Қаратал ауданына қарасты К.Тоқаев орта мектебі мен Кәлпе орта мектебі күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін оқушылармен қайта табысып отыр. Бірнеше ай есігі жабық тұрған оқу ордасы Білім күнінде шәкірттеріне қуаныш сыйлады. Одан кейін гуманитарлық колледж ашылып, жас талапкерлерді қабылдады.
К.Тоқаев орта мектебінің жобалық қуаттылығы 640 орындық, 900 бала білім алады. 2022 жылы 200 орындық қосымша ғимарат салынған. Биыл К.Тоқаев қоры арқылы «BI Group» компаниясы негізгі ғимаратқа толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, материалдық-техникалық тұрғыдан толық жаңартылды. Замануи пәндік кабинеттер, асхана, концерттік зал және спорт залы жасақталды. Сонымен қатар кітапхана, тренажер залы, мультимедиалық кабинет, IT кабинет, медиатека кабинеттерімен жабдықталды. Жаңа оқу жылында 905 оқушы, оның ішінде 1-сыныпқа 74 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады.
Ал колледж құрылысы өткен қараша айынан бастап жүргізілген. 100 талапкерге арналған білім мекемесінің 30 орындық жатақханасы бар. Құрылыстың жалпы құны 1,641 млрд теңгені құрады. Колледж іші кітапхана, тренажер, спорт және концерттік залдармен жабдықталған. Биылғы оқу жылында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша 50 білім алушы, қабылданды.
Ал Кәлпе ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 1,6 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мектепте 234 оқушы, 30 мұғалім бар. Өткен оқу жылындағы білім сапасын бақылау көрсеткіші 65 пайызды құраған. Жөндеу жұмыстары кезінде балалар көрші ауылдағы мектепте білім алды. Күрделі жөндеу аясында материалдық-техникалық базасын жаңартуға бюджеттен 101 млн теңге қарастырылып, қажетті заттар толық сатып алынған.
Жалпы, Кәлпе орта мектебінің іргесі 1970 жылы қаланған, жобалық қуаттылығы – 960 орын. Мектеп ғимаратын тиімді пайдалану, балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мақсатында қосымша 50 орындық шағын орталық (толық мерзімдік) және 640 балаға арналған балалар шығармашылық орталығы ашылды. Орталық музыка, сурет және компьютерлік графика сабақтарына қажет заттармен толық жабдықталған. Мектепте асхана, спорт және акт залдары, жеке спорт алаңдары бар стадион орналасқан. Сонымен қатар мектеп аумағында 50 орындық балабақша да пайдалануға берілді. Өткен оқу жылында жаңа модификациялы физика, химия, биология кабинеттері сатып алынып, мектеп кітапханасы модернизациядан өткен екен.
Ал Көксу ауданына қарасты Бесқайнар орта мектебі жүзден астам оқушы қабылдай алады. Мектепке дейінгі шағын орталығы бар жаңа оқу ордасы заманауи жиһаздармен, интерактивті панельдермен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, оқу кабинеттері барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мектеп аумағы абаттандырылған, футбол стадионы, хоккей алаңы, воркаут алаңы, балаларға арналған ойын алаңы бар. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау орнатылған. Білім ордасындағы 12 сыныптық жинақта 140 оқушы оқиды.
Қазақстанның 10 жылдығы ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық орта мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Мектептің ескі ғимаратында небәрі 7 оқу кабинеті болған еді. Мерекелік іс-шаралар өтетін акт және спорт залдары болмаған. Қазір бұл мәселе шешімін тауып, материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. Ғимарат сырты толық абаттандырылып, футбол стадионымен, жаттығу алаңдарымен және ойын бөлмесімен толықты. Мектепте 81 оқушы оқиды.
Сонымен қатар Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылындағы №49 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған 780 орындық мектепке 727 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген еді. Мектепте 1-11-сынып аралығында 878 оқушы білім алады, 48 сынып жинағы құрылған.
Айта кетейік, биыл Жетісу өңірінде 16 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалғаны ел игілігіне берілді. Бүгінде оның үшеуі мерзімінен бұрын ашылды. Облыс бойынша 69 елді мекеннен 1766 оқушы тасымалданады. Биыл 604,2 млн теңгеге қосымша 12 автобус сатып алу жоспарланса, оның 7 автобусы жуырда білім беру ұйымдарына берілді. Қалған 5 автобус жыл соңына дейін жеткізіледі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жалпыға бірдей білім беру қорынан жекелеген санаттағы 23 486 оқушыны мектеп формасымен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Сондай-ақ жаңа оқу жылында 52 мың бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Өңірде 130 мың оқушы оқиды. Ал бірінші сыныпқа 13 500 оқушы қадам басты.
Жетісу облысы