Мәдениет • 06 Қыркүйек, 2023

Көшпелі өркениет көріністері

281 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көшпелілер мәдениеті жайлы тек кітаптан оқып, түрлі тарихи фильм­дер арқылы көріп-білдік десеңіз, қатты қателесесіз. Еңселі қорған мен қала қақпасы. Саудасы қызған базар. Айнала тігілген алты қанат ақ орда. Жұртшылыққа өнерін паш еткен сал-серілер. Керек десеңіз, бір ойлап қарағанда, садақ атып, батпан қылыш көтерген алып батырлар да, көкпар тартып, теңге ілген, асауға құрық салып, ат жарыстырған шабандоздарды да бір жерден көру мүмкін деп ойламассыз. Мұның бәрі Ұлыстың ұлы күні – Наурызды көз алдыңа келтіретін көрініс емес, шындығында. Ал Алматы халқы үшін өткенді аңсаудан туған қияли әңгімеге еш ұқсамайды. Керісінше, түркі мәдениетінің жаңа заман беталысына қарай жаңғыруына куә болғандаймыз.

Көшпелі өркениет көріністері

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жуырда ғана «Боралдай» сақ қор­ғандарында «Ұлы дала – көшпелілер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті. Фестиваль Алматы күніне орай әрі «Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылған. Іс-шара мақсаты – жұртшылыққа көшпенділер мәдениетін дәріптеп, бабадан балаға жеткен ұлттық құндылықтың маңызын көрсету.

Фестиваль аясында көшпелілердің жауынгерлік, ұлттық ойындары, саятшы­лығы, ат баптауы, ұлттық тағамдары мен қолөнері, жалпы, тұрмыс-тіршілігін насихаттауға бағытталған түрлі бай­қаулар мен көпшілікке арналған шебер­лік сабақтары өтті. Алматы қаласы Мә­де­ниет басқармасының басшысы Ғ.Майлыбаевтың айтуынша, фестивальді тама­шалауға 10 мыңнан аса адам келіп қайтқан. Алаңда үлкен сахна құрылып, әйгілі әріптестер ән шырқады. Шараның екінші күні көрермен жүрегінен орын алған «Ұлытау» этно-рок тобы мен «МузАРТ» ансамблі де өнер көрсетті.

Халықаралық деңгейде аталып өтілген қала күнінде 50-ге жуық киіз үй тігіліп, жастарға арналып алтыбақандар құрылды. Ат ойындары, садақшылар мен найзашылар, шеберлер мен ұста­лар, жастар мен балалар алаңы – бас-аяғы оннан аса аймақтан тұратын этно­қалашықта абайлап жүрмесең, адасып кетуің де ғажап емес. Алайда бұл мәселені де тудырмаудың амалы керемет орайластырылған екен. Қалашыққа беттеп кіргеніміз сол-ақ еді, алдымыздан бір топ қыз-жігіттер әндетіп шыға келмесі бар ма? «Меркі», «Күміс құмған» сынды халық әндерін, Сәкеннің «Тау ішіндесін» құйқылжыта орындаған оларға қалай қосыла кеткенімізді аңдамай қалдық. Олар ән шырқап, мерекеге орай өз жандарынан өлең шығарып, әсем тілмен жұртты баурап қана қоймай, келген қонақтарды қарсы алып, шара жөнінде мұқият хабарлап отырды.

Бір кереметі, шараға шенді-шекпенді, бай-кедей бол, бәрі де бірдей қатыса алады. Әрі әкімдік қаланың төрт бұрышынан халыққа тегін автобуспен барып-қайтуды да оңтайлы ұйымдастырған.

Қала күніне арналған мерекені жыл сайын қызықтауды әдетке айналдырған Көкбөрі Қизатұлы бізбен әңгімесінде биылғы іс-шараның жоғары деңгейде өткенін жасырған жоқ.

