Облыстағы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпанов қазірдің өзінде 1 млн 420 мың тонна шөп жиналғанын айтады. Мал азығын дайындау жұмыстарын пысықтау мақсатында арнайы топтар құрылған. Мамандар орман қорындағы жерлерді де фермерлерге үлестіріп жатыр. Шөп шабу науқанына 3,1 мың тонна дизель отыны беріліпті. Биыл шөптің бір тоннасы шамамен 35 пен 55 мың теңге аралығында саудаланып жатыр. Құрғақшылық біраз шаруаның қолын байлап тұр. Дегенмен мал басын қысқы кезеңге жем-шөппен толық қамтамасыз ету үшін қосымша 300 тонна сабан әзірленуде. Жемшөп құнын арзандату үшін 727 шаруа қожалығына субсидия берілген. Қаражаттың көлемі 801 млн теңгені құрайды. Мұндай қайтарымсыз қаражат ұсақ малға да қарастырылған. Өтінім қыркүйектен бастап қабылданады.
Астық 994 мың гектардан жиналады. Бұл көлем былтырғы деңгейден 74,4 мың гектарға артық. Мұндағы 813,4 мың гектарда – бидай, 160,4 мың гектарда – арпа, 13,7 мың гектарда – сұлы. Күн райы қолайлы болған жағдайда егін орағы 20 жұмыс күні ішінде аяқталады деп күтілуде. Бүгінде Абай, Бұқар жырау және Шет аудандарының жекелеген шаруашылықтары астық жинау жұмыстарына кірісті. Жоспар бойынша жаппай астық жинау 1 қыркүйектен басталады.
«Бүгінде дәнді дақылдардың өсімі жақсы. Қурап қалған мөлшерді есептей отырып, 6,3 мың гектар есептен шығарылды. Алдын ала деректер бойынша орташа өнімділік гектарына 9,5 центнер болғанда, астықтың жалпы түсімі 940,4 мың тонна көлемінде болады деп күтілуде», дейді С.Бошпанов.
Өңірде сыйымдылығы 145 мың тонналық 4 лицензияланған және 82,6 мың тонналық 3 лицензиясыз астық қабылдау кәсіпорны дайын. Бұған қоса шаруашылықтарда сыйымдылығы 854,4 мың тоннаны құрайтын 546 астық сақтау қоймасы бар. Сонымен қатар шаруашылық құрылымдарымен 29,6 мың гектардан майлы дақыл, 11 636 гектардан картоп (былтырмен салыстырғанда 129 гектарға артық) және 1 321 гектардан көкөніс (былтырмен салыстырғанда 114,4 гектарға кем) жиналады.
Күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған дизель отынының жалпы көлемі – 21,2 мың тонна. «Мұнай – Company» ЖШС және «Тұрманов»ЖК операторлары шілде айына бөлінген 4 мың тонна дизель отынының литрін 270 теңгеден сатты. Тамыз айынан бастап 250 теңгеге түсті.
Қарағанды облысы