұқият талданғаны таңдандырады. Сол мұқияттылық, сөз жоқ, империяның стратегиялық маңызы бар теміржол тарту істерінде де, әрине, сақталған, ол стансаның атауына да қатысты. Жер атауы қай елде де, көп жағдайда, сол орынның географиялық, тарихи, танымдық сипаттарын анықтаумен, айқындаумен ерекшеленеді. Стансаның Мұғаджар атауы да теміржолдың стратегиялық маңыздылығынан, нақ сол жердің сипатын анықтайтындай жергілікті атау екендігіне күмән болмауы тиіс. Яғни Мугоджар – Мұғаджар – сол стансаның тұрған жері немесе жақын маңайының сол кездегі атауы, кейін 200 шақырымға көлбеген көп төбе, биіктіктердің жалпы атауына шыққан...
Жалпы, атау дегеннен шығады, таудың қандайы да әрқайсысының өз алдына дербес атауы бар жеке биіктіктерден, төбе, қырқалардан тұрады; жалпы атауға шығатыны қайда да солардың біреуі ғана. Мысалы, Ұлытау – Кіші тау, Едіге тау... сияқты 230 шақырымға ұласқан тізбектің Жезқазған тұсындағы дербес атауы. Ұзындығы 2 000 шақырымдық атақты Орал – сан-алуан атаулардың башқұрт жеріндегі ұзындығы 200 шақырымдық қана бөлек тауы. Қаратауымыз да сондай. Ендеше, Мұғаджар да ұмытылған, тек бір жерге ғана тән атау. Мұны айтудың себебі, тау атауының төркінін – этимологиясын іздегенде мәселенің осы жағына назар аударудың қажеттігін еске салу. Ал отызға жуық дербес атаулы төбе, биіктіктердің арасында бүгінде «Мұғаджар» деген дербес атаулы жер жоқ. Сонда бір жағынан қазақ ұғымы үшін түсініксіз көрінетін бұл сөз қалай пайда болған. Мүмкін, қазақ жері тарихы «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетіп», ұлы қоныс аударудың ұзақ сапырылысы өткен, сөйтіп келген, кеткен сан-алуан тілдердің бірінен тұрақтап қалған кейін ұмытылған сөз бе екен?
Еліміздің Ғылым академиясында қазақ тіліне тиесілі 2 млн 400 мың сөз қоры жинақталған делінеді. Солардың бәрі бірдей, әрине, бір қазақтың төл лексикасы емес екендігі белгілі.
Қойнауы сансыз игілікке толы, баурайы, сілемдеріне дейін облыстағы барлық дерлік үлкенді, кішілі өзендердің бұлақты бастауы болған таулар тізбегі тек сол «Мұғаджар» деген жалпы атауға шығуымен ғылыми, танымдық айналысқан түсіп, белгілі болды. Шамамен, 70 жыл дәуірлеген кеңес өкіметі жылдарында одақтың әлемге танымал оқымыстыларының жетекшілігімен ғылыми-танымдық маңызы орасан зор «Большая советская энциклопедияның» үш басылымы жарық көрді. Олардың 1926-1947 жылдар арасында жинақтаумен шыққан 66 томдық бірінші шығарылымы, 1938 жылғы басылымның 40 кітабында, 1954 жылғы 51 томдық екінші және 1974 жылғы соңғы басылымдарында Мұғаджар таулары географиялық, геологиялық, флоралық жағынан жан-жақты сипатымен берілген. Тау – Мәскеуден «ғылыми-редакциялық кеңестің» жетекшілігімен жарық көрген «Географический энциклопедический словарь» басылымында да осы атаумен берілген (Москва, 1989. 324 стр).
