Маман • 25 Тамыз, 2023

Өрт сөндіру академиясы

319 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тілсіз жаудан қауіп-қатер төнген кезде басын бәйгеге тігіп, ерлік көрсететін ұландардың ұлағатты ісі ықыласқа әбден лайық. Кәсіби шеберлік қана емес, кемел кісілік, пайымды парасатқа тәрбиелейтін ыстық ұя туралы бірауыз сөз арнасақ, жарасымды болмақ.

Өрт сөндіру академиясы

Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің Мәлік Ғабдуллин атын­дағы азаматтық қорғау акаде­миясы – еліміздегі құтқару­шы­ларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Тағылымды тарихы өткен ға­сырдан бастау алады. 1973 жылы Алматы қала­сынан Көкшетауға Қазақ КСР ІІМ өрт сөндіру бөлімінің әскерилендірілген өрт сөндіру қыз­метінің оқу отряды көшірілді. Араға аттай 25 жыл уақыт салып 1997 жылдың шілдесінен бастап дербес жоға­ры оқу орнына айналды. 2021 жылдың мамырында Президент Жарлығымен «Академия» мәртебесіне ие болды. Оқу орнына қазақтың хас батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілді. Айтпақшы, Мәкеңнің есімін беру туралы ұсынысты ел газеті «Егемен» айтып еді.

Академия қалыптасу және да­му жылдарын бастан өткеріп, ­кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін құрып, материалдық-техникалық базасын нығай­ту­ға барын салып, педагогтер мен ғалымдар ұжымын қалып­тас­ты­руға, азаматтық қорғау жүйесі үшін кәсіби шеберлігі мол, тәлімі мен тәрбиесі толымды маман­дар даярлау ісінде толайым табыс­тарға қол жеткізуде. Бүгінде оқу орнында 388 курсант білім алып жаты. Биыл маусым айында акаде­мия өзінің жиырма бесінші түлек­те­рін шығарды. Осы жылы оқу орнын 137 курсант тәмамдады. Оқыту ­4 білім беру бағдарламасы бо­йын­ша жүргізіледі: «Өрт қауіпсіз­дігі», «Өрт сөндіру және авария­лық-құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық» 2023 жылдан ­бастап «Төтенше жағдайларда қорғау».

Курсанттар оқудан қол үзбей, бірін­ші курста академияның оқу өрт сөн­діру бөліміне өрт сөндірушілер лауазым­дарында, ал келесі курстардан бөлім­ше командирлері мен қарауылдар бас­тықтарының орынбасарлары лауазымдарында тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ екінші курстан өткеннен кейін барлық курсантта Төтенше жағдайлар министрлігі аумақтық бөлімшелерінде танысу практикасынан өту көздел­ген. Ал жоғары курс­тарда өрт сөндіру бөлімдерінде қара­уыл бас­тықтары лауазымдарында және төтенше жағдайлар бойынша ин­же­нері, аға инженері лауазымдарында кәсіп­тік практикалар ұйымдастырылады. Сон­дай-ақ академияның Көкшетау қала­сы­ның маңында орналасқан оқу-жат­тығу полигонында тиісті техниканы қол­данып, ситуациялық міндеттерді пысық­тап, об­лыстық төтенше жағдайлар депар­та­ментінің күштері мен құралдарын, апат­тар медицинасының, жедел жәрдем орта­лығының мамандарын тартып, жедел-так­тикалық оқу-жаттығулардан өту көзделеді. Полигонда курсанттар алты сала бойынша теориялық білімін іс жүзінде пысықтайды.

Толық оқу курсын сәтті аяқтаған күн­дізгі оқу факультетінің курсанттарына Тө­тенше жағдайлар министрінің бұйрығы­мен одан әрі қызмет өткеру үшін азаматтық қорғау лейтенанты арнайы атағы беріледі, дербес бөлу хаттамасына сәйкес олар Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық органдарына, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияларға сәйкес басқа да құқық қорғау құрылымдарына жіберіледі.

Академия алыс-жақын шет елдердің бейінді оқу орындарымен де тығыз достық қарым-қатынас орнатқан. 2003 жылдан ­бастап курсанттар мен офицерлер тұрақты негізде Ресей және Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары оқу орындарына жіберіледі. Өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнаулы қызметтері үшін кадрлар даярлау жөніндегі келісім шеңберінде жыл сайын Ресей ТЖМ және Беларусь Республикасының бейінді ше­телдік жоғары оқу орындарына күндізгі оқу нысаны бойынша оқыту үшін курсанттар жіберіледі. 2003 жылдан бастап ҚР Азаматтық қорғау саласы үшін 297 білікті маман даярланды.

Сонымен қатар Қазақ­стан Рес­публикасы мен Қырғыз Респуб­лика­сы­ның Үкіметі арасындағы екі жақты үкі­метаралық келі­сім­дер шеңберінде қазіргі уақытта мем­лекеттік білім беру тапсырысына сәйкес академияда қырғыз азаматтары білім алады. Бүгінде оқу орнында 4 қырғыз курсанты оқиды. 2012 жылдан бастап академияда Қырғыз Республикасының 29 маманы даярланды. 2020 жылы магистратура бағдарламасы бо­йынша жоғары оқу орнынан кейінгі біліммен айналысуға арналған білім беру лицензиясына қосымша алынды. 2022 жылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша 10 магистрантты алғашқы қабылдау жүзеге асы­рылды. Ма­гистратурада оқыту «Өрт қа­уіпсіздігі» бағдарламасы 2 бағытта жүр­гі­зіледі. Биыл магистратураны бейіндік оқы­ту бағыты бойынша ­4 түлек бітіріп шықты.

Жалпы, 1997 жылдан бастап оқу орны табиғи және техногендік сипаттағы төтен­ше жағдайлардан жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамта­масыз ететін аса жауапты және қиын учаскелерде күндіз-түні қызмет ететін 5 960-нан аса жо­ғары білікті маман даярлады. Оның ішінде 133 түлек үздік диплом алды. ҚР Азаматтық қорғау органдарының 7 051 қызметкері мен қызметшілері біліктілігін арт­тыру және қайта даярлаудан өтті, оқу орталықтары ашылған сәттен бастап қызметке жаңадан қабылданған азаматтық қорғау органдарының 5 668 қызметкері бастапқы оқытудан өтті.

Оқу процесін ұйымдасты­ру мақсатында академияда күндіз­гі оқыту, қашықтықтан оқыту және жоғары оқу орнынан ке­йінгі білім беру, қосымша білім беру фа­культеттері, 7 кафедра, практикалық оқы­ту бөлімі, сонымен қатар Астана, Ал­маты, Шымкент, Ақтөбе, Көкшетау, Өске­мен қалаларында аза­мат­тық қорғау орган­дарының қыз­меткерлерінің даяр­лау, біліктілігін арттыру, қайта даярлау бойын­ша қызмет атқаратын 6 оқу орталығы жұмыс істейді.

Республика бойынша аумақ­тық тө­тен­ше жағдайлар депар­таменттеріне ака­де­мияға жыл сайын оқуға түсуге үміт­керлердің мыңнан аса өтініші, оның ішін­де биылғы мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының түлек­тері­нен және өткен жылдард­ағы түлектерден ке­ліп түседі. Азаматтық қорғау академиясы­на оқуға қабылдаудың талапта­ры жоғары. Ол медициналық, дене бітімі және психофи­зио­логия­­лық көрсеткiштері бойынша ірік­­теу қорытындылары мен ҰБТ ба­лын ескере отырып конкурс бойын­ша жүргiзiледi. Академия қызме­ті­нің негізгі бағыттарының бірі – Төтенше жағдайлар министрлігі­нің алдында тұрған маңызды ғылыми-техникалық міндеттер­ді шешу шеңберінде ғылыми зерттеулер жүргізу. Ғылыми әлеуетін жетілдіру мақсатында академия­да бүгінде 12 ғылым кандидаты, 35 магистрант қызмет атқарады.

Оқу орнының базасына жа­тақхана, дәріс залдары, мамандандырылған аудиториялар мен зертханалар, кітапхана, авариялық және құтқару жұмыстарын жүр­гізуге, өртті сөндіруге және ТЖ жою­ға арналған оқу алаңдары кіреді. Ака­де­мияда оқу орнының тарихы мен жетіс­тік­тері көрсетілген мұражай бар. Құт­қа­ру­шылар­дың практикалық дағдыларын бекіту мақсатында профессор-оқытушылар құрамымен ака­демияның оқу-жаттығу полигоны базасында жедел-тактикалық және тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар, жылу-түтін камерасында сабақтар өткізіледі. Поли­гонда өрт ошақтарын, Төтенше жағ­дай­лар мен аварияларды жою жөніндегі алаң бар.

Болашақ құтқарушылар өңірлік конкурстар мен чемпионаттардың жеңімпаз­дары ғана емес, сонымен қатар академия­ны республикалық және халықаралық деңгейде абыроймен көрсетіп келеді.

 

Көкшетау