Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2023

Ауыл тұрғындары газ иісінен уланды

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

4 қыркүйек кешкі сағат 22.00 шамасында Темір ауданының Кеңқияқ ауылдық ауруханасына бас айналу, лоқсу белгілерімен бір мезгілде сегіз адам жеткізілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл тұрғындары газ иісінен уланды

Оның төртеуі бес, тоғыз, он бір жастағы балалар болса, қалғаны ересектер. Жедел жәрдем қызметімен жеткен науқастардың төртеуі бірден ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер олардың бәрі үйде газ плитасынан шыққан газ иісінен уланғандарын анықтады.

«Бүгін таңертең ауруханаға жатқызылғандар үйлеріне жіберілді», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

4 қыркүйекте күні бойы Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл, Құмсай, Қопа ауылдарындағы ауылішілік газ тарату желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты күні бойы газ беру тоқтатылып, кешкі сағат 20.30-да қосылды. Бес  ауылдың тұрғындары кеше күні бойы далада жағымсыз газ иісі сезілгеніне шағымданды. Сол ауылдарға газ таратумен айналысатын «Техногаз» ЖШС басшысы Руслан Әміртаев күні бойы осы ауылдарда ауылішілік газ тарату желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілгенін растады. Ал Кеңқияқ елдімекенінде уланған адамдар  газ плитасын жаққанда үй ішіне таралған жағымсыз иістен бірден бастары айналған.  

«Кеше кешкі сағат 20.50-шамасында Кеңқияқ және Шұбарши елді мекендерінің тұрғындарынан газдың иісі қатты шығып жатқаны жөнінде шағым түсті. Газ  құбыры Жаңажол газ өңдеу зауытынан Шұбаршидегі тарату желісіне келген соң әрі қарай Кеңқияқ, Саркөл, Құмсай, Қопа ауылдарына барады. Ал Жаңажол газ өңдеу зауытынан құбыр Жағабұлақ елді мекеніне тіке барады. Бұл ауылдан бізге шағым түскен жоқ», деді Руслан Әміртаев.

Жаңажол газ өңдеу зауытынан Темір ауданының елді мекендеріне тарайтын тораптық желісі «Интергаз-Орталық Азия» компаниясына тиесілі.

Кеңқияқтағы жағдай үй ішінде тұрмыстық плиталарды пайдалану кезінде орын алған жағдай дейді Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов. Оның айтуынша, кеше «Қазгидрометтің» Кеңқияқтағы бекетіне ауада зиянды заттардың асып түсуі туралы дерек түскен жоқ. Экологтар Кеңқияқтағы сегіз адамның улану жағдайына құбырдағы метан газына қосылатын одорант қоспасының мөлшерден көп  қосылуы себеп болуы мүмкін деген пікірде. Одорант адамдардың улануын болдырмау үшін құбырдағы метан газына қосылады. Қазір Кеңқияқ пен Шұбаршидегі жағдайға байланысты Темір ауданында комиссия құрылды.

 

Ақтөбе облысы