Үкімет • 04 Қыркүйек, 2023

Қазақстан Қытайға өз өнімдерін жеткізуді ұлғайтады

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы Лин У сауда-экономикалық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Қытайға өз өнімдерін жеткізуді ұлғайтады

Фото: Үкіметтің ресми сайты

Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы көлемінің 6%-дан астамы Шаньдунға тиесілі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан өз өнімдерін Қытай нарығына одан әрі ілгерілетуге және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қарастыруға мүдделі. Осыны ескере отырып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде көлік әлеуетін дамыту және өзара іс-қимылды тереңдету ерекше өзектілікке ие.

«Бұған бір күн бұрын Алматыда өткен қазақстандық арпаны ҚХР-ға жеткізу үшін «Қытай–Еуропа» бағыты бойынша алғашқы кері бағыттағы пойыздың іске қосылуы ықпал етеді. Біз осы бағыт арқылы қазақстандық өнімдерді жеткізуді арттыруға және жеткізілетін тауарлар мен қызмет түрлерін кеңейтуге дайынбыз», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-министр Астанада Шаньдун провинциясымен ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай форумын өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Бұл іс-шара біздің іскер топтарымыз арасындағы өнімді сауда-инвестициялық өзара қарым-қатынастарды кеңейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз», деді ол.

Өз кезегінде Лин У Шаньдун провинциясы мен Қазақстан өңірлері арасында өнімді ынтымақтастық орнағанын атап өтті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сауда және логистикалық инфрақұрылым құрылысы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту бойынша үлкен әлеует бар.

«Бұл жолы бізбен бірге Шаньдун провинциясынан аталған салалардағы 100-ден астам кәсіпорынның өкілдері келді. Біз бірқатар бірлескен сауда-экономикалық жобаларға қол қоямыз деп отырмыз. Ортақ күш-жігердің арқасында болашақтағы ынтымақтастығымыз кеңейетініне сенімдіміз. Біз кәсіпорындарымыз арасындағы серіктестікті тереңдетіп, бірлескен жобаларды көбірек жүзеге асыруға дайынбыз», деді Лин У.

Айта кетсек, Шаньдун провинциясы - Қытайдың шығыс жағалауында орналасқан ауылшаруашылық өндірісі бойынша маңызды аймақ. Мұнда бидай, мақта, жержаңғақ, темекі, дәнді дақылдар және т.б. өсіріледі. Шаньдун – елдің негізгі бау-бақша және егістік аймақтарының бірі, су өнімдері мен тұт піллесін өсірудің жетекші орталықтары.

2022 жылғы желтоқсанда «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ҚХР-дың ірі порт операторы «Шаньдун порт тобы» Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның шеңберінде мультимодальды контейнерлік қызметтер мен ілеспе цифрлық өнімдерді дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.