– Шетелде білім алу бала күнгі арманым еді. Соған жету үшін тіл үйренемін деп мақсат қойдым. Қазіргі таңда түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Ағылшын тілін бірінші курстан үйрене бастадым. Екі жыл уақыт ішінде білім деңгейімді біршама арттырдым, – дейді ол.
Қарақат – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физика пәні мұғалімі мамандығының 3-курс студенті. Ақтөбе облысы, Алға қаласындағы Алға мектеп-гимназиясының түлегі. «Алтын белгі» иегері.
– Университетімізде білімді шетелде жалғастыруға арналған түрлі бағдарлама бар. Академиялық ұтқырлық, қос диплом тағы да басқа жобалар студенттерге көп мүмкіндік сыйлап отыр. Бұл бағдарламалар 4 жыл ішінде екі университеттен қатар білім алып, екі диплом алуға мүмкіндік береді. Мен қос диплом бағдарламасымен Миссисипи алқабы университетіне Science Education мамандығын оқуға барамын, – дейді ол.
Қарақат АҚШ-та үйренген тәлімін елімізде кәдеге жаратқысы келеді.
– Дәл осындай мүмкіндік сыйлаған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне, оқытушыларға алғысым шексіз. Кез келген жағдайда қолдайтын ата-анама, бауырларыма, достарыма рахмет айтамын. Оқуымды үздік аяқтап, ұстаздық жолдың қыр-сырын толық меңгеріп, сол арқылы елімнің дамуына үлес қосқым келеді, – дейді Қарақат.
Салтанат БАЙТЕКЕНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің студенті