Жәрмеңкенің осы аталған жерде орналасуының, оның қарыштап дамуының себептеріне сатуға әкелінген малды уақытша жаюға Талдының жері құнарлы, суы мол, шөбі шүйгін болуы үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ географиялық тұрғыдан мал және мал өнімдерін шекаралас Шығыс елдеріне, Батыс Сібір, орталық Ресейге өткізуге қолайлы жол бойында болуы да ерекше рөл атқарды. Қарқаралының ертеден көпестердің сауда-саттықпен айналысқан дағдылы өңіріне айналуы, мал өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлерінен әкелуге орталықта орналасуы сияқты маңызды факторлар да өз артықшылығын көрсетті.
Семей губерниясының әскери губернаторы Полторацкий мен Қарқаралы уезінің бастығы штаб-капитан Тихонов 1869 жылы Қоянды сауда орнын «жәрмеңке» деп атауға бұйрық шығарып, осы кезден бастап, бірде «Қарқаралы», бірде «Қоянды» деп аталып жүрген жәрмеңке «Ботов» атауына ие болды. Жәрмеңкенің алғашқы сауда-саттық ісі қазақи киіз үйлерде жүргізілсе, 1871 жылдан бастап арнайы сауда орындары салына бастайды.
Негізгі сауда айналымында жергілікті қазақтар жағынан – төрт түлік мал, оның ішінде қой саудасы негізгі рөл атқарған. Сонымен бірге жергілікті мал және мал өнімдеріне Батыс Қытай, Моңғолия, Үндістан, Батыс Сібір, орталық Ресей саудагерлері өз жерлеріндегі сауда бұйымдарын айырбасқа салып отырған. Мысалы, көпес Андрей Рязанцевтің дүкеніндегі сөрелерде ағылшын шұғасы, бельгиялық шілтер, Ивановтан шыққан сиса, париждік әтір, шай сервиздері, түрлі ыдыс-аяқ тұрған. Бұл деректер Қоянды жәрмеңкесінің халықаралық сипатқа ие болғанын дәлелдейді. Бара-бара Қоянды жәрмеңкесінің өткізілу уақыты ретке келтіріледі.1869 жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір бас басқармасының кеңесі Қоянды жерінде жәрмеңкені жыл сайын 15 маусымнан 15 шілдеге дейін өткізуді бекіткен. Қоянды жәрмеңкесі жылдан-жылға кеңейіп, сауда орындары көбейе түскен. Оған дәлел: 1876 жылы он алты дүкен, 120 киіз үй болған. 1883 жылы бұлардың саны сәйкесінше 110-ға және 250-ге, ал 1890 жылы 247-ге және 1000-ға жеткен. Жәрмеңкедегі сауда үй-жайлары ұзын-ұзын төрт қатарға орналастырылады. Ортадағы екі қатарда орталық Ресейдің ірі сауда-өнеркәсіптік аудандарының көпестері мен сібір көпестері мануфактура, шай және басқа да тауарларын сатса, көрші қатарларда – қазақтар, ортаазиялық және қытай көпестері сауда-саттық жүргізген. Бұл жерлерде жібек, кілем, шығыс тәттілері, нан мен қымыз сатылған. Сауда-саттықтың жандануы делдалдардың пайда болуына әкелді. Делдалдар төрт санатқа бөлінді: базарбасы, маклак, алыпсатарлар мен саудагерлер. Басқа жақтан келген көпестердің дүкеншісі рөлін базарбасылар атқарған. Алыпсатарлар малды алып-сатқан, ал саудагерлер сатып алған тауарларды ауылдарға апарып сатумен айналысқан.
1889 жылы Қоянды жәрмеңкесінде телеграф, 1894 жылы Ресейдің қаржы министрлігі Мемлекеттік банк бөлімшесінің ғимараты тұрғызылды. Сауда қатарларының жанынан шенеуніктерге арналған квартал салынды. Сонымен қатар Қарқаралы уезі бастығына, судьяға, мал және адам дәрігерлеріне, полицияға орын берілді. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың аяғына қарай Қоянды жәрмеңкесінің жыл сайынғы айналымы 2 миллион рубльді құрап, нәтижесінде 1-деңгейлі жәрмеңке қатарына көтерілген.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Ботов жәрмеңкесіндегі сауда-саттық көлемінің азаюына алып келді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Семей облыстық кеңесінің атқару комитеті 1918 жылы 13 мамырдағы қаулысымен жәрмеңкені Қоянды деп атап, оны кеңес өкіметінің қарамағына беру туралы қаулы қабылдады.
Азамат соғысы жылдарында жәрмеңке мүлдем тоқтап қалды. Тек НЭП (жаңа экономикалық саясат) жылдары жекеменшік шаруашылықтарының жандануымен Қоянды жәрмеңкесі де қайта жаңғыра бастады. 1923 жылдан бастап 5 жылдың ішінде жәрмеңке айналымы 5,35 миллион рубльге дейін өскен. Арқа төсінде 82 жыл дүрілдеген Қоянды жәрмеңкесі үлкен нәубет алдында, 1930 жылы біржолата жабылды. Содан соң жәрмеңкенің құрылыс-жайлары ұжымшарларға берілді.
