Руханият • 28 Тамыз, 2023

Жұмекен дүмпуі

265 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шулы қала, сиқырлы саз. Айнала жан терезесінің көгілдір түсімен өзгеше көрінеді, тереңірек сезіледі. Сірә, бір ғана жалғыздық храмының құзарына құлаған кезде ғана адам шынайы өмір сүреді. Ал сыртқы түрлі орталарға қосылды ма, бітте дей беріңіз, сау ақылына ақау түсіп, әртүрлі нанымдарға иленеді, өзіне тән ерекшелігін жоғалта бастайды. Аз уақыттан соң басқалар секілді арманға сенбес қатыбас, қия баспас біртоға болып алғаны. Міне, еш нанымға иленбеген, жеке қуатқа сызат түспеген кәусар шақ еді бұл. Жұрттың бәрі тек бір өзіңе қарап тұрғандай әр қадамды аңдап басатын киелі кезең. Әлдебір кітап дүкеніне ене беріп, алғаш қолға іліккен, алғаш сатып алған кітабымызға анықтап қарадық. Авторы – Жұмекен Нәжімеденов.

Жұмекен дүмпуі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

 

Поэзия – жұмбақ құбылыс. Себебі ұлы өнер – жанның жемісі. Жан қатпарларының салалары, жан талшықтары зерделеніп бітпес тақырып.

«Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып,

Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып.

Талай жорттым жолсызбен, айдалада ақ тымық,

Барабанын құлақтың тыныштыққа шақтырып.»

Міне, қиял мен сезімнің тасқынынан туған ақын жанының айқыш-ұйқыш іздері. Дауылдай арбасқан күрделі бейнелер сана зиратынан ұмытылып кеткен сұлбаларды алып шығып, тұңғиыққа қарап тұрғандай ойға қалдырады. Өзі айтқандай, «уақыттың алдына түсіп кеткен радио-сигналдай» сезімталдық құдіретімен пердесі түрілмеген қараңғылықтарға құлаш ұрғызады.

Әбіш Кекілбаев «Қайсарлық» атты жазбасында: «Оның поэтикалық шығармашылық түрлері музыкалық шығармашылық түрлерімен әуендес. «Балаусадағы» Моцартқа тән рондолық, одан кейінгі біраз кітаптардағы Шопен мен Шубертке тән сонаталық, кейінгі кітаптардағы Бетховенге тән қаһармандық драматизмге тән симфониялық, тіптен кейінгі кітаптарындағы Вагнерге тән сұрапыл дисгармониялық және диссонанстық рок-симфонияға лайық пішімдерге ұласады», деп жазады.

«Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен,

Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.

Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады,

Қыз-толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.

Айдалада ақбоз мінген Алатау бір ақ батыр,

Айналада тал-қайыңдар, тал-қайыңдар сапта тұр.»

Әуез бен сазға толы жыр жоғарыдағы пікірге айқын дәлел. Бізді зау шаһарға іңкәр еткен ырғақты өлең талай арудың тілінде оқылып, жүрегінде жатталды. Ә дегеннен-ақ санаға тоқылатын жырдың қиыннан қиысқан ішкі үндестігі, оқырманға қалдырар сезімі бөлек. Бұл да Жұмекен-жырдың бір даралығы.

Нәркес жылдар өрінде өз магиясына шырмаған ақынды әр тұстан іздеп, естеліктерге телмірдік. Көзі тірісінде-ақ «ұлы ақын» атанған тұлғаның кесек тұрпаты одан әрмен баурай түскен. Тұманбай Молдағалиев бір естелігінде: «Жұмекен газеттерге көп өлең ұсынып, біз секілді жүгіруге де шорқақ болатын. Өзінің қасына келген бақытпен де сырласып кетуге қорқақ болатын. Табиғатында тұйық жігіт өз ішін, жүрек сөзін өлеңіне ғана сеніп айтатын. Селт ете қоятын сергектігін де ешкімге байқатпауға тырысатын» деген екен. Расында, ірі ақынға тән құбылыстың бірі – дабырадан аулақ, жалғыздығымен егіз келетіндігі. Кесек болмыстан ғана кесек туынды тумақ. «Өзім қалай болсам олай болайын, өнерім дұрыс болса болғаны» деген қасаң қағида поэзияға жүрмейді. Ар мен ұят, адамдық биікке шыға алмаған ақын жылт етпе сезім аясында ғана ойлайтын қатардағы сарбазға айналмақ. Ал Жұмекен секілді алып тақырыптарды игерген ойшыл ақынның болмысы да күрделі болуы заңды.

«Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,

бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:

туатұғын сықылды бүгін-ертең

мраморға жазылар бір өлеңім.»

Жұмекен-жырда мәрмарға жазылар өлең жетерлік. Оны зерделей білер, жұмбағына бізден де тереңірек зейін қояр ұрпақ бой көтсетері даусыз. Сыншы Тұрсынжан Шапай «Жұмекен дүмпуін күтуліміз. Және ол дүмпу туа қалса, оны да заңды құбылыс ретінде қабылдаған жөн. Бұл тек ақынның әдебиеттегі үлкен орнын нақтылап, айқындай түспек, біз бойлап үлгермеген тереңдерін ашпақ» деген болатын.

Иә, Жұмекен дүмпуі орнар шақ жақын қалды. Әне, әлдене рауандап келеді...