Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жасанды интеллект – әлемдік технологиядан бөлек, күнделікті өмірімізге де тың серпіліс әкелетін бағыт. Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын адамзатқа таңданыс тудырған құрылғы смартфондар болса, бүгінде оның орнын өздігінен жұмыс істейтін аппараттар басты. Бұдан бөлек, адамның еңбек күшін талап ететін жұмыстар да роботтардың меншігіне өтіп жатыр. Мәселен, үйге кіргенде әуелі шамдарды жағу, терезелерді ашу, тағам әзірлеу секілді жұмыстарды қазіргі таңда «ақылды үйлер» реттеп отыр. Оның көмегімен тұрмысыңызды едәуір жеңілдетіп, электр энергиясын да үнемдейсіз. Яғни таңертең ұйқыдан ояту, үйді жинау, керек десеңіз құжатты толтырып беру технологиялардың жетілгенін аңғартады. Бұл тек басы ғана. Жасанды интеллектінің қамтымайтын секторы жоқтың қасы. Атап айтсақ, медицина бағыты бойынша жасанды интеллект дәрігерге ауру белгісін анықтауға, диагнозды дұрыс қоюға көмектеседі. Мәселен, 2013 жылы АҚШ клиникаларында жұмысын бастаған IBM Wаtson медициналық роботтары бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Суперкомпьютерлер науқасты емдеу барысында диагнозды қарапайым дәрігерге қарағанда 40 пайызға дәл жазып бере алады. Тағы бір тұсы дәрігерлер роботқа ауру тарихын және барлық диагностикалық ақпаратты жүктеп сала алады. Осылайша, робот бірнеше минуттан кейін қорытынды шығарып береді. Егер қандай да бір ақпаратқа дәлдік жетіспесе, дәрігер жазбаша нысанды пайдаланып, IBM Watson-ға сұрақ қоя алады.
Ауыл шаруашылығы саласына келетін болсақ, жасанды интеллект бақша өсімдіктерінің өсу қарқыны мен оған құйылатын су мөлшерін қадағалай алады. Сондай-ақ оны зиянкестерден қарауылдап, арамшөптердің көбейіп кетпеуін бақылайды. Бау-бақша өнімдерінің сапалы шығуы үшін топыраққа керекті құнарлы заттардың болуын, дәрумендердің деңгейін реттеу де осы технологияның міндетіне кіреді. Әрине, технология жайлы сөз қозғалғанда автоөндіріс саласын айналып өте алмаймыз. Бүгінде басқарусыз өздігінен жүретін көліктердің моделі әр жылғы көрмелерде таныстырылып жүр. Футуролог мамандардың болжамынша, алдағы уақытта машиналар түгел дерлік адамның көмегінсіз жүру жүйесіне көшеді. Тіпті ол өз жұмысын қазірдің өзінде бастап кетті де. Көлік жүргізушілерінің жол бойында ұйықтап кетуі, соның салдарынан түрлі апатқа ұшырауы көптеп кездеседі. Ал мұның алдын алу үшін Solo.ai секілді жасанды интеллект көмектесе алады. Ол көлік жүргізушісінің бет әлпетіне қарап-ақ шаршаңқы отырғанын немесе ұйқыға кеткенін анықтай алады. Кейін дабыл қағып, жол апатын болдырмау үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар құрылғының тағы бір артықшылығы – жолдағы көліктердің бағытын анықтап, тіпті жарамды мерзіміне дейін көрсетіп отырады. Бағдаршамдардың реттілігін сақтайды. Технология электр энергиясымен қозғалатындықтан ауаға зиянды оттегі де аз бөлінеді. Десе де, өнімнің пайдасы болған жерде зияны да қатар жүреді. Оның үстіне техника болғаннан кейін ауытқымай тұрмайтыны белгілі. Мұндағы мәселе – жауапкершілік. Өздігінен жүретін көліктер кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Соның салдарынан әуеде, жерде түрлі апаттар орын алады. Осы тұста туындайтын сұрақ: ондағы зардап шеккен адамдарға кім жауапты? Бұған бірден кесіп-пішіп жауап беру қиын. Сондықтан автоөндіріс саласында жасанды интеллектіні мұқият зерттеп, қолданған жөн.
Білім саласы бойынша да даму жылдан-жылға ілгерілеп жатыр. Жасанды интеллект бұл сектордың да бір бөлігіне айналды. Қазіргі таңда оның көмегімен онлайн сабақтар өткізуге, оқушының үлгерімін қадағалауға болады. Платформада жүктелген сабақтарды көріп, тапсырмаларды орындау арқылы оқушылар білімін жетілдіре алады. Ал жүйе оқушының деңгейін анықтап, соған орай бағдарламалық жұмыстар жасайды. Жаңа интеллектінің құзырына емтиханға қатысу да кіреді. Мәселен, RoctorEdu бағдарламалық құралы емтихан кезінде қатысушылардың әрекетін онлайн бақылауға, тіркеуге және бағалауға арналған. Бағдарламаның прокторлық функциялары тестілеу платформаларына қосылады. Бұл өз кезегінде емтиханды қашықтан бақылаушылардың қатысуымен де, автоматты режімде де жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни ол онлайн сынақ тапсырып жатқан қатысушының қимыл-қозғалысын, бөлмедегі артық дыбыстар мен тұлғаның бет-бейнесін бақылап отырады. Әрі компьютер экранындағы үдерістерді де қадағалайды. Бұл арқылы емтихан қабылдаушы комиссия қай оқушының сапалы білім көрсеткенін анықтай алады. Осындай жаңа технологиялардың дүниеге келуі тікелей IT саласына қатысты. Сол үшін әр мемлекет өзінің өркендеу жолында IT саласына басымдық береді. Әрине, біздің ел де бұл көштен кенде емес. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы – осының жарқын мысалы.
Жасанды интеллект жұмысты жеңілдеткенімен, оның да өзіндік кері әсері бар. Мәселен, интелект әлі де ақпаратты толық сараптай алмайды. Сапалы ақпарат математикалық модельдеу түрінде ұсынылатындықтан, оған аса мән беру керек. Әсіресе бұл мемлекеттік ақпаратты сақтау мен жариялауда маңызды. Мәселен, қазіргі күні халықаралық және ішкі ақпараттың шамамен 50-60 пайызын қорғау керек болса, жасанды интеллект толық жұмысына кіріскенде бұл көрсеткіш 90 пайыз немесе одан да жоғары болуы әбден мүмкін. Келесі мәселе – жұмысшылар санының қысқаруы. Жаңа технология қоғамдағы cаll-center операторлары, аудармашылар, дубляж мамандары, онлайн платформадағы дәріс берушілер секілді кейбір мамандардың ғана орнын алмастыра алады. Шындығында, статистиканы нақты шығарғанымен, роботтар талдау жұмыстарын жасайтын мамандықты атқара алмайды. Себебі технология болғандықтан, қателік кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне, әр роботтың ақпарат қабылдауы мен жариялауының артында сол саланың иесі тұрғаны белгілі. Бұдан бөлек, жасанды интеллект кейбір жұмыс күшін иеленгенімен жаңа қызметтердің де пайда болары анық. Ал заман көшіне ілесу үшін адамзат сол қызметті игеруге тиіс.
Жасанды интеллект артықшылықтарына келсек, әуелі оның жылдамдығын айтуға болады. Кейде адам баласы үлгере алмайтын істерді роботтар лезде орындауы мүмкін. Екіншіден, олардың ақпаратты сақтау көрсеткіші жоғары. Мысалы, белгілі бір маңызды ақпаратты қарапайым адам аз уақыттың ішінде ұмытуы мүмкін. Бірақ роботтардың жадында ұзақ сақтап, кейін қайта қарауға болады. Бұл да – жасанды интеллектінің тиімді тұсы. Сонымен қатар олар адамдар қойған сұрақтың бәріне жауап та, кеңес те береді. Оған мысал ретінде бүгінгі қолданыстағы ChatGPT, «Алиса» және Телеграмдағы түрлі боттарды айтуға болады.
Жасанды интеллект ғаламдық еңбек нарығындағы әлеуметтік және атқарылуы қиын жұмыстарға, автоматтандырылған бағдарламалық кәсіпке сұранысты ілгерілете алады. Ондағы зерттеулер мен бағдарлауға бөлінген қаржы адам ресурсына елеулі тәжірибе әкеледі. Тек оны қоғамға зиян келтірмейтіндей орынды пайдаланған дұрыс.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті