Іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту және мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін ынталандыру болса, байқаудың шарты – әрбір үміткер қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының кез келген шығармасынан алынған мәтінді жатқа оқып, бейнематериалды әлеуметтік желіде жариялауға тиіс.
Байқау-акцияға еліміздің барлық өңірінен 200-ге тарта адам қатысса, олардың арасында орыс, түрік, әзербайжан, тағы басқа этнос өкілдері бар екен. «Әсіресе бұл іс-шараға Жамбыл облысының тұрғындары айрықша белсенділік танытты», дейді ұйымдастырушылар.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік желідегі «лүпіл» саны жоғары үміткерлердің бейнематериалдарын қазылар алқасы саралап, салыстыра отырып, жүлдегерлерді анықтады.
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беру орта мектебінің биология пәні мұғалімі Абдуләзиз Мәжитов (суретте) бас жүлдеге лайық деп танылып, ақшалай сыйлыққа ие болса, Алматы облысы Қарасай ауданы Жібек жолы ауылдық округі Ә.Байсалбаев атындағы орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Әлиеваға бірінші орын бұйырды. Екінші орынды Шымкент қаласындағы №41 Макаренко атындағы мектеп ұстазы Диана Қырықпаева мен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының зейнеткері Элла Ким Тян-Сен өзара бөліссе, Теміртау қалалық Тілдерді дамыту орталығының тыңдаушысы Дәния Калимуллова мен Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкері Илья Масенко үшінші орынды қанағат тұтты.
Сондай-ақ 10 қатысушы ынталандыру сыйлығына ие болды. Бұдан басқа, мәнерлеп оқып, шеберлік көрсеткен көптеген қатысушы Тіл саясаты комитеті төрағасының дипломымен марапатталды.