Мәселе • 07 Қыркүйек, 2023

Жатақхана жетіспейді

340 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарының барлы­ғын жатақханадағы орынмен қамтамасыз етуді көздейтін «Білім туралы» заңның жаңа редакциясы күшіне енді. Жаңа заңнамаға сәйкес, оқу орындары осы айдан бастап студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті. Соған қарамастан елімізде 23 мыңнан аса студентке жатақханада орын жетіспейді.

Жатақхана жетіспейді

– Елімізде жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұ­жырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында студенттерді жатақханамен қамту қарастырылған. Бұған қоса «Білім беру қызметіне қойы­латын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрықта басқа қаладан келген білім алушылардың ке­мінде 70 пайызының тұруы үшін (жатақханалар/хостелдер/қонақүйлер) жағдай жасау көз­делген. Еліміздің 104 жоғары оқу орнындағы жатақханалар са­ны 380 бірлікті құрайды, төсектік орын саны – 106 203 бірлік, оның ішінде 182 объекті бойынша 24 560 төсектік орын жалға алын­ған. Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл, Қы­зыл­орда, Маңғыстау, Алматы об­лыстарында және Шымкент қала­сында қажеттілік жатақхана мен хостелдерді жалға алу арқылы оң шешімін тауып отыр. Ақмола, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында 695-тен 60 орынға дейін қажеттілік бар, – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Министрлік өкілінің айтуын­ша, қазір ең үлкен қажеттілік Алматы қаласында тіркелген – 14 мың. Сол секілді Астана қала­сын­да – 5 300 орын, Солтүстік Қа­­зақ­стан облысында 2 300 орын же­­тіс­пейді. Осы үш өңірде жа­тақ­­ханадағы орын тапшылығы өткір тұр.

– Былтырғы жағдаймен салыс­тырғанда мәселе ақырын­дап шешімін тауып келеді. Мыса­лы, өткен жылы республика бойын­­ша жатақхана орындарына қажеттілік 69 мың орын болса, биыл бұл көрсеткіш 23 686 орынды құрап отыр. Бі­рақ біз орын тапшылығы азай­ды деп арқаны кеңге салмаймыз. Себе­бі әр цифрдың артында әрбір студенттің тағдыры тұр. Сондықтан бұл мәселеге бірде-бір университеттің басшылығы бейжай қарай алмайды. Ми­нистрлік те өз тарапынан бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатыр. Айталық, бүгінде жатақхана мәселесін шешу үшін еліміздегі 58 жоғары оқу орны 182 объек­ті немесе 24 560 орындық жатақ­хана, жекеменшік хостелдермен келісімшартқа отырды. Бұл жерде қойылатын ең басты талап – хостелдерде тек студенттер тұруы керек, сонымен қатар олардың қауіпсіздігі сақталуға тиіс. Ата-ананың көбі хостел деген сөзді естігенде қорқады. Алайда ондағы жасалған жағдай кейбір жатақханадағыдан жақсы. Негізі хостелдерді жекеменшік жатақханалар деп айтуға болады, – деді А.Абылайхан.

Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-ның Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар депар­таментінің директоры Ай­нұр Сағындықова республика бойын­ша 8 мыңнан аса орындық 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланғанын жеткізді.

– 2023 жылғы жоспар бойын­ша жоғары оқу орындарының студенттері үшін 8 мыңнан аса орындық 32 жатақхананы пай­далануға беру жоспарланған. Бүгінде 2 600 орындық 6 жатақ­хана іске қосылды. 6 мыңнан аса орындық қалған 26 жатақхананы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, жа­тақханаларға зәрулікті жою мақсатында мемлекеттік тапсы­рысты орналастыру тетігі әзір­­ленді. Осы тетікке сәйкес кез келген жеке кәсіпкер немесе жоғары оқу орны өз қаража­ты есебінен жа­тақхананы пайда­лануға енгізе алады. Тек содан кейін әр студентке мемлекеттік тапсырыс орналас­тырылады. Егер жатақхана жаңа құрылыс жобасымен салынса, онда мемлекеттік тапсырыс бір студентке жылына 195 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 6 жыл бойы төленеді. Бұл – бәрі­не ортақ талап. Тек Алматы қала­сында норматив көбірек. Өйт­кені бұл – сейсмикалық өңір. Алма­ты қаласында 6 жыл ішінде 1 студентке құрылыс кезіндегі норматив 230 айлық есептік көрсеткішті құрайды, – дейді А.Сағындықова.

«Қаржы орталығы» өкілінің мәлімдеуінше, қолда бар ғима­ратты қайта жабдықтау, қайта жаңғырту арқылы жатақхананы пайдалануға беруге де бола­ды. Реконструкция жолымен мем­лекеттік тапсырысқа енгізілсе, онда республика бойынша 1 сту­­­дентке шаққанда 8 жылға 47 айлық есептік көрсеткішті, Ал­маты, Астана қалалары үшін 8 жылға 92 айлық есептік көрсет­кішті құрайды.

–  Осы тетікке сәйкес, мемлекет тарапынан қойылатын ең басты талап – салынған жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертпеу бойынша 20 жылдық шектеу. Екінші талап – жатақханада тек студенттер, докторанттар мен магистранттардың тұруы. Әр жатақханада бейнебақылау болады, турникет орналастырылады. Яғни әр студенттің қашан кіріп, қашан шыққанын тексеруге болады. Бұл тетік 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2018-2020 жылдар аралығында жоғары оқу орындары студенттері үшін 26 мыңнан астам орынға 99 жатақхана енгізілген. Мұндай орындарды енгізу бойынша көшбасшы өңірлер – Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Абай, Атырау, Жамбыл облыстары, – деді А.Сағындықова.

Министрліктің таратқан ақ­па­ратына сүйенсек, мұқтаж сту­денттерді жатақханамен қамта­масыз ету мәселелері жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Штаб Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 22-үй, 1-корпус мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша арнайы ахуалдық орталық бар. Ахуалдық орталықтың байланыс нөмерлері: + 7 700 950 95 28; + 7 700 255 14 43. Бұдан бөлек, студенттер өзінің жатақханаға қатысты әлеуметтік жағдайымен әр өңірдегі жоғары оқу орындарының өкілдерінен құрылған омбудсмендер институтына хабарласа алады.