Туризм • 06 Қыркүйек, 2023

Туризмді түлететін фестиваль

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Балқаш қаласындағы Ақшағыл кентінде (Рембаза), Көкше теңіз­дің жағалауындағы «БалқашTourfest – 2023» фестивалі сән-салта­натымен өтті. Екі күнге созылған мәнді шара Балқаш туризмінің түлеуіне оң әсерін беруі керек. Көл жағасындағы ұйымдастырылған түрлі акция, ойын-сауық кештері мен мерекелік бағдарламалардың түпкі көздегені де – сол.

Туризмді түлететін фестиваль

Фестиваль аясында кәсіпкерлерге арнайы орындар әзірленді. Мұнда олар өз өнімдерін саудалады. Ашық аспан астындағы асханада әзірленген түрлі тіл үйірер тағамдар көпшілікке ұсынылды. Бағалары да қолжетімді. Ұлттық сусындардан бөлек, «Тоқырауын» ауыз су өнімдерін өндіретін кәсіпорынның басшысы Зәуре Мерғазықызы фес­тивальға 3 тонна сусын әкеліпті. Бұған қоса «100 игі іс» акциясы аясында Бал­қаш қаласындағы «Халық банк» қызметкерлері Halyk Bank QR-коды арқылы төлем қызметін жасағандарға 1 теңгеге сусын сатты. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалды, инватакси қызмет көрсетті.

Мультфильм кейіпкерлері мен ойын-сауық бағдарламасы жаға­жайдағы балалардың көңіліне шуақ сыйлады. Ал жастар жағы «Жастар таза Бал­қаш үшін» акциясына жұ­мылды. Жағажай волейболы, армрестлинг, арқан тарту және «Көңілді старттар» сияқты жағажайда турнир­лер ұйымдастырылса, жаппай жүзу де жұрттың көңілінен шықты. Көл үстінде 500 метр қашықтықты бағындыруға шыққан жүзушілердің ең үлкені – 58 жаста, ал кішісі – 13-те. Белгіленген уақытта мәреге бірінші болып жеткен Батырхан Болатбеков сайысқа тыңғылықты дайындықпен келіпті. Алматы қаласындағы әскери академияда оқитын Батырхан жарысқа қатысу үшін бір ай көлемде «Ақ теңіз» бассейнінде әбден шынығыпты. Жағажай волейболынан өткен дода да тартысты өтті. Кір тасын көтеру сайысында 65 кг салмақта 16 килолық қос кір тасын 38 рет көтерген Ерасыл Алиев, 75 килода 101 рет көтерген Қобыланды Жақыпов чемпион атанды. Сондай-ақ қос 24 килоны 40 рет көтерген Дмитрий Ким 1-орынға кө­терілді. Қол күресте 65 килода Ер­нат Қайсарұлы, 75 килода Нұр­лан Әділов, 85 килода Ислам Майхы, 95 килода Евгений Моськин жеңім­паз атанды.

Сонымен қатар жасылелдіктер арасында өткен жағалау волейбо­лын­да Ақтоғай ауданының «Бек­тау ата» командасы 1-орынды иеленсе, арқан тартыстан балқаштық «Тоқырауын» командасы жүлдегер атанды. Секірт­пемен секіру сайысынан «Бектау ата» командасының мүшесі, ақтоғайлық Ақмарал Аманоллақызы үздік деп танылды. Көкше теңіздің жағасындағы жайдарлы сәтке куә болған Приозерск қаласы «Жасыл ел» жасағының мүшесі Айдос Қанатбайұлы «бұл жиын жаңа қадамдарға бастайды», деген ой-әсерімен бөлісті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді түлетуге тап­сырма берді. Осы бағытта Балқаш­тағы жиын жаңа қадамдарға бастайды деп ойлаймын. Біз Приозерск қаласынан келдік. «Қоржынтүбек» және «Тораңғалық» атты екі команда болып қаламыздың намысын қорғадық. Алған әсерім ерекше. Айта кету керек, қазір «Жасыл ел» жа­сағы тек жұмыс жасап қана қоймай, түрлі іс-шараларға да атсалысып жатыр. Мәселен, жақында ғана наша­­қор­лықтың алдын алу үшін син­те­тикалық есірткінің зияны мен шо­мылу маусымындағы қауіп­сіздік ере­желерін түсіндірді, – дейді А.Қанат­байұлы.

«БалқашTourfest – 2023» фести­валі әсем әндерімен, ерекше ойын-сауық бағдарламаларымен көпшілік көңілін көтерді. Көбікті кеш пен эстрада жұлдыздарының мерекелік концерті фестивальды сәтті түйіндеді. Туризм­ді түлетуге бағытталған «Бал­қашTourFest» фестивалі дәстүрге айнал­мақ.

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы