Мұхтар Әуезов алпысыншы жылдардың басында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданында іссапарда болып, 102 мың қаракөл қойын және 2 мың түйе өсіріп отырған «Темір» кеңшарының директоры Шерім Ермановпен және сол өңірдің айтулы азаматтарымен әңгіме-дүкен құрған екен. Соның негізінде кейін «Баға жетпес қасиеттер жайында» атты мақала жазыпты. Онда «Түйе шаруасының бар жайын жақсы білетін директор Ерманов бар түйе тегін үшке бөліп сөйлейді. Бірінші тегі түрікпен тұқымды пар – қылқи. Ол ерен сүтті мал. 10 литрден 25 литрге дейін сүт беретіні болады. Екінші тегі, Астрахань айыры, бұл да қазақтың жай айыр өркешінен ірі келеді. Айыры кең, мұның тегі Моңғолстаннан келген. Үшінші тегін таза моңғол дейді екен. Жері жайлы, шөбі түйе баласы үшін сонша шүйгін «Темір» кеңшарында көп түйеге қарап, мұндай да түйелер болады екен-ау деп таңырқайсың.
Шәуілдір шаруаларының көзге күйкі өкінішті бір қиын жайы не десек, сол мал баққан шаруалар тұратын үй-жайлар әлі көбінше ескі, жаман жер-кепеге жуық, жыртық-тесік қора-жай, жарты лашықтар көп. Бұл ретте «Темір» кеңшарының орталығында салынып жатқан едәуір мол, жаңа үйлерге сүйсінесің. Көктемде Сырдың суы алып кеткен көп қора-жайларды енді қыратқа шығарып, шопандар мен кеңшар жұмысшыларына жүздеген жаңа үй салыныпты. Бұл да жақсы бастаманың бірі», деп әңгімелеген. Басқарып отырған шаруашылығын алдыңғы қатарға шығарған Шерім Ермановтың еңбегінің нәтижесіне сүйінген жазушының аузы дуалы ғой. Кейін қаракөл терісінің сапасы мен түрлері бойынша республикада бірінші орынды иеленіп, «Коммунистік еңбек ұжымы» атанған және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған кеңшар директоры Шерім Ермановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Ол – Қарағанды облысындағы Нұра аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Егін шаруашылығы халық комиссариаты мал шаруашылығы басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарында абыроймен еңбек еткен мемлекет қайраткері. Өзінің адал да абыройлы жолын жалғап, инженер-құрылысшы мамандығын алып, Шымкент қаласындағы Асбестцемент конструкциялар зауыты ең ірі цехының бастығы, облыстық кеңес депутаты болған ұлы Тілдәбектен көрген немересіне Мұхтар есімін өзі қойып, жақсы ырым етіп, «Мұхтар Әуезов атасындай атақты жазушы болмаса да, соған ұқсап білімдар, елінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын парасатты азамат болсын», деп бата беріпті.
«Атамның сол уақыттағы кеңшар халқына жасаған тағы бір жақсылығы – заман талабына сай тамаша клуб салдырып бергені. Бұл мәдениет ошағы сол кездегі ауыл жастарының жиі бас қосатын орнына айналған. Және осы клубтың алғашқы меңгерушісінің бірі кейін бүкіл қазақ даласына танымал болған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов еді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков осы клубта екі рет Қазақстан комсомол ұйымының республикалық семинарын өткізген. Бұл клубқа ұлтымыздың талай айтулы тұлғалары: Ғабит Мүсірепов, Ғафу Қайырбеков, т.б. келіп, руханият жайында шешіле әңгіме өрбіткен. Бұған қоса, Шәмші ағамыздың музейі мен ескерткіші осы ауылдың Шерім Ерманов атындағы көшесінде орналасқандығы да – ұрпақ үшін зор мақтаныш.
Жалпы, атам Шәмші ағамызға үнемі қолдау көрсетіп жүрді. 1965 жылы оған сыйлаған пианиносы қазір Астанадағы Ұлттық мұражайда сақтаулы. Бұл аспапқа: «Қымбатты Шәке! Қазақ даласын қарлығаштай қалықтап жүрген әсем әуезді әндерің үшін жерлестерің Шымкент облысының жастарынан. Шәмші! Жұрт сенен жүректі жылытар әндер күтеді. Шерім ағаң Ерманов. Шымкент қаласы» деген сөздер ойып жазылған», дейді Мұхтар Ерман Ер атасын тебірене еске алып.
Ол туып-өскен «Темір» кеңшарында кілең қазақтар тұратын. Сондықтан ата-анасы Шымкент қаласына көшіп келген кезде орыс тілін мүлдем білмейтін еді. Әке-шешесі ата-әжесімен ақылдаса отырып, оны №8 орта мектепке (қазіргі М.Дулати атындағы мектеп) берді. Мұның басты себебі, аталған мектептің өзге білім ұйымдарынан басты ерекшелігі – ағылшын тілін тереңдете оқытатындығы еді. Оның үстіне, талай талантты түлекті қияға қанат қақтырған, жүзжылдық бай тарихы бар көне мектеп болатын. Осы білім ордасындағы біліктілігі жоғары ұстаздар оқушыларға терең білім бере білді. Нәтижесінде, шәкірттері еліміздің ғылымы мен білімін, экономикасы мен мәдениетін дамытуға мол үлесін қосып келеді. Сондай-ақ дипломатия, қорғаныс, қауіпсіздік саласында жауапты қызметтер атқарып жүр. Мұхтар «Пушкиннің тілін» де, «Шекспирдің тілін» де осы мектепте оқып үйренді.
Бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тарих және физика факультеттерінің алты жыл бойы ағылшын тілінде оқытатын арнайы бөлімінде оқу – кеңес заманында кемінде онның бірінің ғана қолынан келетін мәртебе-мерей еді. Бұл көрнекті ғалым және ғылымды ұйымдастырушы, қоғам қайраткері, академик Өмірбек Жолдасбековтің білім саласындағы жаңашыл әрі перспективті идеясы еді. Тарих пәнін ағылшын тілінде оқитын саусақпен санарлықтай шәкірттің бірі Мұхтар Ерман болды. «Адам болатын бала алысқа қарайды» дегендей, ол бұған тоғызыншы сыныптан бастап жоғары оқу орындары оқулықтарының негізінде дайындалған екен.
Мұхтар Тілдәбекұлы ҚазМУ-ды аяқтаған соң еңбек жолын 1986 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтының ассистенті, тәлімгері болып бастады. Арада бес жыл өткенде «Казахстанская правда» газетінен жас мамандарды Түркияға тәжірибе алмасуға шақырған хабарландыруды көзі шалып, түбі бір туысқан елге барып, білімін жетілдіруді ұйғарды. Тиісті тестілеу сынағынан сәтті өтіп, 1992 жылғы маусым айында Анадолы жеріне аттанды.
«Бұл – еліміз енді ғана азаттық алып, экономикалық қиындықтар құрсауында қалған кез еді. Көп нәрсені тәуелсіз мемлекет талаптарына сай өзгертуге мұрша келмей жатты. Соның ішінде жеке басты куәландыратын құжаттарды да. Түркияға ұшақпен ұшып келіп, әуежайда күйреп тынған КСРО-ның қызыл паспортын көрсеткен кезімде түрік ағайындардың аң-таң болған жүздері мен «КСРО деген мемлекет жоқ қой жер бетінде...» деген сөздері әлі есімде. Әйтеуір, қызыл паспорттың бір бетіне «Қазақстан азаматы» деп қара мөр басылған болатын, соны көрсетіп қызарақтап едік. Қазір шетелге шыққанда қолымызда болатын көк паспортқа қарап, көңілім сүйініп, Түркияға алғаш барғанымда қызыл паспорттан қысылғаным ойыма оралады», деп еске алады Мұхтар Ерман.
Ол Ыстанбұл университетінде, Измирдегі «Тоғызыншы қыркүйек» университетінде, Анкарадағы Мемлекеттік жоспарлау агенттігінде екі жылдай тәжірибеден өтіп, түрік тілін еркін меңгеріп алды. Соның арқасында алты жылдай Түркияның «Яшар Холдинг» ірі компаниясының Алматы қаласындағы өңірлік менеджері болып жемісті қызмет атқарды.
«Әлі күнге дейін жұмыстан қол босағанда бауырлас түрік елінің медиасайттары мен телеарналарына шолу жасап отырамын. Жалпы, ағылшын және түрік тілдерін білгенімнің пайдасын түрлі салада қызмет істеген кезімде, әсіресе Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезімде және қазіргі Орталық сайлау комиссиясының хатшысы қызметімде де молынан көріп жүрмін. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп халқымыз бекер айтпаған ғой», дейді Мұхтар Тілдәбекұлы.
Ол 1999 жылы Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Алматы жарнама» мемлекеттік кәсіпорнын құрып, оның директоры болып қызмет атқарған кезінде ел мүддесін жеке мүддесінен жоғары қоятын азаматтық ұстанымымен көзге түсті. Себебі бұрын мегаполисте жарнама нысандарын орналастыруға жұмсалатын қыруар қаражатты жеке компаниялар алып келген болатын. Осы жағдайдан сыбайлас жемқорлық иісі мүңкіп тұрғанын ескеріп, Мұхтар Тілдәбекұлы жаңа жұмыс моделін құрды. Нәтижесінде, жарнаманы орналастыру үшін төленетін төлем қала бюджетіне тікелей түсетін болды. Осылайша, сыртқы жарнама «оңтүстік астана» экономикасының маңызды секторына айналды. «Алматы жарнаманы» М.Ерман басқарған 5 жыл ішінде шаһар қазынасына сыртқы жарнама түсімінің көлемі 50 есе артты. Қазіргі таңда бұл тәжірибе еліміздің бүкіл өңірінде қолданылады.
Саяси практикалық тәжірибе жинаған азаматтың қайраткерлік тұлғасы VІ, VІІ шақырылымдардағы Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде сомдала түсті. Оның іскерлік қасиетіне қоса, кезінде партияаралық қатынастарды тиісті деңгейде дамытуға атсалысқаны ескеріліп, жоғары заң шығарушы органның төменгі палатасының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.
Мұхтар Тілдәбекұлы депутаттық қызметінде мемлекетшіл пайымымен, жан-жақты білімділігімен және саяси белсенділігімен ерекшеленді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қабиболла Жақыпов, Сауытбек Абдрахманов, Бақытжан Ертаев, Абай Тасболатов сынды аға әріптестерімен бірлесіп, талай игі іске ұйытқы болды. Мәселен, 2016 жылғы жазда Ақтөбе қаласында болған терроризм оқиғасынан кейін Комитет мүшелері жаңа заң жобасын әзірлеп, оған еліміздегі қару айналымына бақылауды күшейтуге, халық пен мемлекетті террористік қатерден қорғау деңгейін арттыруға бағытталған нормаларды кіргізді. Ал Арыс қаласының маңындағы әскери қоймалардағы адамдар өлімі мен ауыр зардаптарға әкеліп соққан жарылыстардан кейін қолданыстағы заңнамаға оқ-дәрілерді сақтау тәртібін күшейтетін түзетулер енгізілді. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа жүйесін енгізуге септігін тигізді. Нәтижесінде қазір Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің әскери қызметшілері тұрғын үйді жеңілдікпен ипотекалық несиеге рәсімдеп, жаппай баспаналы болып жатыр. Мәжіліс депутаты болған уақытта көптеген шет мемлекеттің Президенттік және Парламенттік сайлауларында байқаушы болды. ЕҚЫҰ, ТМД, Түркі мемлекеттерінің Парламент Ассамблеяларының қатарында, Халықаралық Парламент одағы шеңберінде жауапты қызметтерді атқарды.
Сондай-ақ Оңтүстік өңірдің халқымен жиі кездесіп, көптеген инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысанды аралап, республикалық бюджет талқыланған уақытта қажетті қаражаттың бөлінуіне атсалысты.
Мұхтар Ерман өткен жылдың наурыз айынан бастап Орталық сайлау комиссиясының хатшысы қызметін атқарып жүр. Әділетті мемлекет орнату мақсатын алға қойған Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру ісіне аянбай атсалысу үстінде.
М.Ерманның елге сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Президенттің Алғысхаттарымен, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің «Содружество» орденімен және бірнеше халықаралық медальмен, төсбелгілерімен марапатталды.
...Шерім атасы: «Балам, өмірде қандай қиындық көрсең де, ешқашан еңсеңді түсірмей, жадырап жүр. Кісіге сәлемің де түзу болсын», деп отырушы еді. Мұхтар Тілдәбекұлы сол сөзді өсиет етіп қабылдап, өзінің кең жаратылған мінез-болмысына мықтап сіңірді. Әрдайым үлкенмен де, кішімен де ілтипатпен амандасып, жарасымды әзіл-қалжыңын айтып, ақжарқын қалпынан айнымай келеді. Бұл қасиет қызмет басында жүрген азаматтардың бәріне жұғысты болғай.