Спорт • 05 Қыркүйек, 2023

Өскеменде БАҚ өкілдері арасында футболдан сайыс өтті

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Өскемен қаласы әкімінің кубогіне республикалық турнир өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған футболда салауатты өмір салтын насихаттап жүрген әр өңірдің журналистері бас қосты.

Өскеменде БАҚ өкілдері арасында футболдан сайыс өтті

Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 8 команда қатысты. Олар екі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтап алған соң төрт команда жартылай финалға шықты. Жартылай финалда астаналық «Qaz365.kz» пен «Қазмедиа», талдықорғандық «Қарекет» пен Тараз қаласынан келген «Тараз пресс» командалары өзара бақ сынасты. Финалға жолдама үшін ойындарда елордалық «Qaz365.kz» қарсыласынан басым түссе, екінші жұпта «Қарекет» басым түсті. Нәтижесінде финалға «Qaz365.kz» пен «Қарекет» шықты. Ал «Қазмедиа» мен «Тараз пресс» үшінші орын үшін таласты.

Жарыс нәтижесінде «Тараз пресс» қола жүлдегер атанып, 400 мың теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Финалда қарсыласпен теңбіл допқа тең таласып, бір сәтті ғана мүлт жіберген «Қарекеттің» жігіттері 700 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ал «Qaz365.kz» командасы Өскемен қаласы әкімінің кубогі мен 1 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды.

Тартысты турнирде шебер ойын көрсеткен журналистер де шет қалмай, лайықты марапаттарға ие болды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясы «Qaz365.kz» командасынан Бақытжан Масақовқа берілді. Ең көп гол салған «Қазмедиа» өкілі Елдос Өмірхан «Үздік сұрмерген» атанса, тараздық Жасұлан Айтқұлов «Үздік қорғаушы» аталымын алды. Жер жәннәті Жетісудан келген Самат Есентайұлы «Үздік қақпашы» атанды. «Өскемен» командасының өкілі Оңғар Қабден «Үздік шабуылшы» номинациясын еншіледі. Оларға естелік мүсіншелер мен 50 мың теңгенің сертификаты берілді.

– Турнир жоғары деңгейде өтті. Республикалық жарысқа Көкпекті ауданының атынан қатысып, еліміздің әр өңірінен келген әріптестермен араласып, арқа-жарқа болып қалдық. Мұндай іс-шараларды жиі өткізу арадағы әріптестік байланыстың беки түсуіне, бір-бірімізбен тәжірибе алмасуға зор ықпал етеді. Мақсат жүлде емес – жолдастық қарым-қатынас, достық ойын. Осы жағынан алғанда бұл футбол бәсекесі өзінің миссиясын толық орындады. Осындай спорттық шараны өткізуге мұрындық болған, қолдау көрсеткен Өскемен қаласының әкімдігіне алғыс айтамыз, – дейді Абай облысы, Көкпекті ауданының намысын қорғаған «Көкпекті» командасының капитаны, «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің редакторы Дархан Бердібек. 

Шығыс Қазақстан облысы