Әдебиет • 04 Қыркүйек, 2023

Қобдадағы тұңғыш роман

402 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ халқының әдеби-мәдени кеңістігі зор. Өйткені рес­публика шекарасынан тыс жерде халқымыздың үштен бір бөлігі өмір сүріп жатыр. Үлкен тарихшы-ғалым Зардыхан Қинаятұлы айтқандай, «олар да ән салып, әдебиет жасаған». Соның бірі – байөлкелік қазақтар арасынан шыққан дарынды қаламгер, өлке тарихында тұңғыш роман жазған жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы.

Қобдадағы тұңғыш роман

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қазақстан жазушылары» ат­ты ашық энциклопедиялық анық­­тамалықта: «Жазушы Елеусіз Мұ­қамәдиұлы (1938-2003)­ – Моң­­ғолияның Бай-Өлке ай­ма­ғы­ Баяннүр деген жерде ту­ған. Моң­ғолия мемлекеттік уни­вер­си­тетін бітіріп, журналист ма­ман­дығын алған. Өлкелік «Жаңа өмір» газетінде қызмет жа­саған. «Ма­хаббат тағдыры», «Өрік­ті көл», «Қобда қойнында», «Сұ­лу­лық сыры», «Жоғалған қыз» т.б. туын­­­дылар авторы» делінген екен.

Десек те, бұл қаламгерді аталған өлке жазушыларынан ерекшелеп тұратын шығармашылық биігі – оның Қобда беті қазақтары тарихындағы тұңғыш роман «Қобда қойнында» туындысын 1977 жылы жарыққа шығаруы. Осы орайда кітаптың атауына тоқталар болсақ, қазақ халқының бір бөлігі географиялық тілмен айтқанда Моңғол Алтай тауының қос қойнауын жайлап жатыр. Осы құт мекеннің күнгей жағын Өр Алтай (Алтай шебі) деп атаса, теріскейін «Қобда беті» дейді. Бұл атау ауызекі тілде ғана емес, әдеби-тарихи шығармаларда да көрініс тапқан. Атап айтар болсақ, қазақтың үлкен мистик ақыны Ақыт Үлімжіұлы «Жер су» атты дастанында: «Теріскей жағы Алтайдың, Қобда болар бір беті...» деп басталып, ары қарай «Бұлғынның басын өрлесе, Қобдаға барып асады...» деп толғайды.

Ал біз сөз етіп отырған тұң­ғыш романда Қобда беті қазақ­тарының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында бас­тан кешірген оқиғалары баяндалады. Бұл бір тайғақ заман еді. Моңғол үстірті және Алтай-Қобда шебін 300 жыл билеп-төстеген мәнжі-қытай билігі әлсіреп, мына жақтан өлкеге билік жүргізгісі келген патшалық Ресейдің ықпа­лы күшейіп, оның сыртында боғ­дахандық Моңғол мемлекеті тәуелсіздігін жариялаған (1911) осындай алмағайып тұста Қобда бетін мекендеген аз ғана қазақ кімнің етегінен ұстарын білмей дағдарып тұрған кез еді. Романда осы оқиғаның желісі тарихи көркем түрде суреттеледі.

Аз сөзбен түйіндеп айтар бол­сақ, шығармада Қытай, Ресей, Моңғолияның саяси тартысы арасынан дұрыс жол тауып, аузымен тістеп өсірген ұрпағын аман алып қалу үшін арпалысқан қазақтардың өмірі сөз болады. Оның сыртында шет жайлап, қиыр қонып, іш пен сырттан хабары аз, Қобда тауының қойнында бұ­йығып жатқан жұрттың рулық қақтығыстары мен билік үшін таластары да туындының арқауына айналған. Осы оқиғалар арқылы жазушы Қобда беті қазақтарының бір дәуірінің шежіресін жазып шыққан.

Туындымен алғаш танысқан әдебиетші – ғалым Қабидаш Қали­асқарұлы 1978 жылы жаз­ған «Тұңғыш роман» атты зерт­теуінде: «...сан қилы оқиғалар та­ри­хи деректерге сай қажетті сұ­рып­тау, авторлық талғам, жа­зу­шылық шеберлік, әдеби көр­кемдік тұрғысынан наным­ды көрсетілген. «Қобда қойнын­да» романын оқыған кезде бабала­рымыз жүріп өткен меңіреу тү­нек келбеті көз алдыңа келгендей болады. Сол сияқты романның тағы бір ұтымды тұсы – қазақ­тар алмағайып заманда қол қусы­рып, қарап отырмай, саяси оқиға­лар­ға белсене араласып, елеулі үлес қосқанын көрсете білгендігі», деп жазыпты.

Туынды атақты қазан төң­ке­рі­сінің 60 жылдық даталы ме­ре­кесі қарсаңында жарық көр­гендіктен, сондай-ақ сол заманда коммунистік идеологияның кемел үлгісі айтылуға тиіс болғандық­тан, кітаптың кейбір тұстарына тү­сі­ністікпен қараған жөн. Өйт­кені шығармадағы сюжеттер тап­тық объективтік факторлар негізін­де құрылғаны байқалады. Бұл үр­діс бай­­өлкелік қаламгерлерді бы­лай қойғанда, кеңестік дәуірдегі қа­зақ әдебиетіне тән үрдіс.

Қалай десек те, романда Қобда қазағының біртұтас тұлғасы не­гізгі кейіпкер ретінде сәтті көр­сетілген. Бұл, әрине, романда да­ра­ланған кейіпкер жоқ деген ұғым тудырмайды. Сондай-ақ романның жалаң монолог емес эпикалық баяндау тәсілімен жазылғаны автордың өзіндік қа­лыптасқан тартымды стилін, тіл көр­кемдігінің жетіле түскенін, ро­ман атты күрделі жанрға үлкен дайындықпен келгенін дәлел­дейді.

Қазіргі таңда Астана қала­сын­да тұратын, жасы тоқсанның төріне аяқ басқан байөлкелік қарт қаламгер-сыншы Яки Ілиясұлы 1986 жылы «Шұғыла» журналында жарық көрген «Елгезек жазушы Елеусіз» атты естелігін­де, қаламгер әдебиет есігін әуелі өлеңмен ашқанын, оның жастық шағының елесіндей балаң жырлары 1960 жылы «Жастар тартуы» атты жинаққа енгенін баян­дай келіп, «Е.Мұқамәдиұлы алпысыншы жылдардан бастап бір­ыңғай проза жазуға көшті. Оның алғашқы қадамы шағын әңгіме, новеллалардан бастау алып, тұңғыш роман «Қобда қой­нында» кітабын жазды. Бұл – үлкен батылдық еді. Өйткені шығармадағы оқиғалар мен ке­йіпкерлер күні кеше ғана өмір сүргендіктен жазушы тарихи шындықтың шеңберінен шығып кетпей, ел ішіндегі әңгімелерді бір арнаға түсіріп, сұрыптап көр­кем образ жасау арқылы жазып шықты» десе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, үлкен ақын, қарымды қаламгер Имашхан Байбатырұлы өзінің естелігінде: «Бұл роман Моңғолия қазақтарының басынан кешкен кейбір нәубет, қанқұйлы кезең­дерін суреттеуге арналған. Яғни тарихи және көркемдік тұрғы­дан авторымыздан көп білім, шынайы шеберлікті талап ететін және бір дәуірдің келбетін бейнелеген романның құндылығы – сол дәуір шындығы. Заман­ға қажетті, қасиетті дерек бар. Ал­ғаш­қылығына орай ауыр жүк кө­теріп тұр», деп пайым жасапты.

Қарымды қаламгер, Қобда беті қазақтары тарихында тұңғыш романды дүниеге әкелген дарын­ды жазушы Елеусіз Мұқамәди­ұлы 1993 жылы атажұртына кө­шіп келеді. Мұнда келген соң қа­рап жатпай «Қашқын», «Жасыл жағалау», «Сары бел» атты үш роман жазды. Жарықтық 2003 жылы Қарағанды облысы Ақтау кентінде мәңгілік сапарға ат­танды. Жазушының туған қа­рын­­да­сы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Егеу­хан Мұ­қа­мәдиқызы ағасы ба­­­қи­­ға аттанған сәтте: «Алпыс бес­ жас­та бақиға, Аттандың атақ-даң­­қыңмен, «Елеусіз» еді есі­мің, Елеулі өттің өмірден» деп жоқ­таған екен.