Пікір • 01 Қыркүйек, 2023

Рауан Кенжеханұлы: Бұл оң өзгерістердің бастамасы

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар өзекті мәселелерді атап, түйінін тез арада шешуді тапсырды.

Рауан Кенжеханұлы: Бұл оң өзгерістердің бастамасы

Мемлекет басшысының бүгінгі жолдауында елдегі саяси реформалар қорытындыланып, алдағы кезеңде іске асыратын кешенді экономикалық және әлеуметтік реформаларға қажетті іс-қимыл жоспары таныстырылды. Экономика саласында жүрген мамандар, кәсіпкерлер, өндіріс ортасы осындай мазмұндағы жолдауды көптен күткені рас. Соның ішінде еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, су, жер қатынастарын реттеу, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, жиілеп кеткен техногенді апаттар мен қауіп-қатердің алдын алу, олардан келетін шығынды азайту, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды.

Тағы бір маңызды бағыт – мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы жаңа деңгейдегі қарым-қатынас. Кәсіпкерлікті қолдау, қажет десеңіздер, қорғау да қажет. Мемлекет пен құқық қорғау орындарының ретсіз, орынсыз араласуын тежеу, экономикалық қылмыстарды тек экономикалық салада қарастыру, кәсіпкерлерге еркіндік беру және олардың белсенділігін арттыруға көмектесу аса маңызды. Осы мәселелер көптен бері алғаш рет айтылып, мемлекеттік органдарға тиісті бағыт-бағдар берілді. Мұның барлығы – елдің әл-ауқатын көтеруге қажетті экономика және әлеуметтік саладағы іске асуы тиіс реформалардың, өзгерістердің өте жақсы бастамасы.

Сондықтан Мемлекет басшысының бұл жолдауын ықыласпен қабылдадық. Айтылған міндеттерді іске асыруға өз тарапымыздан үлес қосуға дайынбыз.

Тағы атап айтарлығы, цифрландыруды ел Президенті өзінің қадағалауындағы маңызды бағыт екенін баса ескертті. Экономика және әлеуметтік саладағы цифрлық шешімдердің Қазақстан азаматтарының күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталуы қажеттігі, осы бағытта іске асуы тиіс нақты іс-шаралар кешені белгіленді.

Мұның бәрі көкейдегі үмітті арттырады. Болашаққа деген сенімді күшейтеді.  

 

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті