Ең бірінші – АЭС салу мәселесін халықтық референдумда қарау. Өте оңды шешім. Енді халық өзі таңдау жасайды. Демократиялық қоғамды осылай ғана қалыптастыра аламыз. Екінші – қорғаныс саласын күшейту. Бұл да өте қажетті қадам. Айналамыз аласапыран болып жатқан кезеңде алдыңғы орында мемлекеттің қауіпсіздігі тұру керек. Ол үшін Қарулы күштер жаңа техникамен, соңғы үлгідегі қару-жарақпен қамтамасыз етілуге тиіс. Үшінші – ауылды дамыту. Президент Жолдауда ауыл халқына шаруашылығын дамытуға барынша жағдай жасауды тапсырды. Аймақтар үшін бұл – жақсы жаңалық.
Әрине, Жолдауда қамтылған бүкіл мәселені шағын пікірмен талқылау мүмкін емес. Алдағы уақытта оны түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Менің айтқым келгені, ендігі кезек – Үкімет пен Парламентте. Мемлекеттің дамуы Президенттің Жолдауындағы сөз бен орындаушылардың ісіне жалғасса ғана қарқындайтынын естен шығармайық. Өкінішке қарай, Президенттің көп тапсырмасы тиісті деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Сондықтан біз қоғам болып жұмылып, тапсырмалардың орындалуына атсалысуымыз қажет. Сонда ғана нақты мақсаттарға қол жеткіземіз.
Ринат ЗАЙЫТОВ,
Мәжіліс депутаты