Шаруашылық • 24 Тамыз, 2023

Егін бітік шықса, ел риза

301 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Егін бітік шықса, елдің де, егіншінің де көңілі тыныш. Қазір орағын қолға алған диқандар әбігерге түсіп жатыр. Бидайын жинап, арпасын орып, қамбасын толтыруға кірісті. Биыл күн райы құбылып, ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Дегенмен сала мамандары жылдағы нәтижеден кем түспейміз деп отыр.

Егін бітік шықса, ел риза

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев

Қазір елдің бәрі – егін басында. Өңірде дәнді дақылдардың 173,3 мың гектары немесе 53,4% орылды. Сондай-ақ 301,7 мың тонна астық бастырылып, соның ішінде 155,8 мың тонна бидай, 145 мың тонна арпа, 907 тонна сұлы қамбаға құйылды. Орташа гектар өнімділігі 17,4 центнерді құрап отыр.

Әуелі күздік бидайды орып алған Алакөл ауданының диқандары енді арпа егістігіне шалғы түсірді. Алакөл ауданында егістіктің ауқымы 46 мың гектарға тең. Қазірдің өзінде 20 мың гектардан аса аумақ шабылып, дәні қамбаға құйылды. Биыл өңір диқандары егістіктің әр гектарынан 19 центнерден астық алып отыр. Атап айтқанда, 6 500 гектарға күздік бидайдың «Одесса 241», «Алексеич» және «Булава» сорттары, 6 200 гектарға арпаның «Арна» тұқымы, 5 800 гектарға жаздық бидайдың «Грани» және «Ульбинка» сорттары өсірілген.

Диқандардың арасында астық жинау науқанын «Беков», «Байғұжанов», «Май­қынов» шаруа қожалықтары, «Жазылбеков и К» коммандиттік серіктестігі, «Тау – Самал» ЖШС қарқынмен жүргізіп келеді. Енді астық ору жарысына «Тоқжайлау» өндірістік ауылшаруашылық кооперативі қатысып, қамбаға құйылған арпаны Текелідегі ашытқы зауытына жібереді.

Аудан тұрғындары қазірдің өзінде 167,1 мың тонна жемшөп дайындап үл­герді. Шаруа қожалықтары түгелдей дерлік сүрлем дайындау жұмысын жеделдетіп, 14 200 тонна сүрлемді бастырып тастады.

Шабындықтарда шөп шабатын 32 бригада күн-түн демей қызу еңбек май­данын қыздыруда. Олардың қарамағында шөп шапқыш, тырма, тайлаушы, тіркемелі трактор секілді 425 дана техника бар.

Жазиралы Жаркент өңірінде де агро­өнеркәсіп кешені кейінгі жылдары бір ізге түсіп, тұрақты дамып келеді. Аудан тұрғындарының негізгі өндіріс көзіне айналған жүгеріден алдыңғы жылы 155 мың тоннадан аса дән жиналған болса, былтыр бұл көрсеткіш тағы 10 мың тоннаға ұлғайды. Бұдан басқа жаркенттік егіншілер көкөніс, картоп, жеміс-жидек, бақша өнімдерінен де мол табысқа кенелді. Биыл аудан бойынша 44 368 жер игеріліп, оған дәнді дақылдар мен жүгері өсірілді. Бұдан басқа 36 гектарға майлы дақылдар, 15 146 гектардан аса алқапқа мал азығына арналған көпжылдық шөптер, 3 гектар қант қызылшасының тұқымы, 1 620 гектар бақша, картоп, көкөніс тұқымдары егіліп, бапталып жатыр.

Айдарлы ауылдық округіндегі «Жар­кент-Фрукт» ЖШС 1 110 гектар алқапқа өсірген интенсивті жеміс бағының 1 027 гектарын тамшылатып суарып, өткен жылы айтарлықтай мол өнім алды. Сол сияқты «Көктал-Агро» ЖШС 273 гектар жүгері алқабын тамшылатып, 280 гектар «дала аруын» жаңбырлатып суарып, гектар өнімділігін өте жоғары деңгейге жеткізді. Өткен жылдан бастап «Ернар» ЖШС да егістік алқаптарына осы әдісті қолдана бастады. Жаркенттік диқандарға суарудың жаңа технологиясын қолданумен қатар күзде егінді жинап алған соң алқаптарды суарып алуға ерінбегені абзал. Күзгі судан құр қалмаған диқан көктемде таудан келетін қар суын күтпей жердің үстіңгі қабаты жылынысымен егінін егуге кірісе бермек.

Күзде жүгері алқаптарынан 28,3 мың тонна сүрлем бастырылмақ. Соны­мен қатар 39,6 мың тонна жүгері жемі әзірленеді. Жыл сайын шаруалар жаз маусымында әзірлеген жемшөбінің 80 пайы­зын қысқы мал қораларының ма­ңына тасып алады. Қазір өңірде мал қора­лары мен малшы үйлерін жөндеп, қыс маусымына дайындау жұмыстары да қолға алынған. Өңірде жалпы мал қыстайтын 470-тен аса қыстау бар. Жаркенттіктердің төл дақылына айналған жүгерінің егіс көлемі де жылдағыдан кеміген жоқ. Өңірде жалпы 26 700 гектардан аса жерге өсірілген «дала аруының» шығымы биыл да жақсы.

Қазір өңірде 15 767 гектардан астам жүгері алқабы бір рет суарылып, 7 мың гек­тардан аса алқап үшінші мәрте суарыл­ды. Егін суару жұмыстары Үшарал, Үлкен­шыған, Бірлік, Басқұншаң және Пенжім ауылдық округтерінде қарқынды жүргізіліп жатыр.

Енді санаулы күндерден кейін Жар­кент өңірінде жүгері жинау науқаны басталады. Диқан еңбегінің нәтижесі кө­рінетін осынау жауапты науқанға дайындық шаралары пысықталып, қыр­мандар тазаланып, жиын-терімге қаты­сатын техникалардың жарамдылығы тексеріліп жатыр. Дала өндірісіндегі дүбірлі дода сәтімен өтіп, жемісті болғай деген тілектеміз.

Аграрлы салаға арқа сүйеген Ақсу ауданы үшін дала жұмыстарының маңызы зор. Күні кеше ғана көк теңіздің толқынындай болып желмен тербелген егіс алқабы енді алтын түске боялып, дала қызыл, жасыл, сары, қоңыр реңге ауысып, бейнебір дәмге толы ақ дастарқанға айналғандай. Егін орағы да әлдеқашан басталып, аймақтағы кейбір ауылдық округтер дәнді дақылдарын қырманға түсіріп те үлгерді. Бидайларын ұшырып, тазалап, кептіріп қамбаға салып жатыр. Науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үде­те түскен. Осы орайда астық ору науқа­нының қалай жүріп жатқанын көзіміз­бен көру үшін сапарды «Аяла» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Абылай Қанатұлының егін алқабынан бастадық.

Бұл шаруа қожалығы 2018 жылы әкесі Қанат Абдрахмановтың басшылығымен құрылған еді. Ол кезде шаруашылықта ешқандай техника жоқ, барлығын жалдап істететін. Сонда да егін алқабын жыл сайын көбейтіп, содан алған өнімнің нәтижесінде екі «КамАЗ» автокөлігі мен жер жыртатын бес трактор сатып алады. Оның үшеуі – «МТЗ-82», екеуі – үлкен техника «МТЗ-12» тракторы.

Қазіргі таңда шаруашылықтың барлық жұмысын ұлы Абылай қолға алған. Биылға 800 гектарға егін ексе, оның 250 гектары бидай, 550 гектары арпа екен. 30 гектарға дәндік жүгері де сеуіпті. Ендігі міндет – егін орағы науқанын лайықты атқару. Бұл үшін барлық қажетті техника күші жұмылдырылған. Сарқан ауданынан екі комбайн көмекке келіп, екі «КамАЗ» ав­токөлігімен қырманға жөнелтуде. Әзірге әр гектарынан 20 центнерден өнім алуда.

«Алда бұдан да қалың шыққан, суарылған алқаптардан 25-27 центнерден шығуы мүмкін. Болашақта жүгері алқабын 150 гектарға, бидайды 600 гектарға, ал арпа­ны тағы да 550 гектарға көбейтсем деймін. Бірақ астықты қабылдау бағасы әлі белгіленбеді. Сонда да оған аса алаң­дап отырғанымыз жоқ. Өйткені сапалы астыққа қашанда сұраныс мол», дейді Абылай Қанатұлы.

Егін алқабының жанындағы жүгері алқабына барғанымызда суарылып жатыр екен. Қазірдің өзінде биіктігі бойдан асатын әр жүгеріде білектей-білектей үш собықтан өнім беріп тұрғанын көрдік.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, егін орағына 9,7 мың трак­тор, 993 комбайн жұмылдырылып, бір лицензияланған астық қабылдау пункті, жалпы сыйымдылығы 501,3 мың тонна болатын 380 астық сақтау қоймасы мен 81 механикаландырылған қырман және басқа да қажеттіліктер дайындалды. Күзгі дала жұмыстарына облысқа жалпы 7 924 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Бүгінде шаруашылықпен келісімшарт жасалып, жеткізу басталды.

Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 85 шаруа қожалығына 1,7 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелер, соның ішінде «Кең Дала» бағдарламасымен – 800 млн теңге, «АгроБизнес» бағдарламасы арқылы 900 млн теңге берілді.

Жалпы, жетісулық егіншілер күн райының құбылмалылығына қарамастан, жоғары өнім алуға бейіл. Жылдағыдай аста-төк нәтиже көрсетпесе де, кеткен шығынды ақтайтынын анық сезеді. Жаң­бырдың сирек жаууы біраз әуре-сарсаңға салғаны айтпаса да белгілі. Әйткенмен кәнігі диқандар одан қорқып отырған жоқ. Егіс көлемін арттырып, елдің сұранысына сай қызмет көрсетуге асық.

 

Жетісу облысы