ФОТО: informburo.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» қос ұғымы қоғамымызда басымдық танытуға тиіс екенін атай келіп, жастар арасында креативтілік, мобильдік ашық сұхбатқа дайындық сияқты қасиеттердің кеңінен таратылуына назар аударды. Бұл – құптарлық іс. Себебі демократиялық ашық көріністің айшықтала түсуі қазіргі кезеңде өте маңызды. Біз осы ұғымдарды ерекше құндылықтар ретінде дәріптеу арқылы өркениетті елдер қатарына қосыла аламыз.
Қазіргі күрделі жаһандық геосаяси өзгерістер мемлекетіміздің құрылымдық іргетасы саяси басқару саласын жаңғырту, экономикалық қайта құруды талап етіп отыр. Бұл – ортақ мүдде. Президент бұдан бұрынғы Жолдауында келешектегі іс-әрекеттер стратегиясына негіздеп, Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтының құрылатындығын мәлімдеді. Түрлі саладағы заң нормаларының сақталуына бақылау орнату және әрбір азаматтың құқығы мен еркін қорғауды күн тәртібіне қойды.
Еліміз адамзаттың өркениеттік дамуының бірден-бір сара жолы – демократиялық саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның өзі осыған дейін әлеуметке қызмет атқарып келген саяси, экономикалық, рухани салаларда түбегейлі өзгерістер жасауды қажет етіп отыр. Оны халық қазірдің өзінде қолдайды.
Адамдардың азаматтық қоғамды қалыптастырудағы негізгі мақсаты – өз меншіктерін бейбіт әрі қауіпсіз пайдалануға ұмтылу. Оның негізгі құралы сол қоғамда орнатылған заңның пәрменділігі. Заңға заң шығарушы билік пен құқық қорғау органдарының өздерінің бағынуы қоғамның әрбір мүшесін сақтау мен оларды игілік істерге бастайтыны анық. Халықтың өмірі мен қазынасына қатынаста деспоттық билік емес, достық рәуіштегі қатынас керек. Бүгінгі күні ешкім өзге адамға өзінің меншігінен айыруға артық билікті бере алмайды және ешкім өзінің немесе өзге біреудің үстінен абсолютті билік жүргізуге жол бермейді. Осындай болғанда ғана қоғам сақталады және ілгері дамиды. Мұндай жағдайда қоғамның сенімі бойынша жұмыс атқарып отырған атқарушы билікке қоғамның кез келген мүшесі бағынады.
Тәуелсіз Қазақстан үшін өркениетті елдер қатарына өту жолында, экономикалық реформалармен қатар, көптеген саяси әлеуметтік және рухани мәселелерді шешу қажеттігі туындауда. Дәйекті демократия мен ашық қоғам қалыптаспаған жағдайда өркениетті нарыққа өту де мүмкін емес.
Біздің қоғам дамудың ұзақ үдерісінен өтті және қазіргі кезде ол өрлеу үстінде. Әр адамның репликациясының сезгіштік, гамологиялық құрылымы адамның оянуының нәтижесі болып табылады. Демек бұл – адам ақылының оянуының голографиялық элементі. Конфуций ілімінің «төрт кітабының» бірі – Ұлы ілім – «өнегелі тәрбие, отбасын сақтау, елді жақсы күйде басқару және әлемде бейбітшілік орнату». Президент те барлық бастамасы осыған саяды. Қазір бізге саяси демократиядан гөрі әлеуметтік демократияны көбірек қолдауға назар аудару керек. Президент осыны көздеп отыр. Жұрттың бәріне бірдей жағатын заң жоқ, бірақ оған бағыну керек. Азаматтардың шынайы теңдігі заңдарға олардың бәрінің бірдей бағынуында жатыр.
Ал әлеуметтік демократияның көтерер жүгі ауыр. Адамдарды жақсы сөзбен, мақтау-марапаттаумен бір сәт көңілін көтеруге болады. Алайда басында баспанасы, тұрақты жұмысы болмаса, ол түбі бір мазасыз күйге түсетіні анық. Әлеуметтік демократияның басты қағидаты – адамның өзі қалаған ортасында еңбек етуі. Алған кәсіби біліміне, интеллигенттік деңгейіне сай жұмыс істеу, еңбек ету, табыс табу – бұл демократияның басты принципі. Демек, әлеуметтік демократия саяси демократиядан биік тұруы осыдан көрінеді. Ол үшін тағы да ұзақ уақыт саяси катаклизмдерді бастан өткерудің қажеті жоқ. Бізге ең біріншіден, жергілікті жерлердің өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру керек. Бұл – әзірге қоғамдағы өте әлжуаз буын болып тұр. Ол туралы тағы қайталауымызға тура келеді. Қоғамдағы әлеуметтік, гуманитарлық ахуал да осы ортада нақты орнықпаған. Ұзақ уақыт бойы тапжылмай тұралап қалған осы салаға Президент Жолдауда басымдық берген.
Жалпы, іргелі елдердің қатарына қосылу – тек экономиканы түзеудің жемісі болмасы анық. Рухани өмірі жұтаң ел өркениеттің көшіне ілесе алары күмәнді. Адамзат басынан кешіріп отырған жаһандану үдерісіне әртүрлі көзқарас бар. Оны бірі қолдаса, енді бірі қарсы. Алайда мойындауға тиісті ақиқат – кез келген мәдениеттің томаға-тұйық шеңбер аясында шарықтап дамуы неғайбыл. Демек өркениет табысына ортақтасусыз алға жылжу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлем үлгі алатын жапон елі де осындай жолдан өткен. Бірақ жапон халқы осы жолда бір құндылықты естен шығармады. Басқару трактатын бір формула – жауапкершілік жүйесімен жүргізді. Қоғамға қызмет ету азаматтардың басты ісі болудан қалған кезде және олар оған жеке өзі емес, әмияндары арқылы қызмет етуді қаласа – мемлекеттің құлайтынын естен шығармады. Отанға деген сүйіспеншіліктің суынуы, жеке мүдделердің үздіксіз әрекетінен болатынын білді. Ал оған жол беруге болмайды.
Мемлекет көбіне билік басындағы азаматтарына қарап, бой түзейді. Мәселен, жапондар өзінің дәстүрлі мәдениетінен тамыр үзбей, үлкен Жапонияны құрды. Бұл осы елдегі саяси элитаның мықтылығын көрсетті. Басқару функциясында әрбір жапон азаматы өзінің ұлттық дәстүрі мен салтына құрметпен қарап, ұлттық мәдениетін сақтай білді. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формула шеңберінде дамыды. Күншығыс елі техникалық дамуға ден қоя отырып, ділін, тілін, рухын сақтап қалды.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері