Ата-аналары қақпаның алдында тағатсыздана тосқан жас жігіттер Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына барады. Әрі қарай, 40-қа жуық әскерге шақырылушы осындағы кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінде әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысады.
Бұл туралы жас толқынға бірінші болып, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы филиалының белсенді мүшелерінің бірі отставкадағы полковник Қ.Ертышбаев жеткізді. Саналы ғұмырын ел шебіне арнаған қарт сардар әскери өмірдің табалдырығынан алғаш рет аттағалы тұрған болашақ шекарашы сарбаздарға шекара туралы әріден әңгіме қозғап, Отанымыздың шетін қорғау – әрбір азамат үшін абырой екенін қадап айтты. Шекарашылардың сапында қызмет атқару – болашақта қандай мүмкіндіктер беретініне дейін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Әскерден соң қызметін ел шебінде келісімшартпен жалғастыруға шақырды.
Аға буын мен өскелең ұрпақтың арасында өткен әсерлі әңгіме сағатынан кейін жас жігіттер әскери-техникалық мектебінің саптық алаңына сапқа тұрды.
Алдымен шекарашы ардагер отставкадағы полковник Қ.Ертышбаев сөйледі. Сардар қалың қауымға шекарашы атану – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ екенін айтты. Ал ата-аналар атынан сөз сөйлеген қарт ана Нұрқалипа Тезекбаева бүгін әскерге аттанғалы тұрған жас жігіттердің арасында өзінің немересі де бар екенін толғана жеткізген соң қолын жайып, ата батасын беруге ыңғайланды. «Батаменен ел көгерер» демекші, өздерінің ұландарымен тезірек қауышып, ыстық құшақтарына басуға асығып тұрған жұртшылық та дүр ете түскен. Қолдарын жайып, ақ жаулықты кейуананың аузынан шыққан әрбір жақсы сөзді ықыластана тыңдады.
Әрі қарай, болашақ шекарашы сарбаздарға ата-ана, туғандарымен қоштасуға мұрсат берілуі мұң екен, саптық алаң қуанышты үндерге толып кетті. Біз де осынау сәтті қалт жіберген жоқ едік. Бірнеше кадр жасаған соң көпшіліктің атынан тілек айтып, бозбалаларға бата берген Нұрқалипа әжейді тауып, сұхбаттасуға асықтық. Таптық. Қасына жақындап, өзімізді таныстырған соң:
– Нұрқалипа әже, жастарға айтқан батаңызбен көптің көңілін шайдай аштыңыз. Халық риза болып қалды. Ал енді немереңізге айтар тілегіңізді өз аузыңыздан естісек, - деп өтіндік.
– Айналайын, бүгін әскерге немеремді шығарып салуға ата-анасымен бірге келдім. Біздің әулеттен осы немерем Ислам бірінші болып, шекарашы атанғалы тұр. Айтарым, барған жеріңде қызметтестеріңнің алды бол, Бауыржан Момышұлы атаңдай батыл, жігерлі, елін сүйген азамат атан. Ортамызға аман-есен орал, біз сені күтеміз!, - деп мейірлене қараған әжей мен жүзі бал-бұл жайнаған Исламның осынау сәтін диктофонға ғана емес, суретке де түсіріп үлгергенімізге қуандық.
Міне, осылайша, жастарды әскерге шақыру науқаны да қызу басталып кетті. Алда оларды Ант қабылдау күтіп тұр. Ал оған дейін жас жігіттер әскери өмірдің қыр-сырымен танысып, саптық дайындықтарын шыңдайтын болады. Олай болса, шекарамыздың болашақ қорғандарына сәттілік тілейміз!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі