ЖОЛДАУ • 06 Қыркүйек, 2023

Әділетті экономикаға – ақ жол!

216 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы айқын, жан-жақты әрі нақты тапсырмалар заңнамалық тұрғыдан алғанда да, адами қабылдау тұрғысынан да жұртшылықтың көңілінен шықты.

Әділетті экономикаға – ақ жол!

«Ақ жол» демократиялық партия­­­сы үшін Жолдау аясында отандық бизнес тарапынан жылдар бойы айтылып келген, бірақ күні бүгінге дейін шешімін таппай жүрген көптеген тақырыптың көтерілгені маңызды.

Жаңа экономикалық модельге көшу қажеттілігі туралы Мемлекет бас­шысы 9 тамызда Павлодарда өткен кеңесте: «Біз Қазақстанның эко­­­но­микалық дамуына өте маңызды сер­пін беруіміз керек. Өз басым жаңа эко­номикалық модельді дамыту мәсе­лесіне қатысты ойлану үстін­демін», деп, Жолдауда өз пайым­дау­ларының көрініс табатынын жет­кізген болатын.

Енді, міне, өз Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы «дамудың са­палық үлгісіне» көшу туралы айта отырып, оны жаңа өндірістік саясатпен, берік өндірістік қалыпты қалыптастырумен, экономикалық жеткіліктілік пен өңдеуші саланың дамуымен байланыстырды.

Бұл тәсіл Пре­зи­денттің азамат­тардың өмірін шынайы жақсартудың негізі ретінде қандай экономиканы көріп отырғанына нақты жауап береді. Егер бұрынғы формат ши­кі­зат пен қаржы секторларына және олардың мүдделеріне (банкирлер 2008-2010 жылдардағы дағдарысқа дейін өздерін посткеңестік эконо­ми­калардың «көшбасшылары» деп санап, сонысымен мақтанатын) назар аударса, енді Қ.Тоқаев өнді­ріс­тік және әртараптандырылған эко­номиканы қолдайтынын нақты атап өтті. Және бұл сөздерді нақты параметрлермен толықтырды: «Рет­телетін сатып алудағы отандық тауар­лар­дың көлемін ұлғайту. Отандық өндірушілермен офтейк келісім-шарттар үлесін кемінде 10%-ға дейін ұлғайту». Бұл – шынымен де жаңа тәсіл.

чсм

Неге екенін түсіндіре кетейін: 2015 жылы Үкімет «қазақстандық тауар» және «қазақстандық өндіруші» ұғымдарының өзін мемлекеттік сатып алу туралы заң­нан алып тастауды талап етіп, тек «Ақ жол» фракциясы ғана Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің ұсыныстарына қарсы өз түзетулерін тоғыз рет дауысқа салса, «нұротандық» көпшілік Үкіметті қолдап, ұлттық экономикаға тоғыз рет қарсы шыққан еді.

Ал «Ақ жол» демпартиясының депутаттары 2020 жылы «Өнер­кә­­­сіптік саясат туралы» заң жобасын қарау кезінде офтейк-шарттар құралын қосу талаптарын енгіз­ді (https://akzhol.kz/kk/blog/a-perwashevting-maezhilisting-zhalpy-otyrysynda-oenerkaesiptik-sayasat-twraly-zang-zhobasyn-talqylaw-barysynda-soejlegen-soezi). Бірінші оқылымда бұл бастамаларды Үкімет қабылдамады, тек біз­дің уәждеріміздің қысымы мен біз ұйымдастырған қоғамдық тал­қы­­лау­дан кейін шенеуніктер ке­лісуге мәжбүр болды. (https://t.me/peruash/2061) Бірақ соған қара­мастан, соңғы үш жыл ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бюрократтары өздері бұғаттап тастаған офтейкті жүзеге асыру үшін заңнамалық акті­лерді әзірлемеген. Сондықтан да Пре­зидент офтейк жүйесін «енгізу» туралы емес (себебі оны заңға осыдан үш жыл бұрын енгізген), «толық іске қосу» туралы айтып отыр.

Президенттің нақты айқындалған ұстанымы осы күресте (айтылған заң­дар бойынша да, осыған ұқсас басқа көптеген мәсе­леде де) көп күш жұмсаған адам­дар ретінде бізге жігер мен сенім­ділік береді. Бірақ, сонымен бірге, бұл нұсқаулар осы жылдар ішінде қанша уақыттың зая кетіп, экономиканы дамытудың қанша мүмкіндігінен айырылғанымызды көрсетеді. Сондықтан «Ақ жол» фракциясы әлеуеті таусылған банктік-шикі­зат­тық парадигмадан алыстап, оны жаңа экономикалық модельге ауыс­тыруға барынша үлес қосады.

Жолдауда, күтілгендей, энергетика саласына баса назар аударыл­ды. Бірақ, сонымен бірге, монополистердің жауап­кер­шілігін арттырып, тариф тең­герімін қоғамдық қадағалауды ұйым­дас­тыру мен шынайы инвестициялар жасау ке­ректігі олар үшін то­сын сый (қуана қой­маған шығар, әрине) болса керек.

Бұл – «Ақ жол» демпартиясы 2013 жылдан бері парламенттік жұ­мы­сында бірнеше рет көтерген өте өзекті мәселе. Ал биылғы Екі­бас­тұз бен Риддер­дегі төтенше оқи­ға­лардан кейін 2022 жылдың 21 жел­тоқсаны (https://akzhol.kz/ru/initiated-bills/ak-zhol-trebuet-likvidirovat-nenuzhnh-posrednikov-mezhdu-nergeticheskimi-kompaniiami-i-potrebiteliami) мен 2023 жылдың 18 қаң­т­арында (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-azastandtar-lektr-nergiias-shn-zhlna-2-trln-tegege-dejn-art-tlejd) жасаған депу­таттық сауал­дарымызда біз тиісті бақы­лаусыз «инвестицияға айырбас тарифі» бағ­­дарламасы он жыл бұрын бол­ған­дай, қайтадан ұрлық пен қаржы­ны ше­телге шығаруға әкеп соғатынына мем­­лекеттік органдардың назарын аудар­дық.

Жазда ел бойынша жасаған сапар­ла­рымның барысында мен Риддер ЖЭО-да болып, қалпына келтіру шараларының бары­сымен таныс­тым. Үкімет орасан зор күш салып, барлық қажетті қа­ра­жатты бөлгенін мойындау керек. Жергілікті органдар жұмыстың жоғары қарқынын ұйымдастырып, материалдар үздіксіз жеткізілуде екен. Бірақ стансаның жалпы жағдайы физикалық ресурс­тар­дың таусылғанын, өзге де шара­лар­дың қажеттілігін көрсетеді. Ма­мандардың айтуынша, бүкіл мемлекет ауқымында қарастыратын болсақ, Риддер ЖЭО-сы 50-ден астам осы тектес нысанның ішіндегі ең нашары емес. Мүмкін болатын баламалар – атом энергетикасын қолдану мен жылу жүйелерін орталықсыздандыру (еуропалық үлгі бойынша), бірақ тағы да алдыңғы орынға қауіпсіздік мәселесі шығады. Дегенмен өткен маусым таң­дауды көпке созуға болмайтынын анық көрсетті. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу туралы шешімі дер кезінде жасалды.

Сондай-ақ Президент энерге­тикалық машинажасауды дамыту мақсатын да атап өтіп: «Генерация нысандарын кеңейту – технологиялар трансферті мен энергетикалық машинажасауда өндірісті локали­за­циялаудың негізі...», деді. Бұл мәселені энергетикадағы дағдарыс аясында «Ақ жол» фракциясы биыл 14 маусымдағы де­­пута­т­­тық сауалында көтерген еді (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/mashina-rastru-bl-tek-ana-avtomobilder-emes-kommunald-apattard-aldn-alu-zhne-salan-zhartu-masatnda-nergetika-mashinalarn-zhasaud-zhedel-jmdastru-kerek), оған берген жауабында Үкімет «энерге­ти­калық машинажасау ел бойынша негізінен қозғалтқыштар мен турбиналар өндірісімен қамтылған» деп хабарлады. Алайда, отандық машинажасаушылардың өздері мұн­дай өндіріс туралы ештеңе біл­мейді (https://t.me/peruash/9476). Үкіметке мұндай жаңсақ ақ­­паратты кім бергенін білмеймін (бе­йінді министрлік берсе керек), бірақ мұны Президент әкімшілігі құп көр­­меді. Қазақстанда өндіріс ретін­дегі энергетикалық машинажасау бү­гінде жоқ, осындай жабдықтарды жөн­деу мен қарау бойынша қуат­тар бар. Жөндеуден сериялық шы­ғарылымға көшу үшін технология­­лар трансферті мен өндірісті жер­гіліктілендіру (локализация) қа­жет – энергетикалық машинажасауды электротехникалықтан (аккумулятор өндірісі) бөле қараған Қ.Тоқаев та осы жөнінде айтқан еді. Біздің сауалымыздан кейін-ақ бір­қатар машинажасау кәсіпорны қа­жетті қолдау шаралары, ең алдымен, шығарылатын өнім сатып алынған жағдайда, Мем­лекет басшысының тапсырмаларында айтылған энергетикалық жаб­­дықтарды шығаруды бір ізге қоюға даяр екендіктерін жеткізді. Сонда қалай – қағазбастылықтан ары­­лып, нақты іспен айналысу үшін ше­неу­ніктерге міндетті түрде Пре­зидент Жолдауын күту керек пе?

чсм

Экономиканы әртараптандырудың айтарлықтай ілгерілеуі ретінде автоком­поненттер өндірісі туралы тапсыр­маны атауға болады. Қо­ғамдағы «дөң­гелекке тығын тығу» мен утильалым туралы пікірталастар о­тан­дық автоқұрастыру зауыттарын ша­ғын­түйінді жинақтауға (CKD) кө­шу­ге мәжбүрлеуде. Соның аясында қо­сым­шалар өндірісі кезең-кезеңімен отандық мердігерлерге берілуі керек. Осы жылдың шілде-тамыз айларында біз, «Ақ жол» демпартиясының депутаттары, «Hyundai» (Алматы https://t.me/peruash/9484) мен «Allur Auto» (Қостанай https://t.me/peruash/9648) зауыттарында болып, отандық үлестің одан әрі артуы мәселесін талқылаған болатынбыз. Екі жағдайда да жауапты инвесторлар шетелдік әріптестеріне жергіліктілендіруді тереңдету қажет­ті­лігін түсіндіре алды. Келесі жылы жергілікті қамтуды 50 пайызға жет­кізу керектігі туралы ортақ түсі­нік бар. Алматылықтар 2030 жылға қарай 100 пайызға шықпақшы. Тағы бір нұсқа ретінде CKD бойынша құрастырылатын модельдерге ғана мемлекеттік жеңіл­діктерді қолдану нормаларын енгізу қарастырылуда. Жақында ғана қайта құрылған Қа­зақстан автомобиль ода­ғының бас­шы­лығымен кездесуде осы мәсе­ле­лерді пысықтап (оның ішінде утильалымды жою), «Өндірістік саясат туралы» заңға өндірістік жинақтау туралы ұсыныстар әзірлеуге келістік.

Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы маши­на­жасау­ды дамытудың кезекті кезеңіне саяси ықпал тигізіп, саланың кенжелеп қалмай, алға басуына жол ашады. Мұндай көшуден күтілетін нәтиже көлік бизнесіне, жаңа технологиялар мен өнім түрлерін игеруге, лайықты жалақысы мен салалық табыстың ке­ңей­тілген қайта бөлінуін қамтыған мыңдаған мамандандырылған жұ­мыс орны ашылуына жекелеген алпауыттардың ғана емес, ондаған ШОБ кәсіпорнының тартылуы болуы керек.

Жолдауда айтылған ең өткір мә­­се­ле­лердің бірі ретінде Прези­дент­тің су тап­шы­лығына қатысты са­лиқалы да кешенді ұстанымын атап өту керек. Тамыз айында «Ақ жол» демпартия­сы­ның депутаттары Жамбыл облысының қуаңшылықтан зардап шеккен егістіктерінде диқан­дармен кездескен еді (https://t.me/peruash/9557). Олар да Жол­дауда аталып өткен мәселелерді көтерді: «Қазсу­шар­дың» су балансын болжау мен жоспарлаудағы қабілетсіздігі, көрші елдермен келіс­сөздер жүргізе алмау, суды бұру инфра­құрылымының осалдығы салдарынан болған үлкен шығындар, гидрогеология мен су қоймаларының жоқ­тығы, бұрыңғы артезиан құ­дық­тарының иесіз қалуы, кадр тап­шылығы... Осы тектес мәселелерді Алматы, Павлодар, Ақмола облыстары мен өзге өңірлердің шаруалары да көтерді (https://t.me/peruash/9694). Жалпы, трансшекаралық өзендердің су қоршауларын реттеу мәселесін біздің фракция 2012 жылдан бері депутаттық сауалдарында көтеріп келеді. Бұған дейін бұл тақырыпты Қытай Компартиясы ОК-мен кездесуде көтерген едік. Бірақ жаһандық үрдістер белең алуда, сондықтан көршілес мемлекеттермен келісімдерден бөлек, Президент атап өткендей, су ресурстарының ішкі пайдаланылуын оңтайландыру қажет. Бірқатар көршілес елде (Иран, Ауғанстан) жаһандық құрғақшылық салдарынан жергілікті халық бағзы замандардың өзінде-ақ жерасты кәріз суларына көшуге мәжбүр еді. Бүгіндері табиғат адамзат баласына кезекті сынақтарын жіберуде. Сондықтан Қ.Тоқаевтың суды үнем­деп тұтынуға мән беру туралы тап­сырмаларына жауапкершілікпен қарау керек. Біздің ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші ретіндегі эконо­ми­калық болашағымыз да, азық-түлік қауіпсіздігіміз мен өңірлердің күнкөрісі де осыған байланысты.

Экономиканың қозғаушы күші болудың орнына, оны тежеп отырған, салдарынан миллиондаған қарапайым отандасымыз оның көпжылдық сәтсіздіктерін өз иықтарына салып ар­қалап жүрген саланың бірі – кө­лік-логистикалық сала. Президент теміржол, әуе, теңіз, автокөлік тран­зиттері әле­уетінің стратегиялық тү­йін­дері мен бағыт­тарын белгілеп берді, тиісті тариф­тік және реттеуші саясатты әзірлеп, жеке инвестициялар тартуды тапсырды. Ал осы тұста депутаттардың пошталарына вагон жетіспеушіліктері, ҚТЖ-ның жеке тасымалдаушыларды ығыстырып шығарғысы келетіндігі, жүк тиеу үшін ҚХР-мен арадағы кедендік көлік өткелдеріндегі кептелістер, өзге елдерге жүк жеткізіп беруге рұқсат алу кезінде отандық автокөлік компания­лары құқықтарының тапталуы, т.б. туралы өтініштер ағылып келуде. Әуе билеттері бағасының шарықтап кетуі мен жауапсыздық деген бөлек әңгіме: «Эйр Астананың» қымбатқа түсетін ұшуларын (осы негізде өңірлік мар­шруттарды монополиялап алған) алмастыруға тиіс болған «лоукостер» баға жағынан ұлттық тасымалдаушыны қуып жетті (алайда, қызмет сапасы ол деңгейде емес) және белгілі болғандай, онымен «бір қалтаға» жұмыс істейді екен. Мұның барлығы – логистиканың қымбаттауы мен ұлттық экономиканы жеке аймақтар мен нарықтарға бөлшектейтін жасырын монополияландыру. Алайда, өз азаматтарымыздың пайдасы мен ұлан-ғайыр аумақты тұтастықта ұстау да аса маңызды.

Ал еліміздің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі ретін­дегі маңызын жол құрылысындағы кем­шіліктер жоққа шығарады. Мә­се­лен, «Алматы-Тараз» тасжолында, Қордай маңында транзиттік жүк кө­ліктері мен жергілікті көліктер жиырма шақырымнан астам жолды осымен үш жыл қатарынан далалық жолмен айналып өтуге мәжбүр. Қай­дағы жылдамдық, қызмет сапасы мен теңіз жолының баламасы?! Бұл – халықаралық дәліз бойынша бір ғана мысал. «Талдықорған – Өскемен», немесе «Өскемен – Риддер» бағытындағы жолдары да жетісіп тұрған жоқ. Осы және өзге де учаскелерді жазда өңірлерді аралау барысында көрген соң, олардың жағдайы туралы өз тәжірибемнің негізінде айтып отырмын.

Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның жол құрылысына «сын көтер­мейтін», жемқорлық тәуе­келдері жоғары һәм «ауру» сектор ретінде берген бағасын өз басым то­лық қуаттаймын. Президент бар­лық адал емес компаниялар жауап­кершілікке тартылатынын мәлімдеді. Бұл – маңызды әрі өте қажет.

Осы тақырыпты дамыту барысында «Ақ жол» фракциясы Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігіне балама материалдарды пайдалана отырып, жол құрылысының құнын төмендету бойынша жұмыс жүргізуді бірнеше рет ұсынған болатын. Біз мемлекеттік орган­дар­дың, «Қазавтожолдың» және жол құрылысшыларының қатысуымен бір­қатар ауқымды талқылау өткіздік, онда мұндай әзірлемелер белгілі еке­ні, тәжірибелік учаскелер салынып, нор­мативтік құжаттар бекітілгені анық­талды (https://akzhol.kz/kk/blog/a-zhol-dempartiiasnda-zhol-rls-salasn-mseleler-tallan). Бірақ жауапты органдар бел­гісіз себептермен олардың жаппай қолданылуына және құнының төмен­деуіне табандылықпен қарсылық көр­­­сетуде. Мемлекет басшы­сы­ның маман­дандырылған Көлік ми­нистрлігін құру туралы шешімі бұл мә­се­­лені ілгері­ле­теді деп сенеміз.

Президент орта бизнестің мә­селе­леріне де тоқталып, олардың құ­қық­та­рының шектелуін дұрыс көрсетті. Салық салу (ставкалар, ҚҚС қайтару т.б.), инвестициялық саясат, мем­лекеттік сатып алу, реттеудегі бар­лық қолданыстағы жеңілдіктер мен преференциялар – бүгінгі таңда шағын немесе ірі кәсіпорындарға ғана арналған. Іс жүзінде шенеуніктер орта бизнесті қолдаудан бас тартып, бүкіл әлемде қолданылатын «шағын және орта бизнес» экономикалық категориясын екі бөлек сегментке бөліп тастады. Мысалы, тексерулерге мораторий бірнеше жылдан бері тек шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері үшін жарияланып, орта кәсіпкерлерге қолданылмайды т.б. Нәтижесі – Жолдауда атап өтілгендей, кәсіпорындардың «шағын бизнестің қолайлы сегментінде қалу үшін бөл­шектелуге» ұмтылысы.

Бірақ, шын мәнінде, бұған кәсіп­кер­лердің «өзімшілдігі» емес, биз­несті шағыннан – ортаға, ортадан ірі кәсіп­орындарға дейін өсіруге ынталан­ды­ру­дың жоқтығы себеп болып отыр. Бүгінгі күні, керісінше, бизнестің өсуіне, негізгі капиталға ин­вестициялануына, айналымның, жұ­мыскерлердің және капиталдың көбеюіне тиімсіз болуы үшін барлығы жасалып жатыр.

Бұл арада экономика құрылымына тиімділігі мен ықпалы жағынан бірде-бір алпауыт орта кәсіпорындар массасын алмастыра алмайды. Өңдеу өнеркәсібінің тірегі орта бизнес болса да, ондаған жыл бойы мемлекеттің «өгей баласы» болып келе жатқаны да сол.

«Ақ жол» фракциясы заңнамаға қа­тысты ұсыныстары мен сауалдарында ШОБ, оның ішінде орта бизнес­ке қатысты бірыңғай эконо­ми­калық саясатты тұрақты түрде жақтап ке­леді. Сонда өсіп келе жат­қан ком­па­нияларға бөлшектеліп, не­гізгі капиталға инвестицияны те­жеудің қажеті болмай, өсу одан әрі серпін алады. Бұған дейін біз Үкі­мет­ке шағын және орта бизнесті дамытудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді бірнеше рет ұсынғанбыз, әттең, естір құлақ болмады (мысалы, 2017 жылдың 31 мамырындағы депутаттық сауалды қараңыздар https://akhol.kz/ru/initiated-bills/migrated_4259).

Депутаттардың осындай бастамаларына жауап дайындаған мем­ле­кеттік аппараттағы шенеуніктерге Мемлекет басшысының биылғы Жол­дауындағы мына жолдарды мұқият оқып шығуды ұсынамыз: «Заңнамаға шағын кәсіпкерлікті ұлғайтуды ынталандыратын өзгерістер енгізілсін. Елде табысты орта кәсіпорындар тым көп емес... Оларды қолдау керек... «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасына біріктіру керек».

Оптимистік, бірақ сонымен бірге ауыр тақырыптардың бірі – Қасым-Жомарт Кемелұлының экономикалық қылмыстарды қылмыссыздандыру туралы нұсқауы, өзі дұрыс атап өткендей, бұл арқылы «мемлекеттік органдар ... белгілі бір шектен шығуға жол береді».

Бұл – бизнес-климат үшін өте маңызды мәселе, өйткені эконо­микалық бұзушылықтарды қыл­мыс­тық санатқа жатқызу қамау­ға алуға, сол арқы­лы кәсіпкерге пси­хо­логиялық және фи­зи­калық қысым көр­сету үшін пайда­лануға мүм­кін­дік береді. Бір апта бұрын мен бір топ адвокатты осындай істер бойынша қабылдадым. Қылмыстық істер­дің әлі де табысты бизнесті бопсалау және рейдерлік басып алу үшін қолданылып жатқаны туралы ескертпелер бар (https://akzhol.kz/kk/blog/a-zhol-lider-azat-peruashev-kspkerler-mddesn-orap-zhrgen-br-top-advokatt-abldad). Оған қоса, нақты дәлелдер болмаған жағдайда «ұйымдасқан қыл­мыстық топ құрды» деген айып қол­данылады, мұнда кәсіпорынның штаттық қызметкерлерінің міндет­терін бөлу «айғақ» болып саналады екен (айтпақшы, РФ ҚК-де 2020 жылдан бастап ресми кәсіпорын қызметкерлерінің қызметтік мін­деттері ұйымдасқан қыл­мыстық топ­тың белгісі бола алмайды деген то­лық­тыру енгізілген).

Жолдауда Мемлекет басшысы са­­лықтық қылмыстар үшін «қыл­мыс­­тық жауапкершілікке тарту нор­ма­ла­рының шегін айқындаудың әділ механизмін енгізуді» тапсырды. Осы­ған ұқсас қағидатты мемлекетпен іскер­лік қарым-қатынастың басқа салаларына да қолдануға болады деп есептеймін. Мысалы, субсидия алу тәртібі бұзылған жағдайда (осы себептермен қазір қылмыстық істер күн сайын дерлік қозғалады). Егер кәсіпкерге салықтарды төлеу, субсидиялар және басқа да жеңілдіктер алу кезінде оның кәсіпкерліктің негізгі капиталына салған инвестициясынан он есе аз мөлшердегі бұзушылықтар үшін айып тағылса, онда мұндай қылмыстық істер айыптаудың айқын экономикалық сауатсыздығы ретінде дереу тоқтатылуға тиіс. Бір жобаға 2-3 миллиард немесе одан да көп қаржы салған инвестор 100-200 миллион теңгені «ұрлап» қайтеді? Бұл – абсурд. Бірақ әзірге дәл осындай айыптаулар кейде бизнеске тағылып жатады.

