1 шілдеден бастап күшіне енген Әлеуметтік кодексте отбасын атаулы және әлеуметтік қолдауға күш салынып, еңбек нарығын ырықтандыруға, жалпы халықтың өмірін жеңілдетуге тиіс басқа да көптеген өзгеріс көзделген. Қысқаша тоқталып өтсек, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту үшін қосымша атаулы шаралар қарастырылды. Мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақыны ұлғайту, сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету үшін ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін енгізу жоспарланып отыр. Кейінгі кездері сапалы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтерілгендіктен, балалардың оңалту құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін «Техникалық оңалту құралдары инновациялық фабрикасы» жобасы бастау алды.
Зейнетақы мөлшерін арттыру және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жыл басында базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгертілді. Саралау тетігін қолдану нәтижесінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 21%-ға дейін өсті. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары төленеді. Сондай-ақ БЖЗҚ салымшысы өзінің зейнетақы активтерінің 50%-дан аспайтын бөлігін дербес таңдауы бойынша жеке басқарушы инвестициялық компанияларға бере алады.
Жыл басынан қолданысқа енгізілген Отбасының цифрлық картасы халыққа проактивті қызмет көрсету құралы ретінде толыққанды жұмыс істейді. Соған қарай отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы бағаланып, жәрдемақы және тағы басқа қолдау шаралары жасалады. Бұған қоса Әлеуметтік кодекстің күшіне енуімен елімізде құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында 50-ден аса тексеру жүргізді. Сол секілді шілдеден бастап облыс орталықтары мен мегаполистерде 20 еңбек мобильді орталығы құрылды.
Бүгінде адам құқықтары мен еңбек саласындағы кейбір жалпы қағидалар мен стандарттарды белгілейтін халықаралық құжаттар көп елге үлгі бола алады. Мысалы, ірі де ықпалды Еуроодақтың әлеуметтік қамсыздандыру кодексі әлемдік тәжірибеде маңызды орын алады. Біздің ел де осы одақтың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің ережелеріне сүйенді. Десе де, кез келген заңнама уақыт талабына сай жүре келе жаңартулар мен толықтыруларды қажет ететіні белгілі. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі тың өзгерістер мен тәсілдердің артықшылықтары мен кемшін тұстары жөнінде көп айтылып жүр. Бірқатар сарапшы кодекске пысықтау мен толықтырулар қажет деп топшылайды. Мысалы, талдаушыларға төлемдерді есептеудің негізгі көрсеткіші инфляцияны толық ескермейтін АЕК болып қала беретіні түсініксіз. Төлемдер бөлігінің көлемі шығындар деңгейіне сәйкес келмейді. Мемлекеттік органдар қаржының шектеулі мүмкіндіктеріне сүйеніп, бұл әдістемелерді өзгертпеуді ұсынған. Сол секілді нормативтік актілерде «жалғыз басты ата-ана» ұғымы жоқ. Бұл кодекс шеңберінде азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жоспарланып отырғанына байланысты болуы мүмкін. Кодексте әлеуметтік саладағы тәуекелдер мен қауіптер ескерілмейді және тиісінше оларды басқару стратегиялары жоқ. Бұған қоса клиенттің мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтауға қатысты сұрақ та туындайды. Атап айтқанда, мониторинг бағалау кезеңдері, сондай-ақ көмек орындалды деп санауға болатынын түсіндіретін индикаторлар белгісіз. Мәселен, көрсетілген қолдау мақсаттарының бірі ‒ отбасының мұқтаждықтан шығуы қай сәтте орындалды деп есептелетінін нақтылау маңызды.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ең төменгі жалақыны, күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесіне көбірек көңіл бөлген жөн. Өйткені бұл шектер арқылы еліміздегі кедей, көмекке зәру адамдардың нақты саны белгілі болады.
«40 мың теңге көлеміндегі күнкөріс шегінен төмен табыс табатын азаматтар әлеуметтік әлсіз санатқа жатқызылып, мұндай отбасыларға мемлекеттен атаулы көмек тағайындалады. Егер күнкөріс шегін азық-түлік, тұтынушы себетіне байламай, халықаралық озық әдістемелер арқылы шынайы есептейтін болсақ, еліміздегі ең төменгі күнкөріс шегі 85-90 теңгеге жуықтайды. Яғни халықтың көп бөлігі әлеуметтік осал топ болып шығады. Меніңше, Үкімет бюджет қаражатының тапшылығына байланысты мұндай есептеулерді әзірге қолданбай отыр. Өйткені қолдауға мұқтаж халықтың барлығы қамтылмай қалуы ықтимал. Дегенмен шынайы жағдайды барынша ашық көрсеткен дұрыс. Барлық әлеуметтік заңнама, бағдарлама халықтың жағдайын түбегейлі зерттеумен жасалуы керек», дейді М.Халық.
Ал экономист Марат Әбдірахмановтың айтуынша, жинақтарды жеке қорларға беру арқылы зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершіліктің бір бөлігі мемлекеттен алынып тасталады. Бұл ретте барлық салымшы зейнетақының басқарушы компанияға берілетін бөлігіне мемлекеттік кепілдік қолданылмайтынын білмейді. Сол секілді әлеуметтік төлемдер 14%-ға өскенімен, тарифтердің орташа есеппен 20%-ға қымбаттауы күтілетін әсерді жоққа шығарады. Әлеуметтік кодекс аясында қарастырылған төлемдер мен жәрдемақылардың өсуі өте баяу, өйткені инфляция оларды бұрыннан «жеп қойған».
«Жалпы, кодексте белгіленген барлық төлем ағымдағы бағаларға сәйкес келуі, төлем алатын азаматтар санатының тауарлары мен қызметтерінің нақты шығындарына тең болуға тиіс. Әлеуметтік кодекске барлық шығын топтары бойынша бөлек әлеуметтік стандарттар енгізілуі керек-ті», дейді сарапшы.