Фото: facebook.com/bisembieff
«Белгілі журналист, «Зейін Атырау» ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальядағы ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге оның кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр», деп жазды Жасұлан Бисембиев Facebook парақшасында.
Ол, сондай-ақ қазір Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен келісімдер жүргізіліп жатқанын қоса хабарлады.
«Ауруханада қиын жағдайда жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалуда. Жерлестеріміздің сүйегін елге алдырту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын», деп қосты ол.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл қайғылы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, оқиғаның мән-жайы жайлы нақты ақпарат берді.
«3 қыркүйекте Түркияның Алания қаласында жол апаты болды. Қазақстан азаматтары сафари-джипте отырған. Өкінішке қарай, 1989 жылы туған Арайлым Бағытжан мен оның 2 жасар қызы оқиға орнында жан тапсырған. Арайлым Бағытжанның 1986 жылы туған жолдасы ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. 2014 жылы туған ұл балаларына да медициналық көмек көрсетілді, қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазақстан дипломаттары қайтыс болған азаматтардың туыстарымен келіссөз жүргізіп жатыр. Қажетті көмек көрсетіледі», делінген министрлік хабарламасында.