Үкімет • 23 Тамыз, 2023

Үкіметте төрт облыстағы орта бизнестің жаңа жобаларын қолдау талқыланды

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов республиканың орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізуді жалғастырып жатыр. Бүгін өткен шарада Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстары кәсіпкерлерінің өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметте төрт облыстағы орта бизнестің жаңа жобаларын қолдау талқыланды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Кездесудің басында сөз алған Әлихан Смайылов Үкімет жұмысы дамыған кәсіпкерлікке негізделген әртараптандырылған экономика құруға бағытталғанын атап өтті. Оның ішінде орта бизнес негізгі локомотивтердің бірі болмақ.

«Оңтүстік өңірлердегі іскерлік белсенділік айтарлықтай жоғары, ал кейбір көрсеткіштер бойынша олар көш бастап тұр. Бұл облыстарда дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс, сондай-ақ сауда-саттық дамыған», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр 7 айдың қорытындысы бойынша төрт облыстың барлығында да оң даму динамикасы бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі мен агроөндіріс кешенінде өндіріс ұлғайып, құрылыс жұмыстары мен негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі артты.

Кездесу аясында орта бизнестің жұмыс істеп тұрған жобалары мен жаңа кәсіпорындарды іске қосу бойынша жоспарлары таныстырылды. Олардың қатарында Алматы облысында вольфрам кенін өңдейтін тау-кен байыту комбинаты мен ірі көлік-логистикалық орталық, Жетісу облысында Қазақстандағы алғашқы толық циклды индустриялық аккумуляторлық батареяларды өндіретін зауыт, Жамбыл облысында жаңа сүт фабрикасы және тағы басқаларының құрылысы бар.

А

Кездесу барысында кәсіпкерлер несиелеу мен субсидиялаудың қолжетімділігін арттыру, жетіспейтін теміржол және көлік жолдарын салу, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, экологиялық заңнама нормаларын сақтау және ірі сауда желілеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Металлургия, ет және сүт өндіретін мал шаруашылығы, құс және мақта шаруашылықтарын қолдау, сондай-ақ «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Әр мәселе бойынша орталық мемлекеттік органдар мен аталған өңірлер әкімдіктерінің басшылары толық түсініктеме берді.

Премьер-министр атап өткендей, кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау – Үкімет жұмысының маңызды бөлігі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикада шағын және орта бизнес нысандарының саны 27%-ға, ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 18%-ға өсіп, 4,1 млн адамға жеткен. Жалпы елдің ЖІӨ-сіндегі ШОБ үлесі 36,5%-ға дейін өсті.

«Бұл кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін тыңдап, оларды біртіндеп шешу бойынша күнделікті бірлескен жұмыстың нәтижесі. Осы орайда қалған бизнеске қойылатын артық талаптарды жою оның дамуына қосымша серпін бермек», деді Әлихан Смайылов.

 Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет басшысы бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының өсуі 4,8%-ға дейін жеделдегенін, бұл жақсы көрсеткіш екенін айтты. Сонымен қатар Үкімет тиісті даму бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруда.

«Біздің мақсатымыз – экономикалық өсімді 7-ден 10%-ға дейін арттыру, бірақ бұл үшін банктер қолжетімді несиелер беріп, кәсіпкерлер көтеріп отырған өзекті мәселелерді шешу қажет. Осы мәселелердің барлығы бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді Премьер-министр.

Сонымен бірге Үкімет басшысы қазіргі уақытта «Атамекен» ұлттық палатасымен өзара іс-қимыл жасай отырып, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, бұл артық талаптарды және әкімшілік жүктемені азайтуға, мемлекеттік бақылау және қадағалау рәсімдерін автоматтандыруға, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және цифрландыруға, мемлекеттік сатып алуға және тағы басқаларға қатысты.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Үкімет Аппараты, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктерінен кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды тиісті дәрежеде пысықтап, сондай-ақ орта бизнеспен өткен кездесулер барысында айтылған мәселелердің шешілуіне мониторинг жүргізуді талап етті.