Президент ең алдымен, былтырдан бері жүргізілген саяси реформалар туралы айтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орныққаны, алдағы уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асыруымыз қажеттігін айтты. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше екеніне мән берді. Сондай-ақ, экономика мен адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалғанына тоқталды.
Мемлекет экономикалық еркіндікке көшпекші. Әлі күнге шикізатқа тәуелділіктен арыла алмай келе жатқанымыз инновацияның жеткіліксіздігінен, еңбек өнімділігінің төмендігінен екені белгілі. Соның салдарынан өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, жалпы барлық дерлік салада айтарлықтай даму байқалмады. Президент өзі бастап жұртшылық ұлттық табыстың игілігін көру үшін күрделі мәселелердің нақты шешу жолдарын көрсетті. Енді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру қолға алынды. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету – жалақы, жұмыссыздық, баға, табыс, инфляция, салық сияқты дүниелер мемлекет деңгейінде қарастырылатын экономикалық рәсімдер. Экономиканы әртараптандыру жан-жақты дамуға жол ашуға тиіс. Ал цифрландыру жүйесі ашықтықты қамтамасыз етеді. Мысалы, бизнес немесе бизнеске қызмет көрсету жүйесі цифрландыруға көшірілсе адами фактор араласа алмайды, нәтижесінде, жемқорлық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізеді.
Сондықтан да дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін айтты
Жолдауда халық үшін маңызды саналатын «Отбасы банктің» қызметін аудандар мен моно-қалаларға, ауылдарға баса назар аудару керегі айтылды. Қазір еліміздегі 21 банк болса, оның корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. «Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн», деді Президент. Сонымен бірге Мемлекет басшысы еліміз нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айтты. Осы жағдай азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеліп соқтырды.
«Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды», деді Президент.
Бүгінде «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде, еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Жолдауда инвестицияға ерекше мән берді. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болса, елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылған. Президент бұның рекордтық көрсеткіш екенін атап өтті. Ал сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жеткен. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Өскелең ұрпақтың білімді болуы мен жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасайтын «Жайлы мектеп» жобасы бастау алды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Әр баланың есепшотына қаражат аударылатыны, жас ұрпақтың болашағына назар салғаны барша балалар мен ата-аналарды қуантады. Жолдаудың жақсылығын балдырғандар мен оқушылар, студенттер мен педагогтер, зейнеткерлер, жалпы әлеумет көреді.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты