Тұлға • 02 Қыркүйек, 2023

Кәсіптік білімнің қайраткері

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұра көпсалалы колледжінің алдына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіптік-техникалық білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімұлының бюсті қойылды. Салтанатты іс-шараға Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бастаған ел азаматтары қатысып, тұлға туралы естеліктер айтты.

Кәсіптік білімнің қайраткері

Былтыр аталған колледж­ге педагог-ғалым Болат Әбді­кә­рім­ұлының есімі берілген бо­­латын. Бұл жол­ғы шарапатты шаруа, көрсетіліп жатқан құр­мет – сол істің жалғасы. Нұра өңірінен өсіп-өніп, елі­міз­дегі білім мен ғылымның да­муына елеулі үлес қосқан ға­лымды жерлестері айрық­ша құр­меттейді. Салтанатты іс-ша­раға Б.Әбдікәрімұлының туған-туыстары да қатысты.

сми

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов ардақты азаматқа көрсетіліп жат­­­қан құрметке ризашылығын айтып, облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паевтың құттықтауын жет­кізді. Мүсінді қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, мем­лекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы Елеусін Сағындықов, Нұра ауда­нының әкімі Бақытжан Мұқа­­нов, Ақтоғай ауданының құр­метті азаматы Сағадат Дүйсе­беков және ғалымның перзенті Аян Бо­лат­­ұлы салтанатты түрде ашты.

– Ардақты азаматтың игі іс­тері мен ерен еңбегін жастарға үлгі ету мақсатында колледжге Болат Әбдікәрімұлы есімінің бе­рілуі – ма­ңызды оқиға. Бұған қоса білім ор­да­сының алдына бюстін қою – үлкен құрмет. Себебі Нұра өңі­рінде туып-өскен, білім алған, бар ғұмырын еліміздің білім мен ғылым саласына ар­на­ған Болат Әбдікәрімұлының есі­мімен ел мақтанады, – деді Т.Әубәкіров.

Ал ғалымның замандас досы Елеусін Сағындықов ғалымме­нен алғаш таныстығынан бастап, оның қайраткерлігіне тоқталды.

– «Жақсының аты, ғалым­ның хаты өлмейді» дегенге тағы да көзіміз жетіп отыр. Болат Әб­дікәрімұлы сияқты ғасыр аралатып туатын тұлғаны бүгінгі және одан кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру – парыз. Оның ең елеулі істерінің бірі – кәсіптік-техникалық мектептерді сақ­тап қалуға жан салып бақты. Со­лай етіп қана қоймай, кә­сіптік-техникалық лицейлер, гимна­зия­лар, авторлық мектептер, қазақ-түрік лицейлерін ашуға қол жет­кізді. Болат Әбдікәрімұлы – бұл салада қарапайым ғана қызмет етіп қоймай, кәсіптік білім беруді ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеп, белгілі бір тұжырым жаса­ған ғалым. Бөкеңнің еңбектегі жетістіктерінің құпиясы – ғы­лы­ми-теориялық негіздемеде. «Адамның даңқын еңбек шы­ғарады» дегендей, Бөкең еңбе­гімен даңққа бөленді, сонымен бірге ол еңбекті көтеретін де адам екенін өзінің іс-тәжірибесімен дәлелдеді, – деді Е.Сағындықов.

Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Құдай­берген Бексұлтанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов та ақжарма лебіздерін жеткізді.

Аян Болатұлы меймандарға алғысын білдіріп: «Жақсы әке балаға қырық жыл азық емес пе? Әкемнің көзін көр­­ген, сыйласқан, іс-шараға ар­на­йы келіп, әкеміз туралы жылы ес­те­ліктерімен бөліскен сіз­дер­ге үл­кен рахмет. Осы шаруа­мыз­ды бір­ден қолдаған аудан бас­шы­лы­ғына да айрықша алғыс айт­қы­мыз келеді», деді.

Салтанатты іс-шара соңында қонақтар ұстаз-ғалымның ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң колледждің тыныс-тіршілігімен танысты.

Айта кеткеніміз жөн болар, Үкіметтің 2021 жылғы 15 желтоқ­сандағы № 890 қаулысына сәй­кес, «Нұра көпсалалы колледжі» «Болат Әбдікәрімұлы атындағы Нұра көпсалалы колледжі» деп аталды.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы