Жоба • 24 Тамыз, 2023

Президент бағалаған жоба

333 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Педагогтер арасында болашақ қайрат­керді тәрбиелеу ең алдымен ойыннан басталады деген түсінік бар. Расында да, бала өмірінде ойынның орны орасан. Бала ойында өзін қалай ұстаса, ересек өмірде де солай ұстайды. Бұл қағиданы дер кезінде түсінген Қазбек Сағидолда мен Алтынбек Сұлтанқұлов бірден әрекетке көшкен. Олар балаларға арналған iBars-Kids білім платформасын ойлап тапқан.

Президент бағалаған жоба

 

Ibars (Айбарыс) – 2-5 жас аралығындағы балаларға арналған мобильді қосымша. Ойын арқылы балаға эмоционалды әсер етіп, тұлғалық мүмкіндіктерін аша түседі. Педагогикалық және психологиялық тұрғыдан ойластырылып жасалған қосымша балалардың интеллек­туалды белсенділігіне, ақыл-ой және танымдық тәуелсіздігі мен бастамашылығына әсер етеді. Платформа іске қосылмас бұрын идея авторлары 10 мыңнан астам ата-ана мен 2 мыңға жуық тәрбиешіден сауалнама алған. Соның нәтижесінде 2-3 жас аралығындағы қаншама бала түр-түсті ажырата алмайтынын, смартфонға байланғанын түсінген. «Біз білім саласында 9 жылдан астам қызмет еттік. Мектепте жұмыс істеп жүрген кезімізде балалардың бойында агрессияның көптігін, зейіннің тұрақсыздығын, телефонға тәуелділігін байқадық. Осы мәселе­лердің алдын алу үшін не істеуге болады деп көп ойландық. Сол ойдан «Ibars» дүниеге келді. Біздің мақсатымыз – ойын арқылы балаларды білімге баулу», дейді Қазбек Сағидолда.

Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады. Ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін емес. Мұны біз емес, ілгеріде өмір сүрген белгілі педагогтер айтқан. Балаға білім есігін ашатын бұл қосымшада қазіргі сәтте 5 бөлім бар: интеллект, логика, қызықты боямық, есте сақтау және математика. Жақында балаларға әріп таныту мақсатында әліппе бөлімі қосылмақ. Құрастырушының айтуынша, одан кейін «Барысқа қамқорлық» деген бөлім де қосылады. Оның ерекшелігі, бала қосымшаның басты кейіпкеріне қамқорлық жасап, өзінің де күн тәртібін реттейді. Баланың эмпатиясы дамып, тәртібі де бір жүйеге қойылады. «Қосымшаның білім саласындағы маңызы зор. Бала 2 жастан бастап білімге деген құштарлығын ашады, 5 жасқа дейін толықтыра түседі. Біздің қосымша – балабақша мен мектептің арасындағы көпір. Бізден білім алған бала мектеп табалдырығында үлкен белестерді бағындырады деген сенімім мол», деді ол.

Айтпақшы, жақында Павлодар облысының креативті жастарымен кездесуі кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ibars қосым­шасы таныстырылды. Жоба Президентке ұнады. Алдағы уақытта үлкен үміт күтетінін де айтты.

Ibars мобильді ойынының өзіндік ерек­шеліктері бар. Ең басты ерекшелігі – түпкі идея­сы мен тапсырманың түпнұсқасы қазақ тілінде жасалған. Тамыры қазақ тілімен суарылған. Демек­ жемісі де ана тілімізде шықпақ. Келесі ерекшелігі – бала ойынды ұзақ уақыт ойнаған жағдайда таймер мен дыбыстық хабарлама шығып отырады. Бұл хабарлама біріншіден, балаға әсер етсе, екіншіден, ата-анаға да дабыл береді.

«Бүгінде ойынды тұрақты түрде қолданатын 3 мыңнан астам қолданушы бар. Қосымшада «Ата-аналарға кеңес» деген бөлім жасақталған. Сол жерде 2 жастан 5 жасқа де­йінгі балаларға қанша минут қолдану керектігі көрсетілген. Әр жас ерекшелігіне сәйкес қолдану ұзақтығы жазулы тұр. Бізде осыған қатысты түрлі ой болды. Мәселен, 2 жастағы бала 15 минут қолдану керек болса, 15 минуттан кейін телефонды блоктап немесе өшіріп тастау. Бірақ бала ең қызықты тұсына келгенде блокталса, онда бұл керісінше агрессия тудыруы мүмкін. Сол үшін біз дыбыстық сүйемелдеудің мүмкіндігін пайдаландық. Әр 15 минут өткесін «балақай, үзіліс уақыты келді» деген дыбыстық хабарламалар айтылады», деді идея авторы.

Оқытудағы ойын тәсілі дәстүрлі әдістермен салыстырғанда өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Осының нәтижесінде іш пыстырар­лық тапсырмалар қызықты бола түседі, ал қиын тапсырмалар қарапайым болады. Ойын баланы үдеріске тартып, ақпаратты қабылдауды жеңілдетеді. Оқудың жемісін көру үшін мына үш элементтің үйлесімі керек: 10% – теорияны зерттеу, 20% – кері байланыс және кәсіби бақылаулар, 70% – тәжірибе. Геймификация тәжірибеге баса назар аударады. Оқытудағы геймификация тек дайын ойындарды пайдалануды ғана емес, сонымен бірге бүкіл оқу үдерісін ойынға айналдыруды білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда Ibars қосымшасы ТМД елдеріндегі өзге платформалардан оқ бойы озық тұр.

Уақытты сақтау және цифрлық дәуірге бейімделу өте маңызды. Білім берудегі геймификация ойын механиктерінің көмегімен білім алудың тиімді әдісі екенін көріп отырмыз. Ibars мобильді қосымшасы бүлдіршіндерді білім көкжиегін кеңейтіп, өресін өсіре түседі деп сенеміз. Асылында, Жүсіпбекше айтсақ, бала әдетті жасынан тамызықтап жинайды. Ахметше айтар болсақ, біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.

 

Елігімай ТӨҢКЕР,

журналист