– Сақ қорғандарында өтіп жатқан этномәдени фестивальге 2020-2021 жылдары да қатысқанмын. Ол кезде шағын ғана аумақта ат спорты түрлерін көрсету, садақ атудан тыс кішігірім жәрмеңкеден басқа ештеңе болмаған еді. Араға екі жыл салып биылғы іс-шараға келіп, көңілім әбден толды. Түркі елдерінен келген қатысушы өнерпаздардың саны да, сапасы да артқан. Халықтың жәрмеңкеде сау­даланып жатқан бұйымдарға да ерекше қызыққанын байқадым. Жәрмеңкедегі ішіп-жемнің бағасы да шарықтамаған. Сондай-ақ қаланың төрт тарабынан ыңғайлы автобустар келермендерді тасыды. Фестиваль алаңының қақпасы да әсем. Кіреберістегі сақ тұрғын үй жобасы мен мұндағы көне қорымның тарихи маңыздылығы да фестивальден соң арта түсетін сыңайлы, – дейді ол.

Аталған шараға Әзербайжан, Түркия, Мажарстан, Малайзия, Башқұртстан, Өзбекстан сынды оннан аса түркі елде­рінен мықты өнерпаздар қатысып, спорт­шылар ұлттық ойын түрлерінен өне­рін ортаға салды. Көшпенділер әле­міне жасаған саяхатымыз түркі бауырларымызбен достық, туыстық қарым-қатынасымызды нығайта түскен­дей. Садақшылар сайысына барып, елінің мемлекеттік туын иығына асынған түркиялық Умутжан Челикпен тілдесіп үлгердік.

– Негізінен, Қырғызстанда білім алған­мын. Мұнда қырғыз достарымның қолқа салуымен келдім. Алматыға бірін­ші рет ат басын бұруым, түрік бауырларымды көріп, мәз боп қалдым. Бала кезден садақ атуға қызығатынмын, алайда үйре­нуге мүмкіндік тумады. Түркияда да ат спорты мен садақ ату жақсы дамыға­нымен, мұндай шаралар жиі өткізі­ле бер­мейді. Қырғыз достарымның арқа­сын­да садақ атуды үйрендім, – дейді жас садақшы.

Сол арада ұсталар мен зергерлер ауы­лына да барып, шеберлердің жасап жатқан бұйымдарын тамашалап, ұзақ тұрдық. Асауды қолға үйретіп, көкпар тартқан, аңға құс салып, шәкірт тәбиелеп жүрген Тәттімбет Кәпұлының да әсерлі әңгімесіне қанықтық. Ат спорты аймағында Тәттімбет ағаның теріні қамшымен қағып жатқаны бізге таңсық көрінді. Алдымен мұның мәнін сұрадық.

– Жылқы терісін жайып қояды да, қамшымен шауып келіп ұрғанда, теріні қамшы тіліп кетеді. Бұл – бір қамшы­герлікті көрсететін ойын түрі. Атпен шауып келіп, теріні тартып жібергенде, пышақпен тілгендей кесіліп кетуі керек. Бұрын бабаларымыз сондай өнерлі болған. Биыл осы қамшыгерлікті «Ұлы дала ойындары» бағдарламасына кіргізіп отырмын, – дейді Абай облысы Үржар ауданынан келген ұлттық өнердің білгірі.

Таға соғуды да жанына серік еткен Тәттімбет аға көріктің киесі туралы да сөз қозғады.

– Менің көрігім – бұрынғы қанжыға көрік. Соған шегемді, тағамды соғам. Қытайдың тоққа қосып, үрлейтін ас­пап­тарын неге пайдаланбаймын? Ба­бамыздан қалған өнерді сол күйінде сақтауымыз керек қой. Өйтпесек, қазақ нағыз қазақ бола алмайды. Көріктің өзінің керемет киесі, емдік қасиеті бар. Кө­рікті аттауға, көріктің басынан нәрсе ұр­лауға болмайды. Қазақ көрік үйге кірген адамды құр қайтармай, қолына бір дүние ұстатып, риза етіп шығарған. Қа­зақта әр дүниенің осындай өз әдебі бар.

Мұнда саудаланып жатқан дүние бірінші кезекте сатып алушының қалтасы көтерерліктей екенін әрі ұйым­дастырушылардың ұлттық брендті насихаттауға көбірек көңіл бөлгенін аңғардық. Мысалы, ұлттық нақыштағы сөмкелер 3-5 мың теңгеден басталады, құрақ көрпенің ең арзаны 7-8 мың болса, тапсырыспен тіктірсеңіз, сән-салтанатына қарай 70 мыңға дейін барады. Атқа мініп қыдыру бағасы 2 мың, қыш құмыра жасауға 3 мың теңге берсеңіз жеткілікті. Біз жәрмеңкеден балаларға арналған жұмсақ допты 2 500 теңгеге, қой терісінен тігілген мұйық­ты (сыртынан теріден жүнін іші­не қаратып істелген аяқкиім) 3 мыңға алдық. Қой терісі демекші, елде тері­мен жұмыс істейтін мамандардың азы белгілі. Сондықтан да 18 жылын теріден бұйым тігуге арнаған тараздық Кәмшат Айтқазықызының да сөзіне құлақ түрген едік.

– Бұйымдарымыздың басты ерек­шелігі, таза теріден тігіледі. Оюының бәрін қолмен сызып, өзіміз өңдейміз. Көбіне-көп халыққа тиімдісі – қой терісі. Қой терісін Таразда өңдейтін 4-5 цех бар. Соның үшеуі нақты жұмыс істейді. Оның үстіне теріні тендер арқылы сатып аламыз. Дегенмен бағасы қолжетімді. Қой терісі өте төзімді, аяққа жылы. Емдік қасиеті де бар, аяқтан сыз өткізбейді, терлетпейді. Одан бөлек баскиімдерге, киімнің ұсақ бөліктеріне түлкі, қасқыр, күзен, қаракөл, қоян терісін сұранысқа сай пайдаланып жатамыз, – дейді тігінші.

Кәмшат Айтқазықызының пікірінше, терімен айналысудан қашатын қыз-ке­ліншек­тердің басты уәжі – материал­дың қа­лың болуы. Яғни теріні тігін мә­шине­сімен тігу ауыр көрінеді. Ал кей­бір тұтынушылар таза терінің иісін ұнат­пай жатады екен. Бір­ақ одан қорқу­дың қажеті жоқ, бір-екі киген соң иісі кетіп қалады-мыс.

Жәрмеңкеде белгілі қолөнершілермен қатар, көпбалалы аналардың, тіпті мектеп оқушыларының қолынан шыққан бұйымдар да сатылымға қойылған. Мысалы, Алатау ауданындағы «Талпын», «Зейін», «Шабыт», «Хадиша» сынды мем­лекеттік бағдарлама аясында жұмыс істейтін орталықтардың ұстаздары шә­кірттерінің жұмыстарын ала келіпті.

Күннің ыстығында кенеземіз кеуіп келе жатсақ, бір бұрыштан «табиғи эко­өнім» деген жазуға көзіміз түсті. Со­лайша, жәрмеңкеге қатысып жатқан «Шарын шырыны» сусынын шығарушы кәсіпкер, төрт баланың анасы Гүлзира Алғазинаны аз-маз сөзге тарттық.

– Бұрын балаларыма үй жағдайында шабдалыдан табиғи шырын жасап беріп жүрдім. 2020 жылы жаздыгүні қолда бар өзге жеміс-жидектерден де шырын әзірлейін дедім. Базардан жемістің түр-түрін алып, дайындап көрдім де, тамаша идея таптым. Сол жылы ойымды іске асыру үшін Алматы қаласының кәсіпкерлерге арналған грантын ұтып алып, Италиядан арнайы құрал-жабдық алдым. 2021 жылы алғаш рет Mega сауда үйінде жәрмеңкеге шықтық. Сөйтіп, табиғи шырынға деген сұраныстың барын байқай бастадым. Биыл шілдеде Алматыда өткен «Қазақстаның үздік тауары» өңірлік байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойын­ша жүлдеге ие болдық. Қазанда Ас­танада өтетін республикалық байқауға қатысамыз, – дейді жас кәсіпкер.

Жас ана балаларының денсаулығына қалай қараса, халық денсаулығын да солай ойлайды. Химиялық қоспа арқылы дайындалған шырын артық салмақ пен қан қысымын жоғарылатып жіберетінін айтып, тек табиғи өнімдерді тұтынуға шақырады.

Біз де сусынның дәмін көріп, көңіл тоғайттық. Өнімнің «Шарын шыры­ны» деп аталуы да бекер емес. Шаб­далы сусыны Шарын ауылында өсіріл­ген шабдалыдан алынады екен. Шы­рын Шарын шатқалына келуші турис­тердің де қызығушылығын оятып жатыр. Кішігірім кәсіптің алға дамуына ті­лек­тестік білдіріп, әрмен қарай этноқа­ла­шықтың қызығын тамашалауға бет алдық.

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Egemen Qazaqstan» газетінің штаттан тыс тілшісі

 

Алматы