Адам бойында асыл қасиеттер танымымыздағы «текті адам» ұғымына сәйкес келеді. Ол халық пен қоғамға мінсіз қызмет етумен айрықшаланады. Оған үнемі үздіксіз өзін-өзі дамыту мен жетілдіру тән. Осындай азаматтарды көпшілік ортада жасаған игі ісіне орай «текті елдің ұрпағы ғой, текті екен» деп жатады. Ұлы даланың мұрагері үшін «асылдың сынығы», «тектінің тұяғы» деген сөзді есту – үлкен мәртебе. Тектілік – адам бойындағы адалдық, кеңпейілділік, терең білімділік, еңбекқорлық, отаншылдық қасиетке ие секілді барлық көркем мінездің жиынтығы іспетті. Шын мәнінде, ол – адамдық санамен байланысты.
Мемлекеттік саясат мәселелері – қабылданған заңдар мен ережелер арқылы шешілуі керекті түйіндер. Осындай мысалға арнап «Заңдар рухын» «халық рухына» теңеген еді Шарль Монтеське. Ол «кез келген қоғамда әрекет ететін, белгілі бір тазалық заңдарға тән болуы керектігін, жазалау үшін де олар мінсіз адалдыққа ие болуын» жазды. Демек азаматтардың жекелей мемлекеттік саясатқа ұмтылысы алдымен, қандай шешімге жету үшін мемлекет қатысуы маңызды екендігін білуі шартты.
Дегенмен қоғамдағы тәжірибе нарық монополияланып, сыбайлас жемқорлық пен қылмыс бой бермей, басқару жүйесіндегі қабылданған шешімдерді іске асырудағы сапасыздық және қалталылармен сөз байласу тұрғындарға көрсетілетін тұрмыстық қызметтердің сапасының көп жағдайда сын көтермеуі қоғамда əртүрлі теріс пікірлер тудырып, əлеуметтік желілерде жағымсыз ақпараттық кеңістік қалыптастыруда. Бұл үрдіс өз кезегінде, қоғамдық ортаның əлеуметтік-мəдени негізіне көлеңке түсіріп, мемлекеттік басқару жүйесінің беделіне нұқсан келтіруде. Мұның сыртында олардың кəсіби қызметі, құқықтық тұрғыда қорғалуы жəне елдегі қоғамдық-саяси, этносаралық жəне дінаралық, одан қала берді, экологиялық мəселелер тағы бар. Өз өмірі мен əлеуметтік-қоғамдық үдерістерді сыни көзбен бағалауда азаматтарымыздың бойынан сенім мен селқостық қатар көрінеді. Осы көріністердің негізі, өкінішке қарай, барлық деңгей мен саладағы сапасыздықтың күнделікті өмірде, адамдардың тұрмысында белең алып отырғандығында. Бұл ақыр соңында елдегі əлеуметтік-психологиялық жағдайға теріс əсер етіп, əлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін. Сапасыздықтың себебі қолға алынған істің түпкі нəтижесі сапалық көрсеткіштермен емес, жалпы өндірілген өнім мен жалпы бөлінген қаржы жəне оның «толықтай игерілуімен» бағаланатындығында жатса керек.
Бара-бара бұл əдетке айналып, жасандылық пен сапасыздық, жалған мəліметтер мен «жағымды» есеп беру істің мазмұнынан гөрі оның сыртқы көрінісіне, яғни ақпараттық жəне имидждік тиімділігіне «мəн» мен «басымдық» беріліп, оны мемлекеттік басқару жүйесіндегі үйреншікті іске айналдырып жіберді. Осының салдарынан туындаған мəселелер сөзбұйдалыққа салынып жылдар бойы өз шешімін таппай келді. Халықтың нақты өмір-тұрмысы, мұң-мұқтажы мен мүдделері ескерусіз қала берді. Осы келеңсіздіктердің қаупін ескере келе, Президент Қ.Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру үшін, ең алдымен, қоғамда еңбекқорлық пен біліктіліктің, әділеттіліктің идеологиясын дəріптеп, оған басымдық берген жөн деп отыр. Бұл жұмыс адалдық, жүйелілік жəне бірізділік қағидатына негізделіп, бірте-бірте жүргізілуі шарт. Сонда ғана құқықтық нигилизмді еңсеріп, азаматтар тарапынан заңды мойындамау сияқты жөнсіздіктің, парықсыздық пен пасықтықтың тамырына балта шабылмақ. Түптеп келгенде, заң жұмыс істеген кезде ғана қоғамда тəртіп орнайды, ішкі саяси ахуал оңалып, елдің өркениеттік даму жолына түсуіне жағдай туғызады.
Бүгінде қоғам жағдайын терең білуге ғылыми ізденістерді бағыттау маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы елдің рухани дамуындағы өткір мәселелерді айқындаған Ұлтық құрылтайдың екінші отырысында «сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажеттігіне» баса мән берген еді. Шынымен де, бүгінде көптеген мекеме «республикалық» деңгейде құрылғанымен, өз деңгейлерінде мәселені қамти алмай отыр. Оның өзіндік себептерін заманауи жаңғыртуға мұқтаждығы, жалақының аздығынан іздеуге болады. Дегенмен қоғамның жаңа сапаға енуі қазір аса қажет. Ол ұлттық ерекшелікпен үйлесім табатын жаңа психология, жаңа үрдістерді қамтамасыз ету өзекті. Әркез үздіксіз дамуда тұрақсыздық пен рухани дағдарыс, түрлі саяси-экономикалық астыртын күштердің жағымсыз әсері, теріс идеологиялар мен бұрмаланған идеялар болады. Оны тежейтін бірден-бір күш – тарихи-ұлттық сана.
Тарихи санамыздың қуаттылығы – барлық тартыстар мен қоғамдық дауларды демократиялық заңдар, институттар аясында қарастырып, шешуге дағдыландырады. Бұл бағытта елдегі Конституциялық реформаға көп болып қолдағанымыз ауқымды демократиялық үрдіске ұласады деп сенеміз. Осыншама ауыр жүк пен жауапкершілікті мойнына ала отырып, Мемлекет басшысы осы саяси өзгерістерге деген халық пікірінің маңызына үлкен мəн береді. Сонымен саяси реформалар қазірдің өзінде нақты жəне түсінікті қадамдар жасатып, аумалы-төкпелі заманда əлеуметтік шиеленісті бəсеңдетуге, жаңа саяси үлгіге көшуге жол ашты. Еліміздің дамуындағы ауқымды жəне іргелі Конституциялық реформа барысында билік тармақтарының өзара теңгерімділігі қағидаты негізінде суперпрезиденттік кезеңдегі олқылықтар жойылып, мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалог орнығатыны анық.
Бүгінгі туындап отырған мәселелерді өз деңгейінде реттеу жаңа уақыттың талаптарына жауап беруге мүмкіндік береді. Осы орайда ұлттық мұратты темірқазық етіп, билік пен қоғамды үйлестіру – бәріміздің абыройлы міндетіміз.
Ақиқатында, қазіргі саяси реформалар – Қазақстанның жаңа дәуірінің басталғанына дәлел. Көптеген түйткілді мәселенің басы ашылып, бірлесе шешуге жұмылып отырмыз. Жерді сатуға тыйым салып, аймақтардың дамуына ерекше көңіл бөлініп, жаңа облыстар ашылды, қазақ тілінің мəртебесіне басымдық берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес күрес басталды. Бұл жаңа бағыт саяси-экономикалық монополиясыздандыруға басымдық беріп, қоғамдық бақылауды күшейтуді көздейді. Билікті монополиялауға тосқауыл қойып, популистік ұранмен əуестенуге тыйым салады. Басты мақсат – Қазақстан халқының ұзақмерзімді мүддесін қамтамасыз ету.
Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,
Мемлекет тарихы институтының директоры