Пікір • 06 Қыркүйек, 2023

Ескі сүрлеуден шығу парыз

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент экономикадағы өңдеуші саланы дамыту жөнінде келелі бастама көтерді. Қарап отырсаңыз, ел экономикасы – кеңес өкіметі жасап берген жобамен келе жатыр. Яғни арнайы тек шикізат өндіретін экономика ретінде құрылған. Қай саланы қарасаң да біз осыны көреміз. Бұл экономика жобасы кеңес заманында қалыптасты, одан кейін тәуелсіздік жылдары да бұдан көп айни қойған жоқпыз.

Ескі сүрлеуден шығу парыз

Енді шикізат өндіруші ғана емес, өңдеуші экономиканы қалыптастыру оңай шаруа емес, ол – көп уақытты және қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз қайткенде де сол мақсатқа жетуіміз керек. Оны Президент те әлденеше қайтара айтып, инвестицияны соған бағыттауды тапсырды.

Мұны еліміздің болашағы қаншалық­ты маңызды екенін әрқайсымыз жақсы түсініп отырмыз. Біз шын мәнінде, шикізат сатып қана күн көретін елге айналып кеттік. Жерасты байлығымыздың негізгі пайдасын өзіміз емес, соны өңдеп сататын мемлекеттер көріп жатыр. Қойнауымыздан қазып алынып жатқан шикізат қалпына келетін ресурс емес, ол бір күні таусылады. Сол кезде тақырға отырып қалмас үшін, біз қазірден өңдеуші экономикаға және оны әртараптандыруға көшуіміз керек. Қазақ кәсіпкерлері де өңдеуші экономиканы қалыптастыруға дайын және қабілетті. Бұл еліміздің дамуына жаңа серпіліс береді.

Жолдауда көтерілген эконо­микамызға әсері бар тағы бір соқталы бастама – елімізде атом электр стансасын салу үшін референдум өткізу. Бұл – көптен дау болып келе жатқан мәселе. Президент осыны шешу үшін халықтың өз үнін естуді жөн деп тауып отыр. Дегенмен АЭС құрылысы жайында референдум өткізер алдында халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені адам не үшін дауыс беретінін білгені жөн. АЭС туралы біліміміз аздау. «Мен қолдаймын», «Мен қарсымын» деп жауап бере салуға болмайды. Біз оның не үшін салынатынын, неліктен керек екенін білгеніміз дұрыс. Сондықтан халық арасында алдымен түсіндірме жұмыстары жүргізілсе құба-құп. Ал өз басым АЭС құрылысын жүргізуде Франциямен серіктес болуды таңдар едім.

 

Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ,

Мәжіліс депутаты