ФОТО: senate.parlam.kz
Жолдауда ел экономикасын дамытуға нақты бағыттар айқындалып, жүзеге асыру жолдары айтылды. Атап айтсақ, өңдеу саласы, туризм, орта кәсіпкерлікті дамыту, ішкі нарықты қорғау, геологиялық барлау шараларын жетілдіру, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту, агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін ұлғайту, шағын шаруашылықтарды қолдау, агроғылымды дамыту, инфрақұрылым, энергетикалық қауіпсіздік, су тапшылығын алдын алу, көлік-логистика және IT, жасанды интеллект, креативті индустрия салаларын дамыту, халықтық IPO жұмыстарын тездету және макроэкономикалық саясатты жаңарту.
Аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру, қосымша құн салығы мен өзге де салықтардан түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру, аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтарға беру өңірлердің дамуына серпіліс берері анық.
Ал атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу халықтың маңызды мәселерді шешудегі рөлінің артқандығын көрсетеді.
Бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің енгізілуі, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, зиянды еңбек жағдайында ұзақ жұмыс істеген адамдарға зейнет жасына толғанға дейін 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлемнің төленуі, ең төменгі жалақы мөлшерінің біртіндеп өсуі әлеуметтік мәселелерді одан әрі жақсарту кепіліне айналмақ.
Амангелді Төлемісов,
Сенат депутаты