Жәдігер • 06 Қыркүйек, 2023

Бәбіш мола қалашығы

374 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сыр топырағында ерте дәуір деректерін бауырына басқан қасиетті орындар көп. Кейінгі жылдары есте жоқ ескі заманнан бастап кешегі кезең естелігін сақтаған осы көмбелерді археологиялық зерттеу жалғасып келеді. Солардың қатарында өткен ғасыр ортасындағы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кезінде белгілі болған Бәбіш мола қалашығы тұр. Қармақшы ауданындағы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 70 шақырымдай қашықтықта орын тепкен қалашық республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналады.

Бәбіш мола қалашығы

Тәуелсіздік алғаннан кейін 2000 жылдары заманында ірі ор­талық болған осы аумақ қайта зерттеле бастады. Елімізге белгілі архео­логтер Жолдасбек Құр­манқұлов, Жан­болат Өтебаевтың жетек­шілігі­мен «Антик» ЖШС жүр­гізіп жатқан жұ­мыс­қа Ресейдегі Шығыс музейінің бөлім меңгерушісі Сергей Болелов, Ә.Мар­ғұлан атындағы Архео­логия инс­титутының мамандары жұмыл­дырылған. Археологтер пайымынша сақтар кезеңіндегі қалалық өркениет Сыр­дарияның бір тармағы Жаңадария арна­сының оң жағалауынан орын тепкен осы Бәбіш моладан бастау алады. Біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІ ға­сырларға тән жәдігерлер ға­лымдардың осы болжамын бекіте түсіп отыр.

Біз осы уақытқа дейін Хорезм экспе­дициясының, одан кейінгі зерттеулердің нәтижесіне сүйеніп, сақтар астанасы Шірік-Рабат қаласы болған деген байлам жасап келгенбіз. Кейіннен Шірік-Рабаттағы қазба жұмыстары ол аумақ­тың тек ғұрыптық жерлеу орны бол­ғанын көрсетті. Керісінше Бәбіш моладан табылған қазыналар нағыз орталық осы шаһар болғанын дәлелдейді.

чсм

Қала орнында сонау алпысыншы жылдары қазылған зерттеу жұмыс­тарының ізі сақталып тұр. Археологтер алда кейінгі аршылған бөлік пен бұрынғыны ұштастырып жібермек. «Сонда қала келбеті көз алдыңызға толығырақ келеді» дейді олар. Біз тұрған орыннан күншығыс жақта қаланың кіреберіс қақпасы орналасқан. Сол тұстан осы әкімшілік орталық пен қала маңындағы шахристандарды жалғаған жолдың сұлбасы байқалады. Шығыс бөлігінен аршыла бастаған қазба мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады. Бес гектарлық аумақты алып жатқан кешеннің жоспарлану принципі ахеменидтік архи­тектураға тән. Сәл батысқа ойыссаңыз, ескі мавзолей орны жатыр. Ақсүйектер жерленген бұл араны кезінде Хорезм экспедициясы қазған.

Төрт жылдан бері зерттеу жасап келе жатқан археологтердің тағы бір толымды табысы – қала маңынан ашылған ғұрыптық ғибадатхана орталықтары. Жақында ғана анықталған сондай орын көне шаһарды зерттеудегі үлкен жаңалық болып отыр.

– Шірік-рабадтықтар жалпы дініне берік халық болған. Оны жақында табылған ғибадат орнынан байқап отырмыз. Оның Жаратқанға құлшылық ету бөлігі айқын көрінеді. Ертеректегі зерттеулерден сақтардың мәйітті өртеп жіберетін салттары белгілі еді. Кейіннен ол ғұрып өзгеріп, кәдімгідей жерлеуге көшкен. Сағана секілді қазылған орлардан бірнеше мәйіт шыққан кездер де бар, – дейді «Антик» халықаралық ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, археолог Жанболат Өтебаев.

сми

Археологтер қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлерді зерттеуде Канада мен Литва мемле­кетте­ріндегі лабораторияларда жасалған радиокөміртекті және изотопты сарап­тамаларға сүйенеді. Табылған мал сүйе­гіне жасалған изотопты зерттеу нә­тижесінде олардың тары сабанын жегені анықталып, қала өмір сүрген кезеңдегі тұрғындардың егін шаруашылығымен айналысқаны белгілі бола түсті. Табылған адам сүйектеріне антропологиялық сараптама Ресейде жасалады.

Қазақтың топырақтанушы ғалым­дарының зерттеуінше, бұл маң ертеде қарағай мен қайыңы сыңсыған, еңселі өскен еменге толы мекен болған екен. Климаты да қазіргідей емес, жайылып аққан жойқын судың жағасы ылғалды болыпты. Жаңадария арнасы мен Сең­гіртам аумағына шуруф салып, топырақ қабатын зерттеген мамандар болжамынша осыған байланысты егін шаруашылығы да қатты дамыған.

– Жалпы Шірік-Рабад мәдениетінің Орта Азия үшін тарихи маңызы зор. Ал оның орталығы Бәбіш молада оты­рықшылыққа көшу мен егінші­лікті игеруден бөлек ерте дәуірдегі урбандалудың айқын іздері бар. Қала осыған дейін жасалған тұжырым­дағы­дай Хорезм мемлекетінің бір жұр­нағы емес, осы маңайдағы ірілі-ұсақты шаһарлар мен рабадтардың астанасы болғаны байқалады. Тіпті қазба кезінде қазіргі мерзімделіп жүрген кезе­ңінен көп бұрынғы мәдениетке жата­тын заттар да кездесіп қалып жатыр. Осы­нысымен де Бәбіш мола ерек­ше. Қазақстан аумағынан табыл­ған жәді­герлердің көпшілігі дала мәдениетінің жұрнақтары. Ал Бәбіш мола ежелгі қала мәдениетінің бастауы. Оған дәлел көп, – дейді Ресейдегі Шығыс музейінің бөлім меңгерушісі Сергей Болелов.

Облыстық бюджет есебінен жүргі­зіліп келе жатқан кешенді қазба жұ­мыстары барысында қала маңынан көзешілер тұрағы анықталған. Сол замандағы өндірісті аумақтан қыш күйдіретін 9 пеш табылып отыр. Архелогтер биылғы зерттеу барысында осы қыш ыдыстарды күйдіріп жасау әдісін қолға алып, есте жоқ ескі заман технологиясын жаңғыртып отыр. Көне мұраны жаңғыртқан мамандардың бірі Ә.Марғұлан атындағы Археоло­гия институтының ғылыми қызмет­кері Мақпал Сүйіндікова. Ол архео­логтердің уақытша тұрағындағы күйдіру пешінде біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІ ғасырлармен мерзімделетін қыш ыдыстарды қайта жасап жатыр.

Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөнін­дегі мекеме директоры Ерғазы Алдана­заровтың айтуынша биыл облыста Сығанақ, Жанкент және осы Бәбіш мола қалашығында архелогиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алдын ала тізімге алынған ескерткіштердің 106-сының сараптамалық жұмыстарына да қаржы бөлініпті.

Археологтер кешенді қазба жұмыс­тарын жалғастырып, ізденіс нәтижесі ретінде монография шығармақ. Алда шетелдік ғалымдардың қатысуымен семинар өткізу де ойда бар.

 

ҚЫЗЫЛОРДА