Президент Қ.Тоқаевтың ұсынысы әділеттілікті моральдық қана емес, эко­но­микалық категория ретінде де пара­саттылықпен түсінуге негіз­делген.

Жолдаудың қаржы нарығына қа­тысты бастамаларына келетін бол­сақ, олар Қ.Тоқаевтың экономика­лық моделінің өндірістік парадигмаға нақты көшіп, бұрынғы про-банктік тұжырымдамадан алыстағаны туралы айтуға негіз болады.

«Отандық банктердің экономи­каның дамуына қатысуы шамалы. ... Нақты секторды несиелендірудің төмендеуі аясында банктердің назары тұтынушылық несиелер беруге ауысты. Бұл қаржы жүйесі үшін тәуекелдердің артуына әкелді... Кор­поративтік несиелеудің жеткілік­сіз­дігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Экономикаға ақша керек.

...Аса табыстылық банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, негізінен жоғары базалық мөл­шер­леменің салдары... Үкімет пен Парламент мемлекеттің мүдде­ле­рін ескере отырып, осы пайданы не­ғұрлым әділ түрде қайта бөлу мүмкіндігін қарастыруы керек.

Қаржы ұйымдарының өтімділікті мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырудан алатын орасан зор табысы мәселесі де өзекті... Мұнда ешқандай логика мен мемлекеттік ұстаным жоқ...

Банк секторындағы тағы бір мәсе­ле – жоғары концентрация. …Со­нымен бірге… экономикалық жобаларды қаржыландыруға тек санаулы банктер ғана қатысады».

Тәуелсіздіктің бүкіл тарихында банк секторы Мемлекет басшы­сы тара­пы­нан мұндай жойқын сынға бұрын-соңды ұшыраған емес. Ал Пре­зиденттің мұндай баға беруге мәжбүр болуы оның жағдайды жақсы меңгергендігін ғана емес, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту агенттігі тарапынан саланы мемлекеттік реттеудің сәтсіз­ді­гін көрсетеді. Қалай болғанда да, Жол­дауда айтылған фактілерді мен осылай бағалаймын.

«Ақ жол» демпартиясы кейінгі бір­неше жылда өз баяндамаларында биз­несті несиелеуді қысқарту арқылы банк портфельдерінің тұтынушылық несиелеуге қауіпті бейімділігі туралы айтып келеді. Бұл – халық көп тұтынғанымен, отандық өндірісті қаржыландыру азаяды деген сөз. Экономикалық заңдарға сәйкес ақша массасы тауардікіне сәйкес болуы керек. Ал егер мұнда ауытқушылық туындаса, бұл инфляция мен импортқа тәуелділікке әкеледі: банктер берген несиелер бойынша біз өзімізді қолдамай, шетелдік өндірушілерге ақы төлейміз.

Президент назар аударған тағы бір мәселе – Ұлттық банктің нота­лары бойынша банктердің алатын кірісі. Ұлттық банктің база­лық мөлшерлемесі жоғары бол­ған­дықтан, банктерге экономиканы несиелендіру емес, қаражатты мемлекеттік бағалы қағаздарда сақтау тиімдірек болып тұр. Инфляцияны төмен­дету үшін Ұлттық банк ноталар шығару арқылы банктерден жоға­ры мөлшерлемемен ақша алады, олар­дың табыстылығы қайтадан сол тұтынушылық несие­леуге пайдаланылады, яғни инфляцияны арттырады. Еліміз реттеушінің болжамсыз саясаты, жай ғана банктердің мүддесін орындау арқылы тұйық шеңберден шыға алмай келеді.

Қ.Тоқаев бұл шеңберді бұзып, экономика мен бизнеске ақша ағы­нын ашуды ұсынып отыр. Бірақ ол тұтынушылық несиелеуге не ҰБ ноталарын шығаруға «тыйым салуды» ұсынбағанын ескеру ма­ңызды. Несие саясатын түзету үшін Президент пру­ден­циялық нормалар шеңберінде шешім табуды ұсынды, яғни қаржылық параметрлерге қойылатын талаптарды реттеу арқылы. Ұлттық банк­тің ноталарына келетін болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы қаржы ұйым­дарының мем­лекеттік бағалы қағаз­дар­дан ал­ған үстеме пайдасына салық салу мәселесін кездейсоқ көтерген жоқ. Бұл байқампаздық қана емес, көп жағынан революциялық қадамдар, оның үстіне өнімді экономиканың, мемлекет пен қоғамның мүддесіне сай. Ұзақ жылдар бойы банктер және олардың кірістері қол қол тигізбейтін сала болды. Бүкіл экономика, әрбір кәсіпорын және әрбір отбасы оларға несие, ипотека, тауарлар үшін тікелей немесе жанама түрде үстеме төлейді (оның бағасына несие бойынша па­­­­­йыздар да кіреді); дағдарыс кезінде мемлекет ең алдымен елдің есебінен банктерді сақтап, бюд­жеттен түскен ақшаны «адал кіріс» деп санауға, акционерлерге миллиард­тарды төлеуге мүмкіндік берді.

Бұл ретте банк саласы бөгде тұлға­лардан «тазаланып», осы салада жұ­мыс істей алатын адамдармен ешкім бәсекелесе алмады. Мемлекет басшы­сы­ның банк жүйесіндегі жоғары шоғыр­­лануға назар аударып, оны үш шетел­дік қатысушымен «бөлшектеуді» тап­сырғаны кездейсоқ емес.

Естеріңізге сала кетейін, биыл 19 қаңтарда «Ақ жол» фракциясы Үкіметке экономиканы ырық­тандыру бағдарламасын әзір­леп, оның ішінде жетекші банк­терді күштеп бөлуді талап еткен де­путаттық сауал жолдады (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-demokratiial-partiias-konomikan-rtandrud-keshend-badarlamasn-zrlep-r-bankterd-kshtep-blud-snd ).

Президент Қ.Тоқаев басқа да ұс­тамды, бәлкім, одан да нақтырақ нұсқау­лар берді. Бірақ олардың ма­ңыз­ды­лығы бүкіл экономикалық саясатты – таңдаулы топтың мүдде­лерінің орнына, мемлекеттік және ұлттық мүдделерге қарай бұрумен пара-пар. Бұл саналы, өз міндеттеріне лайық және бәсекеге қабілетті банк жүйесінің мүддесіне де сай.

Егер бұл сараптамада са­лық мә­се­лелерін көтермей өтсем, өзім­нің қолдаушылар мен қарсы­ластар түсін­бей қалар еді. «Ақ жол» демпартиясы кейінгі 12 жыл бойы Үкіметпен сараланған салық мөлшерлемесі туралы дауласып келеді. Бүгінде бұл мәселе Президент тапсырма­сы­на айналып, жақын уақытта жаңа Салық кодексіне ен­­гізіледі. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында өзінің ал­дындағы тапсырмасын кү­шейтіп, салық жүктемесін бөлуді өндіріс күрделілігін арттырумен байланыс­тырды. Осы арқылы мемлекет технологиялар мен терең өңдеулерге қаржы құйғандарға кө­бірек ақша та­буға мүмкіндік береді, ал бұл ынталандыру өзге ұрандардың баршасынан артық.

Мемлекет басшысының салық­тық әкімшілендіруге қатысты бастама­сының маңыздылығы бұдан кем емес: салықтар мен міндетті төлемдердің санын 20%-ға қысқарту және! – «Егер айтарлықтай фискалды қайтарым болмаса, олар толы­ғымен жойылуы керек».

Жолдауда салық түрлеріне қа­тысты айтылғаны анық, бірақ бизнеске осындай көзқарасты сәйкес­тендіре отырып, ШОБ-тың салық қыз­меткерлері енгізетін түрлі жаңа­шыл­дықтарға кететін еңбек, уақыт, қаржы шығындарын бюджетке қайта­рым­мен неге салыстырмасқа?

Менің көзқарасым бойынша шағын және орта бизнестің міндеті – бюджетті қалыптастыру емес. ШОБ-тің міндеті, ең алдымен, әлеуметтік міндет – жұмыссыздар мен табысы аз адамдарға мемлекеттің әлеуметтік шығындарын жеңілдету, экономикаға үлес қосуы және ұлттық табысты қайта бөлуге қатысуы үшін адамдарды жұмыспен және жалақымен қамтамасыз ету.

ШОБ-тың екінші міндеті – иннова­циялық, жоғары тәуекелді шешім­дер­ді тәжірибеде сынау, өйткені істен шыққан жағдайда кәсіп­орын­ның шағын көлемі мүмкін болатын ш­ы­ғын­дарды азайтады. Сәтті болған жағ­дайда ШОБ табысты жобаны ке­ңей­тіп, үлкен кәсіпорынға айнала алады. Сондықтан экономиканың бұл секторы үшін салық салу тіпті екінші емес, үшінші орынға ие.

Ал Қаржы министрлігінің, Ұлттық банк­тің және басқалардың «қолды бұ­рау» не бизнес шығындарын арттыру ар­қылы әр тиынды, әр аударымды алыммен қысып тастауға жұмсайтын орасан зор күш-жігері – талпыныс­тар, бір жағынан, бюджетке тиісті қайтарымды қамтамасыз ете алмайды, екінші жағынан, олар ШОБ-тың негізгі функцияларын орындауын қиындатады.