Алайда орныққан осы атауды бұл қазақ ұғымына келмейді, терминінің мәні түсініксіз деумен елдегі тіл білімі ғылыми институтының бірқатар ғалымдары, өлкетанушылар өткен ғасырдың 70-жылдары шамасынан бұқаралық баспасөз беттерінде өз түсінік, тұжырымдарын айта бастады. Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайылдың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған (12 шілде, 2022 жыл) «Ономастикалық ғылыми орталық қажет» деген материалындағы: «Ал біздің еліміздегі осы уақытқа дейін ономастикалық шешімді кім қабылдап, кім бекітетіні белгісіз» деуіне қарағанда елде бұдан шамамен елу жыл бұрын, сол 70-жылдардағы атау мәселесінің не күйде болғандығын білудің қиындығы жоқ. Сөйтіп, тіл білімі ғылымының өзекті бір саласы – ономастика, оның жер-су атауларымен байланыстағы топонимика тармағы заңды, ғылыми орталығы жоқтықтан әркім өз білгенін тықпалайтын нысанға айналған. Басқа басқа, 1976 жылы жарық көрген ғылыми-танымдық «Қазақ совет энциклопедиясы» жетпіс екі жылдан бергі атауды Мұғалжар деп баяндағасын «айтары бар» әркімдерге не жорық дегің келеді (12 т. 8-кітап, 197-198 беттер). Көп жылдан бері ғылыми негізсіз, болжам түрінде айтылумен ақыры үстемдік алған «Мұғалжар» атауын мақұлдаған соңғы нүктелі пікірді 2011 жылы Алматы баспасынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі кеңестің бекітуімен жарық көрген «Жер-су атаулары» (этимологиялық анықтамалық) кітабы айтты деуге болады. Оның 15-бетіндегі осы тау туралы анықтамада: «Біздің пікірімізше, Мұғалжар атауы таза қазақ тілінің байырғы төл сөзінен қойылған. Атаудың бірінші сыңарындағы мұғал-«мұқал (у)», «мұжыл», «мұқыл» – «доғал», екінші сыңарындағы жар жергілікті тұрғындар тілінде «қабырға» мәніндегі сөз. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан аласа таудың кейбір тұсы қар суы салдарынан мұжылып, мұқалып, құлаған беттері қыр қабырғаланып, алыстан жар қабақ, қабырға болып көрінгендіктен де Мұғалжар аталуы мүмкін (?). Атау мағынасын, оның қойылу сырын әлі де зерттеп, қарастыра беру жөн болмақ» делінген.
Автордың өз пікіріне күмәнмен қарап, әлі де зерттеп, қарастыра берудің қажеттілігіне назар аудартуы, әрине, орынды. Мұның күмән тудыратын жері көп екені көрініп тұр. Жар мұқалмайды, не жарылады, не опырылып құлайды. Екіншіден, бұл тауда қар, су шайған жар жоқ, ертеде мұхит астындағы жанартаудың атқылауынан суынып барып, қандай күшпен де енді кетілуге жоқ магмалық қабырғалы тас қабаттары, жанартаулық басқа да қатты тастар бар; үшіншіден, ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазақ сөзінің түбірі өзгермейтіндігін еске алсақ, «мұқалу» сөзінің түбірі «мұқ» болса, ол «мұға» айналмайды.
Ыдырыс картаға түсірген IX ғасырда Мұғалжар өңірінде, негізінен құмандар иелік еткендігін, оның маңайында оғыздар, қимақтар, қыпшақтар, бұлғарлар болғандығы айтылады. Бұлар негізінен түркі тілді тайпалар болғанмен әр диалектіде сөйлеген, осы жерден өзге жақтарға кетпей қалған, көшпей қалған қоныстас индоирандық кірме тілдермен кіріге байланыстағы өмір болған. Осылайша, индоирандық дегенде, сөз жоқ, ойға соғды тілі оралады.
Соғдылар – түркі жағымен ерте уақыттан тығыз араласқан жұрт. Соғды атауы Күлтегін жырында да бар. «Бірқатар ғалымдардың топшылауында шығыс-иран тілділердің аймағы солтүстік-батысында Орта Поволжье мен оңтүстік Шығысында Арал маңы» (Э.А.Гранатовский, «Ранняя история иранских племен Передней Азии», стр.357). Сонымен бірге иран тілді бағзыдағы Ортаазиялық ұлыстар (Хорезмдіктер, соғдылықтар, бактрлар т.б.) өздерінің кейінгі территорияларына солтүстігі жағынан Арал маңы арқылы, шығысы жағынан Каспий теңізін айналып өтіп келген...» («Индоевропейцы. Кто они? Откуда они? Орлова С., «Знание и сила», №2, 19 стр.1980).
Адамзат тарихындағы тұңғыш трансконтинентальды ұзын қатынас сапары болған Ұлы Жібек жолындағы істерде өзге қай жұрттан да озық тұрып, елеулі рөлге ие болған да соғдылар еді. Ұлы жолдың бойында төртінші ғасырдан көбейе берген соғдылар бара-бара сол жолдың Ұлы Қытай қорғанына дейінгі ұланғайыр аралығындағы қуатты бай қоныстанушыларына айналып сауда, мәдениет, саясат істеріндегі өзекті мәселелерді өздеріне тәуелді етті. Олар әсіресе шығыс түркі және ұйғыр қағандықтарында шешуші рөл атқарған. «Ұйғыр қағанатында елінің негізін құраған тоғыз оғыздармен бірге соғдыларды да ұйғыр этносына жатқызған» (А.Г.Малявский, «Уйгурское государство в IX-ХІI в.в.» Наука, Сибирское отделение, Новосибирск. 1983).
Соғдылар сауда ісімен айналысудың асқан шеберлері болумен бірге, өнер, мәдениетте, қолөнерде, дінді таратуда озық жұрт ретінде тек ұзын жолдың бір қиыры бойында отырып қалған жоқ, Қытай жұртының дәл ортасына дейін, көшпелілердің алыс аймақтарына дейін барды. Олардың Ұлы Жібек жолында ғасырлардан-ғасырларға жалғасқан жемісті істері кезінде Орталық Азияның қай түкпірінде де мойындалып, беделді етті. Орта иран тілінің шығыс тармағына жататын «соғды тілі Орта Азия халықтарының қатынас тіліне айналғаны» («Большая Советская энциклопедия», Москва, 1978. 30 том. 467 стр. «Язык мира») белгілі. Соғдылар VI-VII ғасырларда Түркі қағанатына бағынғанда тілдік қатынас әлеуеті көп уақытқа дейін сақталып қалды. Оның бір дәлелі – нақ сол кездегі Орхон-Енесей ескеркіштеріндегі Бұғыты кешеніндегі жазудың да соғды тілінде екендігі.
Бұлай айтудың себебі, соғдылықтардың тарихын талдау мақсаты емес, ол зерттелмеген, зерттелуін әлі күтулі терең де күрделі тарих, сол өткен көп заманда қытайдың ұлы қорғаны тұсынан көшпелі жұрттың түркілік халықаралық қатынас тілі болғандығын еске салу ғана. Бір орталықтан басқаратын билік жоқ, жалпыны бірдей мәжбүрлейтін ортақ заң жоқ заманда соғды тілі тіптен түркі туыстас ұлыстардың өздері әртүрлі диалектілерде сөлейтініне қарамастан түсінікті тілге айналуы қалай деген сұрақ туатыны белгілі. Бұл территорияда болған шығыс иран тілді хорезмдіктердің, соғдылардың, бактрлықтардың арғы тектері индоиран тілділер делінеді. Халықтар ұзақ тіршілігі, ұзақ өмір көшінде сол скиф-сақ аталған тайпалар әрқилы себептермен жаңа елдер мен жерлерге қоныс аударды, жаңа атауларға ие болып өзгерді, алайда оларды ескі жұртта ел еткен тіл тайпалардың жаңа толқынмен араласып, әрине, көп сөздері сақталып қалды. Ұлы даланың басым бөлігіне иелік еткен біздің, болашақ қазақтардың тілінде осылайша индоарий, иран тілдерінен ілесіп төл лексикамызға айналған сөздер көп. Мысалы, ұлтымызда «Жамбы ату» дейтін мергендік сыналатын ойыны бар. Жамбы атауына «Қазақ тілінің сөздігі» (Алматы, 1999 жыл, 204 бет) мынадай анықтама береді: «Көне, әртүрлі формада қойылған, салмағы әрқалай ақша орнына жүретін таза сом күміс». Ендеше, теңге, немесе күміс теңге ату деуге де болар еді ғой. Мәселе, «Жамбы» сөзінің төркінінде, этимологиясында болып тұр – не сөз, қайдан шыққан атау екендігін білуіміз керектігінде. Сөйтсек ол скифтер сөйлеген индоарий – көне үнді тілінде «ағаштың басында өсіп тұрған жеміс» деген сөз екен. Қазақтың «садақа» сөзі де скиф – сақ дәуірінен бері бар, «садха» – «кедейшілік» деген сөзі. Әдетте, «әке, көке» деп сөйлейтініміз бар, осындағы «көке» ұлы даламызда түркілерден бұрын ғұмыр кешкен әлгі жұрттардан қалған «құдай» деген ұғым.
