Жәдігер • 04 Қыркүйек, 2023

Қасым ханның отбасылық қолжазбасы табылды

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Франциядан табылған Қасым ханның әйелі Айша ханымның қолжазба көшірмесін басып шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым ханның отбасылық қолжазбасы табылды

Фото: Facebook/Қуат Бораш

Табылған қолжазба түркі тіліндегі мұсылман теологиясы бойынша жазылған.

«Қолжазба жеті тараудан тұрады. Әрбір бөлім исламның қасиетті кейіпкерлеріне қатысты бір немесе бірнеше хикаялармен толықтырылған. Бұл еңбек XV ғ. соңында өзбек-қазақ сұлтаны Қасым Жаһангирге (Қасым хан) үйленген Тимуридтердің билеушісі Сұлтан Хусейн Мырзаның қызы Айша сұлтан ханым-бегімге арналған. Қолжазба – Айша сұлтан ханым-бегімнің жеке кітапханасында сақталған. Кітап Шайбанидтер Мауереннахрға келгеннен кейін Орта Азиядан қашқан Тимуридтер арқылы Үндістанға жеткен. Қолжазбаны XIX ғасырда Францияның Ұлттық кітапханасы сатып алған. Қасым сұлтан мен Хусейн Байқара арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас белгісі және Қасым сұлтан мен Айша Бегімнің (Хусейн Байқараның қызы) үйленуінің болжамды күнін Хондемирдің "Хабибу Сияр" кітабынан байқауға болады», деп жазды Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш өзінің Facebook парақшасында.

Қуат Бораштың жазуынша, кітапты түптеу жұмыстары 2 аптаға созылған. Көшірменің жекелеген беттері біріктіріліп, бүтін блокпен мақта жібін қолдану арқылы тігілді. Мұқабасына арнайы батист матасы қапталып, картон қағазы мен қанық жасыл түсті табиғи былғары қолданылды.

Айта кетсек, бұл қолжазбаның түпнұсқасы Париж Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұр. Қолжазба шамамен 1501-1515 жылдары жазылған.

44334ae7541145f2883439265e5aae1f.jpeg