Бюджетті толтыру міндетін негі­зі­нен ірі бизнес атқаруы керек (және атқарып жатыр). Оның үстіне, Пре­зидент атап өткендей, әсіресе банк секторында игерілмеген резервтер бар.

Тағы бір мәселе – кен игеру ком­­­па­­нияларының қайтарымы. Бюд­жет бұл алпауыттарға мұнай, газ, металдар, көмір экспорты үшін ҚҚС қайтарады, бұл артық табыс­ты­лықты қалыптастырады. Фис­калдар отандастардың тиын-тебен аударымдарын аңдымай, міне, осы бағытта жұмыс істеуі керек. ШОБ қо­сымша 100 мың теңге табыс тапса да, ол ақшаны оффшорға шығармайды, Лон­доннан ұшақ немесе сарай сатып алмайды. Бұл ақша елімізде қалып, халықтың тұрмысын жақсартады. Мемлекет басшысы да Жолдауда осыны міндет етіп отыр. Бұл – Президент сөзінен кейін туындаған ой-толғамдарым.

Дегенмен Мемлекет басшысы ұлт­тық экономикаға қатысты бар­лық жос­парын әлі ортаға салмай, керісінше, «өсім үшін» және Үкімет пен Парла­мент­тің тәуелсіз жұмысы үшін көп нәр­сені кейінге қалдырған сияқты.

Қ.Тоқаевтың осы және басқа да бас­тамаларын жүзеге асыруға қатысты бір-екі маңызды жайт. Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін Президент Әкімшілігінің қадағалаудан босатып, оларға іс-әрекет еркіндігі мен жеке жауапкершілік беруді тапсырды. Бұл – тек сенім ғана емес, сонымен бірге беріктікті сынау. Өкі­­ніштісі, шешуші сәтте қандай да бір құн­ды нұсқаулар күтіп, сауатты болып көрінгенімен, өз ұстанымын білдіруден тайсақ­тайтын министрлерді жиі көреміз. Демек Президенттің Үкімет жұмысын Президент Әкімшілігінің нұсқау­ла­рынан «ажырату» туралы тапсырмасы жұмысқа қажетті серпін беруге тиіс.

«Ақ жол» фракциясы бұл шешімді демократия мен шенеуніктердің жеке жауап­кершілігі жолындағы жүйелі қа­дам ретінде құптайды.

Екінші мәселе – Жолдаулардың орын­далуы жөніндегі есеп.

Мемлекет басшысының бағалары мен тапсырмаларын бүкіл ел естіді, бұл біреуді жігерлендірсе, біреулер налып, енді біреулер өздеріне бағыт-бағдар алды. Өткен жылғы Жолдау жақсы болған, оған дейін де көп нәрсе орынды айтылып келді. Енді тапсырмалардың қайсысы орындалды, қайсысы орындалмады? Біздіңше, міндеттер ел алдында ашық қо­йы­лып, оның қалай орындал­ғанын шенеу­нік­тер ғана емес, жалпы халық біліп отыруы керек.

Сондықтан әрбір жаңа Жолдаудың маңызды нышаны Үкіметтің алдыңғы құжаттың орындалу барысы туралы есебі болуға тиіс. Осы орайда «Ақ жол» демпартиясының ұзақ жылғы талаптарына қайта ораламын. Үкі­мет Парламентте бюджетті бекітіп, оның орындалуы тура­лы есеп беріп қана кетпеуі керек. Бюджет – қаржы құжаты, оның негізгі критерийі – қа­ражатты игеру.

Бірақ Парламент пен Үкімет – бухгалтерлік ұйым емес, саяси ұйым­дар. Сондықтан Парламент бюд­жетті ғана емес, Президент Жол­дауын орындау мақсатында әзір­ленген Үкі­мет­тің іс-қимыл бағдар­ламасын да бекітуі керек. Ал қорытындылары бойынша – Министрлер Кабинетінің Президент Жолдауын және Үкімет бағдарламасын іске асыру туралы есебін бекітуі (немесе бекітпеуі) керек.

Жолдаулардың орындалуы туралы мемлекеттік есептерді жария­лау тә­жіри­бесін енгізу дұрыс болар еді: тапсырмалардың қайсысы орындалып, қайсысы орындалмады? Сонда қоғам мен Парламент жаңа нұсқауларды талқылап қана қоймай, оларды бұрынғылармен салыстырып, өзгерістердің бағыты мен қарқынын бағалай алатын, жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығы мен тұрақ­тылығын бақылай алар еді.

Мұндай тәжірибе Жолдаулардың нәтижелілігін күшейтіп қана қоймай, қоғамның өз мемлекетіне деген се­ні­мі­нің басты факторына айналар еді.

 

Азат ПЕРУАШЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы