Қоғам • 05 Қыркүйек, 2023

Ұлттық бірегейліктің темірқазығы

358 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Қазақ тіл білімінің негізін қалап, грамматиканың ғылыми терминологиясын жасаған ағартушы ғалым, мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған бұл күннің маңызы тереңде жатыр. Өйткені, әр халықтың тілі – оның сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінің коды. Сондықтан оны сақтау және дамыту ұлттық бірегейлік пен қадір-қасиетті қалыптастырудың маңызды шарты болып қала береді.

Ұлттық бірегейліктің темірқазығы

Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді дамытуға арналған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. Мәселен, Қазақстан халқының тілдері күні мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайтуды көздеген «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы іске қосылды.

Іс-шара аясында бүгін М.Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған жалпықазақстандық ашық диктант ұйымдастырылды. Диктантқа жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, студенттер мен оқушылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, азаматтық қоғам өкілдері, барлық ниет білдірушілер қатысты. Сонымен қатар қазақ тілін этностар арасында кеңінен насихаттау, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен танысу және әрі қарай өз бетінше білім алуға жағдай жасау арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында биыл Жетісу өңірінде 26-30 маусым аралығында этномәдени бірлестіктерге арналған дәстүрлі «Тіл мектебі» өтті.

Игі бастамаға өңірлерден келген 63 жас қатысты. Тіл мектебінің ерекшеліктері – оқудың жеңілдігі, интерактивтілігі, тілдік кедергілерді жеңу. Бес күн ішінде жастарға кешенді тәсіл негізінде қазақ тіліндегі қарым-қатынастың ситуациялық үрдістері бар нақты тілдік ортаның шарттары жасалды. Тәжірибелік мысалдарын көрсету арқылы мемлекеттік тілді меңгеру перспективасын кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын жүргізіліп жүрген жобаның бірі – «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы. Былтыр бұл жобаға 141 түрлі этнос өкілі қатысты. Биылғы форум Павлодар өңірінде өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Сәтті атқарылған жобалардың бірі – «Қазақстан халқы ертегілері» кітабы. Екі томдық жинаққа еліміздің өзбек, корей, неміс, орыс, шешен-ингуш, еврей, грек, мордва, литва, поляк және т.б. 25 ірі этносының 114 халық ертегісі енгізілді. Жобаның мақсаты – интернет жүйесінде қазақтілді контентті толықтыру. «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Qogam.Life» арнасындағы «YouTube» платформасында да «Ертегілер әлемі» жобасы іске асырылды. 126 ертегіге бейнероликтер түсіріліп, платформада орналастырылды.

ел бірлігі

Жыл бойы түрлі челлендждер ұйымдастырылды. Тамыз айында Абай атамыздың туған күніне орай да осындай іс-шара өткізілді. Барлық отандастарымызды мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі идеясының айналасына топтастыру, қазақ тіліне деген құрмет пен қызығушылықты арттыру мақсатында 4-6 қыркүйек аралығында «Менің таңдауым – қазақ тілі» атты челлендж жүргізілді. Бұл бастамаға әртүрлі этнос өкілдері, оның ішінде славян, корей, украин, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, қырғыз жастары әлеуметтік желілерде белсенді қатысуда. Мысалы, челленджді бірауыздан қолдаған Иван Червинский, Ольга Спирина, Тимур Джумурбаев, Владимир Чеппель, Алексей Лодочников секілді жастар белсенділік танытып отыр.

Еліміздің этнос өкілдері өз ана тілін пайдалануға, қарым-қатынас тілін еркін таңдауға, шығармашылықта пайдалануға құқығы бар. Мемлекет тарапынан бұл үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Достық үйлердің негізінде жексенбілік тіл мектептері жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік тілде – 25, өзге этностардың тілдерін үйрететін 86 мектеп бар. Елімізде этностардың тілдерінде газеттер шығарылады, бірқатар этностық тілдерде радио және теледидар бағдарламалары бар, мысалы «Қазақ радиолары» арнасында күнделікте өтетін «Достық» бағдарламасы жүргізіледі.

Тіл – халықтың игілігі. Тіл – тәрбие құралы және адами қарым-қатынасты байланыстыратын тірек. Тілдер күні – барша отандастырымыздың достығы, туыстығы мен бірлігінің белгісі, ал халық достығы мен татулығы мемлекеттік құрылыстың басты тірегі. Бұл – мемлекетіміздің әрі қарай дамуының кепілі. Мемлекет басшысы «Еліміздің татулығы, бірлігі қашанда ең басты құндылығымыз» екенін ұдайы назарда ұстап отырады. Өз тілін, салт-дәстүрін сақтауға әр азаматтың ықпалы бар екенін де естен шығармауымыз керек.

Назгүл ДОСМАҒАНБЕТОВА,

«Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы