Саясат • 01 Қыркүйек, 2023

Қоғамның саяси мәдениеті жаңа сипатқа ие болды - Президент

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғамның саяси мәдениеті жаңа сипатқа ие болды - Президент

Мемлекет басшысының айтуынша, өткен жылдан бері Қазақстанда ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады.

«Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның саяси жүйесінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты нақты іске асырылуы қажет.

«Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше. Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», деп атап өтті Мемлекет басшысы.