Шаруашылық • 22 Тамыз, 2023

Шаруалар шығыны 7 млрд теңгеге жетуі мүмкін

259 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тіршілік нәрінің жетіс­пеу­ші­лігінен жамбыл­дық шар­уалар биыл айтарлықтай зардап шекті. Тіпті шілің­гір шілденің кезінде қуаң­шы­лық­тың тақырға отырғызғалы тұр­ғанын ашына айтқан ди­қандар Үкіметтен өңірлік деңгейде төтенше жағдай жа­рия­лауды талап етіп, жа­най­қайын жет­кізген болатын. Ал өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шаруа шығыны толық өтелетініне сендірген.

Шаруалар шығыны 7 млрд теңгеге жетуі мүмкін

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жамбылдық шаруалар қуаң­шы­лық қасіреті салдарынан қанша шы­ғынға ұшырады? Олардың шы­ғыны қалай өтеледі? Жалпы құр­ғақ­шы­лық­тың кесірінен қанша алқап күйіп кетті? Осы сұрақтарға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жауап берді.

Ол келтірген дерекке сенсек, өңірдегі 763 мың гектар егістік жер­­дің 181 мың гектары суармалы алқап саналады. Осы жылы ауылшар­уа­­шы­лық дақылдары 107 мың гектар алқапқа орналастырылған. Ал қалған жер құдайлық алаң ретін­де пайдаланылады.

«Бүгінде өңірдегі суармалы ал­қап­қа орналастырылған дақыл­дар­­дың 12 мың гектарынан айыры­лып қалдық деп болжап отырмыз. Алайда оның нақты есебі алдағы уақытта толықтай белгілі болады. Мақ­сатымыз – шығынға батқан шар­­уалардың өтемақысын алуға кө­мек­­тесу. Бұл жерде пайданы емес, шаруалардың шығынын ғана назар­ға аламыз. Біздің болжам бойынша шығын көлемі 5-7 млрд теңгеге жетуі ықтимал», дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Жергілікті атқарушы билік кел­тір­­ген мәліметке сенсек, ауыл шар­уа­­шылығы дақылдарын дер ке­зінде орналастыруға Қырғыз­гид­ро­мет­тің Шу және Талас өзендерінде ве­ге­та­циялық кезеңдегі су мөл­ше­рі­нің 115 пайызды құрайтыны туралы болжамы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары ара­сын­дағы бірлескен хаттамасы негіз болған.

«Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі мен Қырғыз Респуб­ликасы Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің Су ресурстары қызметі арасындағы Жамбыл облысына су беру кестесінің 2023 жылға ар­нал­ған су мөлшерінің оң болжамына қарамастан уақтылы қол қойылмаған. Өзара келісім бойынша вегетациялық кезең 2022 жылғы су беру кестесіне сәйкес басталған. Қысқасы, 23 маусымда Қазақстан Республикасының Экология және та­биғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Республикасы Ауыл шар­уашылығы министрлігінің Су ресурстары қызметі арасында 2022 жылғыға қарағанда, Талас өзені арқылы 35 пайыз, Шу өзені ар­қы­лы 44 пайыз төмен көлемде су беру кестесіне қол қойылды. Осы­лайша, суармалы су көлемінің төмендеуі туралы ақпарат ауыл шар­уашылығы дақылдары орналас­ты­рылып, вегетациялық кезең бас­талғаннан кейін ғана шаруа қожа­лық жетекшілеріне жеткізілді. Бұл бүгінде облыста суармалы судың же­тіс­пеушілігіне негіз болды», дейді об­лыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, жергілікті атқа­ру­шы органдар тарапынан шар­уа қожалықтар мен «Қазсушар» РМК арасында су беру туралы бір­лес­кен шартқа қол қойылып, содан кейін ғана егіс жұмыстарын бастауға міндеттер қойылған. Яғни шаруа қожалық оған суармалы су берілетініне сенімді болуы қажет. Шарт 94 мың гектарға жасалды.

Суармалы су көлемінің қысқаруы туралы ақпараттан кейін облыс­тың және аудандардың жергілікті атқа­ру­шы органдары шаруа қожалық­тар­ға әрбір магистралдық каналдан су беру кезегін ұйымдастырды.

Керек дерекке көз жүгіртсек, диқандарды ағын сумен қамтамасыз ету жолында кездескен өзге де ке­дер­гілер бар сияқты. Мәселен, суармалы жерді ағын сумен қам­та­масыз ету мақсатында 2019 жылдан бастап облыстың 6 ауданында жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын екі жоба қол­ға алынған. Алайда уақтылы жү­зеге асырылмаған.

«Аталған жобалардың әкімшісі – Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі Су ресурстары ко­ми­тетінің «Қазсушар» мекемесі. Бүгінде жоба аясында 20,5 млрд теңге игеріліп, бұл қосымша 34 мың гектар алқапты ағын сумен қам­тамасыз етуге мүмкіндік беруде. Осылайша, облыс бойынша «Қазсушар» РМК 94 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуде. Шаруа қожалықтарымен келісімшарттар жасалған. Айта кету керек, аталған екі жоба бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмы­сы­на және «Қазсушар» РМК тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты Үйлестіру кеңесінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі хаттамасымен осы жобалардың аяқталуы 2023 жылғы желтоқсанға ауыстырылған», дейді ол.

Осындай кедергілер өңірде ве­гетациялық кезеңнің лайықты жү­зеге асырылуына кедергі кел­тірген. Салдарынан егістік алқап­қа су айналма арналар арқылы берілген. Нәти­же­сінде, судың 20-30 пайызы шығын болған. Осылайша, диқандар онсыз да аз судың айтарлықтай бө­лігінен қағылған.

Шынын айту керек, ағын судың тапшылығы биыл ғана сезіліп тұр­ған жоқ. Қырғыздар тарапы бұған дейін де бірнеше мәрте су беруде қысым көрсеткен болатын. Содан да болса керек, өңір шаруалары жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиясын игеруге ке­йін­гі жылдары айрықша ден қоя бастады. Нақтырақ айтар болсақ, 2021 жылы су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап 40 мың гектарды құраса, биыл 57 мың гектарға жеткен. Бұл көрсеткіш рес­публикадағы алқаптың 20 па­йызын құрайды екен. Тиімді технология суды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр Әлихан Сма­йы­лов өңірге жұмыс сапарымен кел­ген кезде ұңғымаларды бұрғылау жұ­­мысын ширатуды тапсырған еді. Бүгінде өңірде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

«Су тапшылығы бар аудандарда жерасты суын пайдалану үшін ұң­ғы­маларды бұрғылау жұмыс­та­ры басталды. Бүгінгі таңда 103 ұңғыма пайдаланылуда. Алайда ұң­ғы­маларды бұрғылау жөніндегі жұ­мыс­тардың құны шаруа қожалық­тары үшін экономикалық жағынан тиімсіз. Өйткені облыстағы шаруа қожалықтарының шамамен 70 пайызының жері 50 гектарды құрайды. Тіпті Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің бұл жұмыстарды 50 пайыз мөлшерінде субсидиялау факторы ескерілсе де, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жергілікті бюджет қаражатынан тағы 30 пайыз субсидиялау туралы шешім қабылданды. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау қағидаларына тиісті өзге­ріс­тер енгізуде. Өзгерістер ен­гізіл­­геннен кейін шаруа қожалық­та­рының ұңғымаларды бұрғылау шы­ғында­ры­ның 80 пайызы субсидияланады», дейді ол.

Бүгінгі таңда өңірдің алты ауда­­­нында шығынды анықтау бо­­йын­ша жұмыс топтары құрылған. Ди­қан­дар­дың шығыны вегетациялық кезең толық аяқталғаннан кейін анықталмақ. Әйтсе де жоғарыда айт­қа­нымыздай, жалпы шығын 5-7 млрд теңгені құрауы бек мүмкін.

Бүгінде жергілікті атқарушы би­лік өңірдегі су тапшылығын кезең-кезеңімен шешудің жолдарын қа­растырып отыр. Сол үшін биыл 3 жаңа су қоймасының жобалық-сметалық құжатын әзірлеудің ма­ңызы зор. Сондай-ақ «Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Дү­ние­жүзілік қайта құру және даму банкі» желісі негізіндегі жобаларды іске асыруды аяқтауға айрықша мән беріліп, құзырлы министрлікке ұсыныстар жолданған.

Бұдан бөлек Тасөткел су қой­ма­сын реконструкциялау, «Жас­өр­кен» гидро бекетін қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу керек. Осы жұмыстар толықтай іске асқанда Та­лас өзені арқылы келетін суды ба­қылауға мүмкіндік тумақ.

«Біз егістік көлемін азайтпаймыз. Өйткені су жетпейтін жерді тәлімі жер ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын пайдалануға қатысты ынталандыру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені бүгінгі таңда 57 мың гектар алқапқа аталған технология пайдаланылуда. Бұл көрсеткішті арттыру керек», дейді Қ.Мәдібек.

Қалай алып қарасақ та, осы жылы өңір диқандары қуаңшылықтың зардабын тартып отыр. Деректерге жүгінсек, Алатаудың арғы бетіндегі ағайындардан былтыр 65 текше метрден аса су жіберілсе, биыл ол көр­сеткіш 20 текше метрге әзер жеткен. Ал өңірдің 6 ауданы қуаң­шы­лықтың қасіретін айқын сезінсе, Қордай ауданындағы жағдай тіпті ушыққан болатын. Қысқасы, биылғы жағдайдан сабақ алатын уақыт келген сияқты.

P.S. Мақала беттеліп жатқанда Премьер-министрдің өкімімен «Азаматтық қорғау туралы» заңның 48-бабына сәйкес Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Талас аудандарында өңірлік ахуалға байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі болды. Диқандардың күткені де осы жаңалық еді...

 

Жамбыл облысы