Кәсібіміз сөзбен байланыстағы қызмет болғандықтан, бірде, әңгімеге араласқан әріптесімізден «қой шопан» дегенін естіп таңданғанымыз бар. «Шопан» қазақ үшін тек қой түлігін бағатындарға ғана айтылатын сөз. Ендеше, әріптесіміздің шопанды қойға қосарлап айтуы қалай? Сөйтсек, «Шопан» қазақтың төл сөзі емес, скиф-сақтардан қалған «бақташы» деген сөз екен, яғни әріптесіміз оны орынды айтқан. Сол сияқты «шалбарымыздың» да төркіні көне замандарда Дұнай мен Дон арасында дәуірлеген скиф-сақтардың сөзі екендігін Украина тарихшылары айтады. Бұл мысалдар Мұғалжар атауының да төркінін сол скиф-сақтық – соғдылық көне дәуірлерден іздеттіреді. Мағынасы, сірә, осы болар деп, бүгінгілерді тоқтатып жүрген «мұқал-мұғал» сөздерінің оған қатысы жоқ екені белгілі болып тұр. Жардың мүжілгенін, мұқалғанын, опырылғанын сипаттайтын «мұқалу» сөзінен «мұғал» пайда болды деу, тек әйтеуір пікір ғана.
Тәжік пен өзбекке ортақ Зеравшан өзенінің сол жақ жағалауының жайылмасындағы аласа төбеде көне Пенджикент қаласынан қалған үйінділер жатыр. Біз жоғарыда әңгіме еткен соғдылардың Орталық Азияда гүлденіп, дәуірлеген, кейін соңғы билеушілері әмірін жүргізген аймағының бірі осы еді. Зеравшан мен қысқа, бірақ тау арасымен аққандықтан асау Құм өзені аралығындағы мүйістің күн қақтаған жартасты биігінде Кала-и Муг деп аталатын ертедегі бекіністің орны жатыр. Біз қайдан білейік, көнеден жеткен жазбалар мен деректерде шашырап жатқан төбелер VIII ғасырда келбеті келісті көркем қала болғаны, әлгі екі өзен аралығындағы биіктегі бекініс Согдиананың ержүрек билеушісі Дивачиштің тұрағы болғандығы баяндалады. Ол, шіркін, несін айтқандай, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай» дейтіндей бақуатты ел, жұрт пен оның әділ, кемеңгер билігіндегі сол жұртының амандығын сақтап қалу үшін өзін құрбандыққа қиып жанын пида еткен, қаза тапқан Дивачиш туралы әсем, бірақ мұңлы әңгіме. Ол тарихи жазбаларда бар, оқимын деушілер тауып, оқи алады; бұл мына тараудың әңгімесі емес, нысана тек Кала-и Муг екендіктен, сол бекіністің атауымен шектелуге тура келеді. Мұндағы «қала» – тәжік-соғды тілінде «бекініс» деген сөз. Бұл, біз қазақтарға да бөтен ұғым емес, мысалы ХІХ ғасырдың 60-жылдары салынған Ойыл мен Ырғыз мекендері патша әкімшілігінің құзырымен әскери бекініс ретінде салынғаны белгілі. Олар сол кезде жергілікті сөзде «қала» делінді, ол тілімізде орныққан қала сөзі – бекіністің парсыша атауы. «Муг» – соғдыша биік жер ұғымын береді. Сонда Кала-и Муг соғдыдан қалған «биіктегі бекініс» деген сөзі болып шығады. Бір кезде бүкіл Орталық Азияны Жерорта теңізі мен қиырдағы Қытайды жалғастырған Ұлы Жібек жолындағы сан-алуан тілдер мен діндердегі елдер арасында халықаралық түсінікті тіл рөлін тамаша атқарған соғды сөзі бүгінде өлі тілге айналды. Сол өлі тіл асқақтаған шағында биік жерлерді біздің төбе, қыр, бел, жота, тау деп