Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ол туралы «Amanat» партиясы филиалдарының есеп беру конференциясында айтылды. Іс-шараға аймақтағы саяси кеңестің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Делегаттар партияның аудандық және облыстық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамын бекітті. Осылайша, 1 қалалық және 10 аудандық филиалдардағы Саяси кеңестердің құрамына 82 адам кірді. Айта кетсек, биыл аталған кеңестердің құрамы 63%-ға жаңарған. Оның 16%-ы жастар, 34%-ы әйелдер.
Партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Кейінгі екі жылда «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Жастар Отанға» жобалары аясында 70 мыңнан аса адамды қамти отырып, 1150-ден аса іс-шара өткізілді.
«Былтыр облыстық комиссия «Жер аманаты» жобасы аясында 100 мың гектардан аса пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарса, жыл басынан бері тағы 61,3 мың гектар жерді қайтарып алды. Биыл Ұлан ауданы Гагарино ауылы мен Алтай ауданы Северное ауылы тұрғындарының өтініші бойынша партияның араласуымен жайылымдық және шабындық жерлерді қайтару мәселесі оң шешімін тапты», деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Ал Шығыс Қазақстан облысының мәслихатындағы «Amanat» депутаттарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде партияның депутаттық фракциясының жетекшісі Тұрарбек Әзекенов баяндады. Халық қалаулылары азаматтарды қабылдап, партиядағы қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысады және партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуын қадағалайды.
«2027 жылға дейін 6,8 мың оқушыға арналған 17 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде Өскемен қаласында – 600, Зайсан қаласында – 300, Шемонаиха қаласында – 300 және Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Депутаттық бақылаудың нәтижесінде «Омбы – Майқапшағай» жолы жөнделді», деді Т.Әзекенов.
Жалпы, 2021-2022 жылдар аралығында өңірде 4 мектеп пайдалануға беріліп, мұражай-археологиялық кешен, 2 ауылдық клуб, 5 спорт нысаны бойы көтерді. Сонымен қатар әлеуметтік саладағы 69 нысан жөнделіп, 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Осы күні «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өңірдегі белсенді жастармен, жас спортшылармен кездесті. Балалар мен ересектерді саламатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында 13 спорт нысанын, оның ішінде 3 GYM орталығын, 3 спорт модулін және 6 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделген екен. Сонымен қатар 100 мыңнан аса бала спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады.
Атқарушы хатшы бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен әңгімелесіп, БПҰ саяси белсенділіктің өзегі әрі қозғаушы күші саналатынын атап өтті.
«Бүгінде партияның 800 мыңнан аса мүшесі 4 мың бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Шын мәнінде, олар саяси ұйымымыздың негізі. Дәл сол ортада азаматтар партия қатарына қабылданады және қоғамда партияның құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жаңа көшбасшылар қалыптасады. Екі жыл сайын қоғам белсенділерін анықтап, нәтижесінде партияның кадрлық резервін қалыптастыруды күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Партиялық ұйымдардың маңызды функцияларының бірі – жергілікті көшбасшыларды қолдау. Партия олар үшін өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретін алаңға айналуы шарт», деді Дәулет Кәрібек.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында 155 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 28 мыңнан аса «Amanat» мүшесі бар.
Шығыс Қазақстан облысы