Пікір • 04 Қыркүйек, 2023

Мақсат – шикізатқа тәуелділіктен арылу

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында баршаны толғандырған бірқатар проблеманы қозғады. Оның ішінде ел экономикасын одан әрі өркендету, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға басымдық беру, аймақтарды дамыту, қорша­ған ортаны қорғау секілді қадау-қадау мәселелер бар.

Мақсат – шикізатқа тәуелділіктен арылу

Халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мақсаты – әділетті мемлекет құру. Әсіресе қа­зір­гі жаһандану кезеңінде ұлты­мыздың бәсекеге қабілет­ті­лі­гін артты­рудың маңызы зор. Ал мұның негізгі діңгегі – демократиялық қо­ғам қағидат­та­рын енгізу. Бұл үшін әр деңгейде басшылық лауазымды атқаратын ма­ман­дар­ға ашықтық пен адалдық прин­ци­пін ұстану талабы жүктелді. Өйткені қазір бізге нағыз да­мыған ел болу қажеттігі туындап отыр. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін нендей мәсе­леге назар аудару қажет?

Біріншіден, кейінгі жылдары елімізде қолға алынған саяси өзгерістерді түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформамен ұштастырудың орайы келгенін ескер­ген жөн. Өйт­кені әлем елдері әлі де қыр­ғи қабақ көзқарастан арылмай келеді. Мұн­дай өзара дүрдараздықтың соңы жаһан­дағы геосаяси ахуалды одан әрі ушықтырып жіберуі мүм­кін.

Екіншіден, барлық ел ши­кі­­затқа тәуел­діліктен ары­л­у­­ға, бәсекеге қабілетті өнім өнді­­руге бет бұрды. Де­мек жа­һан­дық экономикада жаңа өнімдер мен бұйым­дар, ин­но­вациялық жобалар бұ­рын­­ғыдан да көбейе түседі. Мұндай ұмтылыс техно­ло­гия­лық бәсе­кені, таби­ғи ресурстарды игеруге талас­ты арттыра түсетіні даусыз.

Үшіншіден, адамзатты климаттың өзге­ріп, ғаламдық жылынудың үдегені, қорша­ған ортаның ластанғаны алаң­датып отыр. Бұл проб­лема елімізге тән.

Төртіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруға баса мән берудің өзектілігі айқын­дала бастады. Оның үстіне қазақ қоға­мын синте­тикалық есірткімен байланыс­ты қыл­мыстың кең етек жай­ғаны алаңдатпай қой­майды.

Міне, осындай проблема­ның бәрі сын-қа­терге төтеп беретіндей түбегейлі өзге­ріс­ті талап етіп отыр. Бұл қиындықты еңсеру үшін Әді­летті Қазақстан қоғамын құру­дың іргетасы қаланып, жа­ңарған елдің бағыты ай­қын­­далды. Ендігі міндет – Әділетті Қазақс­танның экономикалық бағытын іске асыру.

Елімізде Жолдауда қам­тыл­­ған міндеттерді іске асыруға, жаңа экономикалық үлгі­ге өтуге қажеттінің бәрі бар. Тек нақты қадам жасау­ға негіз болатын ұлттық бағдарлама қажет. Өмір де, уақыт та бір орнында тұрмайтынын ескеріп, асықпасақ та, аптықпасақ та байыпты бағдарлама түзуді кешеуілдетпеген жөн.

Ал ұлттық бағдарламада алдағы үш жылда нақты іске асырылатын жобалар қамтыл­ға­нын қалар едім. Әрине, алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың тиімді жолдары, еліміздің бәсекелік артықшылығы еске­ріл­уге тиіс.

Біріншіден, өнімді терең өңдеуге баса назар аударылуы керек. Мәселен, ауыл шаруа­шы­лығы өнім­дері клас­тері құ­рыл­са, азық-түлік қауіп­сіз­дігін ны­ғай­­туға серпін берер еді.

Екіншіден, елімізде шетел­дік туристерді қызықтыратын тарихи, табиғи орындардың әлеуетін арттыра алмай отырмыз. Өйткені туристер жиі барғысы келе­тін кейбір орындарда инфрақұрылым мәселесі толық шешілмеген.

Үшіншіден, отандық экономиканы еңселендіретін кәсіпкерлік саласына жаңа бағыт қажет. Қазір олардың дені мейрамхана, дүкен, шаштараз секілді сервистік қызметпен шектеледі. Енді олар бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін жаңа экономикалық үлгіге бет бұрғаны жөн.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің профессоры