А.В.Затаевич (ортада) қазақ өнерпаздарымен бірге
Ол заманда қазіргідей жазып ала қоятын диктофон жоқ, айналасын ашаршылық жайлаған, халықтың тұрмысы нашар, ақ пен қызыл тайталасқан қырғын соғыс жүріп жатты... Осындай ауыр жағдайда жүріп-ақ қазақ өнерінің жоқшысы болған Затаевичтің атасына мың рахмет.
Бұл кісінің туған жері – Орел губерниясы. Туған жылы – 1869. Сегіз жасында әкеден айырылған. Орелдегі әскери гимназияда оқып жүріп, музыкамен айналысқан. Нота жазып үйренген. 1920 жылы Орынборға қызметке келеді. Осында жүріп ұлт қаймақтары: Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Е.Алдаоңғаров, Ж.Аймауытов, Б.Майлиндермен танысады. Бұлардан көптеген ән жазып алады.
Қазақ әнінің әуезділігіне құныққан зерттеуші 1926-1927 жылдары Қазақ Халық ағарту комиссариаты арқылы Семей, Қарқаралы, Орал, Жетісу өңірлерін аралап, ел ішіндегі қазыналарды жиып-тереді. Қолына түскен ән-күйдің ноталарын жазумен қатар, кейбіреулерін фортепиано сүйемеліне икемдеп, оркестрге түсірді. Орындаушысы өзі болған. Абайдың музыкалық мұрасы жөнінде алғаш пікір айтқан да осы кісі.
Атақты композитор Рахманиновпен таныстығының арқасында қазақ әндерінің жинағын Америкаға жіберіп, ондағы жұртты құлағдар еткен. Қазақ өнерін шет жұртқа насихаттаған алғашқы адам да Затаевич.
Бұл кісіге Алаш арыстары да жолығып, ән жаздырған. Расын айтар болсақ, қазақ оқығандарының барлығы өздері білетін әндерді айтып беріп, жаздырған. Мысалы, Міржақып Дулатов 1919 жылдары «Қанат талды» дейтін ән шығарған. Оны жасырып, Сейітжан салдікі деп келдік. Жақаң бұл әнді амалы таусылып, жан-жағына большевиктердің қыспағы түскен кезде шығарған сияқты. 1920 жылдары Қорғалжынға келген сапарында «Қанат талдыны» Қосымжан Бабақовқа үйретеді. Әнді елге таратқан – Қосымжанның ағасы Сейітжан сал. Сондықтан ән осы кісіге телініп келген.
1934 жылы Иса Байзақов жоғары жақтың тапсырмасымен әннің мәтінін өзгерткен.
«Әндердің ұлы атасы
«Қанат талды»,
Арқада аңыратқан
Сейітжан салды...»
деген жолдар қосылған.
Қысқасы, Затаевич Міржақыпқа жолығып, «Қанат талды» және «Кер заман» дейтін әндерін жазып алған.
Бұл кісінің ұқыптылығы – әндерді жазып алумен қатар, оны кімнен жазып алғанын хаттап-шоттап отырған. Кейбір әндердің шығу тарихына да мән берген. Сонымен қатар термелерді де жазып алған. Мысалы, 1934 жылы Алматыда талантты өнерпаздардың слеті өтеді. Онда Нартай Бекежанов терме айтқан. Оны Затаевич тыңдап көріп, қолма-қол қағазға түсірген.
Қазірдің өзінде айтылып жүрген «Сырдың қараторғайы» дейтін ән бар. Бұны Үкілі Ыбырайдың әні деп жүрміз. Затаевичте әннің 9 нұсқасы берілген. Осы кісінің арқасында қазақ өнерінің майталмандары: Біржан, Мұхит, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Мәди, Майра, т.б. аттары алғаш рет баспа бетін көрді. Жоғарыдағы кітаптарының соңында қазақтың әнші-күйшілері жайлы құнды пікірлер айтылған.
Сонымен қатар А.Затаевич қазақ күйлерін де нотаға түсірген. Атап айтқанда, «Кенесарының көкбалағы», «Қалмақтың қара жорғасы» дейтін күйлер бізге жеткен. Осы екі күйді 1926 жылы Қарқаралыға барған сапарында ағайынды Түрікбай және Мүрәсіл Меңаяқов деген азаматтардан жазып алыпты. Сол сияқты Орал өңірін аралаған сапарында Бөкейдің тікелей ұрпағы Науша Бөкейханов дейтін күйшіден Құрманғазының «Адайын» да жазып алған.
Әрине, оның сал-серілер жайлы айтқан оғаш пікірлері бары рас. Бірақ бұған қатысты Қайыржан Маханов бастаған музыкатанушылар А.Затаевичтің пікірін түзетіп, бұлай деуінің себеп-салдарын айтты. Оның сыртында әндерді нотаға түсіргенде сәл-пәл қателік жібергені жайлы да айтылып жүр.
«Оған түсіністікпен қараған жөн. Өйткені әнді қолма-қол жазып алатын қазіргідей құрал жоқ, оның үстіне қазақтың тілін білмейтін адамға әннің ырғағын қағазға түсіру – қиын. Әнді бір емес, бірнеше рет қайталап айттыру керек. Әнді қайта-қайта айтатындай адамдардың көңіл күйі бола ма, жоқ па... Қайта біз бұл іске сын айтпай, рахмет айтуымыз керек», деуші еді өнертанушы ағамыз марқұм Қ.Маханов.