атаусыз әртүрлі атайтынымыз сияқты олар да солай айтып, шағындау келген бедерлі бірін «муг», яғни «қыр» дегенге ұқсайды. Әлгінің «Муг тауындағы қала (бекініс)» делінуі сондықтан. Бір замандары индоарийлер жайғасып, ұзақ ғұмыр кешкен ұлы далада, енді қазаққа құт болған Мұғаджар аумағында өтпелі өмір тудырмай қоймайтын алуан түрлі себеппен қоныс аударған кешегі қадірлі туыстарымыз өздері кеткенмен сөздерін, яғни рухани мәдениетінен із қалдырды. Солардың бірі осы – «муг» – қазақ фонетикасындағы – «мұғ». Оның екінші буыны – «хаджар» болуға тиіс. Ол араб-парсыға ортақ «қатты» ұғымын беретін сөз. Кеңес өкіметі кезеңіндегі тәжіктің әйгілі ғалымы, академик шығыстанушы Бобаджан Гафуров «Исторические связи Средней Азии со странами арабского Востока» деген еңбегінде – әлгі Муг тауындағы бекініспен байланысты пікірлерін жаза келіп, араб елдерінде сирек кездесетін құнды металдар, солардың ішінде фитил үшін асбест апарылатындығын, ол араб-парсы тілінде хаджар деп аталатындығын баяндайды (Б.Г.Гафуров, «Избранные труды». «Наука», Москва, 1985. стр. 447-448). «Хаджар» – қатты деген сөз. Қатты болатын себебі асбест талшықты материалдар мен серпантин топтарынан, 85 пайызы жердің қатты жынысынан тұратын шикізат. Гнейстерден, амфиболиттерден, кристалдық тақта тастардан құрылған сирек металдар, өзге де сан алуан рудалары көп белдеудің тек қатты жер ретінде сипатталуы заңды. Сосын да оны ертеден есте келе жатқан «татсыз түрік жоқ» дегендей, «таттың» соғды екені белгілі – соғдылық ұғым-сөзбен Мұғаджар деп жүрміз, яғни «қатты биіктеу жер». Шынына келгенде, Мұғаджар классикалық тұрғыдағы тау емес, оның Боқтыбай атаулы бөлігінен басқа көп жері кәдуілгі жоталардан биік емес. Зеравшандағы «Кала-и Муг» бекінісі небәрі биіктігі жүз жиырма метр биіктікте тұрған. (А.Успенский, К.Шнейдер, «За семью печатями». «Молодая гвардия», Москва, 1958, стр.166). Соғдылар, соғдылардан қалған жерді иелік еткен жұрт – бүгінде түркінің қара шаңырағы деп қадірлі ел еткен біз, бүгінгі қазақтар өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін атап келген уыз атауын тарихи ғылыми негізсіз дүдәмал атау екенін біле тұра Мұғалжар деп өзгертіп тарих алдында қиянат жасап отырмыз.
Қиянат демей не деуге болады – кешегі жұртымыздың жадында ұзақ уақыт бойы сақталып келіп, осыдан жүз жыл бұрын құжаттық айналымға түскен «Мұғаджар» атауының мың мағынасы бүгінгі қазаққа түсініксіз деп, оны тіл, тарих тұрғысынан зерттеуге талпынбағандығымыздан, не өреміз жетпегендіктен атаудың «мұғ» түбірінен «мұқ» шығарып «мүмкінмен» өзгертуіміз тіл білімі ғылымы жөнінен қай шамада екендігімізді аңғартқандай. Таудың ежелгі атауы орынды екенін дәлелдеуге тырысқан біз де оның ақиқаты сенімді түрде осы деп айта алмаймыз. Қалай дегенде де киелі санатындағы Мұғаджардың Мұғалжар деп дүмшелікпен өзгертілуі – елге сын.
Идош АСҚАР,
журналист
Ақтөбе