Жәрмеңке тек сауда-саттық ісінде ғана емес, көршілес елдермен тұрақты сауда-шаруашылық байланыс жасауда, қазақ халқының өнері мен мәдениеті дамуының көрнісі ретінде және әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алды. Қоянды жәрмеңкесі қазақ қауымының бас қосатын, халық өнерін насихаттаудың орталығы болды. Ұлы дала өңірінің небір тарландары жиылып, өнер сайысын ұйымдастырып, жәрмеңкені қыздыра түсті. Әншілер, балуандар, цирк әртістері Қытай, Ресей, Жапониядан да келген. Мұнда Жанақ, Абай, Шөже, Тәттімбет, Біржан сал, т.б болған. Әміре, Қали, Ғаббас, Майра, Мәди, Жақыпбек, Жүсіпбектер ән шырқаса, Біржан сал ат үстінде домбырасымен:
«Базарың құтты болсын, ардақты елім,
Қоянды – ту көтерген думан жерім.
Қарқаралы, сұлу Көкше – жер шоқтығы,
Сарыарқа алтын асу, асқар белім», –
деп, жәрмеңкенің шымылдығын әнмен ашқан. Балуан Шолақ пен Қажымұқандар түрлі және өрелі өнерлерімен көзге түскен. Қоянды жәрмеңкесі қазақ ұлтының өнер саңлақтары түлеп ұшқан өнер мектебі болды. Оған мысал ретінде қазақ халқының атақты әншісі, сырнайшы М.Уәлиқызының танымал болуына, Қ.Қуанышбаевтың бірнеше күн бойына дауысын бірде бала, бірде кемпір, бірде шал қылып құбылтып, атын бүкіл қазаққа әйгілі етуіне де осы жәрмеңке себепкер болған. Қояндыда өнерін ұштап, қияға қалықтаған Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов бастаған тума таланттар 1926 жылы Қызылордада құрылған тұңғыш кәсіби қазақ театрының негізін қалаушылар десек, жәрмеңке ұлттық театр өнерінің бастауында тұрғанын айтуға болады. Мұнда «Халық үйі» жұмыс істеп, ақындар айтысы өткізілген және қазақша спектакльдер қойылған. Оқу залының есебінде 3 300 адамға тарта оқырман тұрған. Жәрмеңке бір мезгілде Ұлы даланың сауда-саттық әрі мәдени орталығына айналды.
Радиодан Мәскеу мен Новосібірдегі оқиғалар туралы хабарламалар беріліп, 1925 жылы семейлік «Степная правда» газетінің редакциясы Қоянды жәрмеңкесінде «Ярмарочный вестник» хабаршысын шығарған. Онымен белгілі орыс жазушысы Николай Анов айналысқан. Хабаршы 100 дана тиражбен шығарылып, тез тарап кеткен. Қазақтарды баспа бетінде басылған жаңалықтармен таныстыру үшін ақын Иса Байзақов жаңалықтар мазмұнын өлеңмен жеткізген. Сөйтіп, Қоянды жәрмеңкесінде бүкіл Сарыарқаның тыныс-тіршілігі қызу қайнап жатты.
Жәрмеңке қазақ даласында ұлттық сауда элитасын қалыптастырған. Сауда-саттық ісіне қазақ байлары да белсене араласқан. Қарқаралы көпесі Қалиолла Бекметов, павлодарлық көпес Деров, семейлік көпес-әйел Кәрімова, т.б. жәрмеңкеде өз дүкендерін ашқан. Олар орыс саудагерлерінен қылшық жүнді шұға, сәтен, бөз, қытай маталарын, қазан, самауырлар, ауылшаруашылық бұйымдарын сатып алып, ауылдастарына қойға айырбастаған.
Қоянды жәрмеңкесі сол кездегі қазақ ұлтының әлеуметтік-саяси өміріне де үлкен ықпалын тигізді. ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы ұлт-азаттық күрестің ұйтқысы – Алаш қайратқерлерінің «Қарқаралы петициясы» осы Қоянды жәрмеңкесінде ұйымдастырылғаны белгілі. 1905 жылы Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақ ұлтының азаттығына бағытталған саяси-әлеуметтік талаптар қойылған петицияға Қояндыда 14 мыңнан астам адам қол қойып, патша өкіметіне жіберілген еді. Қарқаралы петициясында жергілікті халықтың құқығы мен абыройын аяқасты етуге жол бермеу, патша әкімдерінің жүгенсіздігіне тыйым салу, халықтың ана тілінде білім алуын ұйымдастыру, қоныстандыру саясатын тоқтату, тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтару сияқты ұлт үшін маңызды талаптар қойылды. Сөйтіп, Қарқаралы – Қоянды өлкесі Алаш қозғалысының алтын бесігіне айналды. Қоянды жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы мен жүргізілуінде патша өкіметінің отаршылдық саясаты айқын көрініс берді. Біріншіден, Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастыру арқылы патша өкіметі қазақтың мал өнімдерін арзанға бағалап, айырбастау арқылы орыс көпестерін байытуды көздеді. Оны мынадай мысалдардан көруге болады.Қазақтар малды ақшаға сатқаннан гөрі оны астыққа, мануфактураға және зауыт бұйымдарына айырбастағанды жөн көрген. Қазақ саудагерлері сырттан келетін тауардың нақты құнын білмегендіктен, экономикалық тұрғыдан алғанда айырбас тең бағалы болған жоқ.
Мысалы, құнан қой үшін қазақтар 6 пұт (98,3 кг) тары немесе 4 пұт (65,5 кг) бидай алған, ал ақша эквивалентінде бұл сол кез үшін екі тірі қаздың құны болған. Оның үстіне, сол тұстағы қазақ даласында өсірілген мал өнімдерінің сапасы өте жоғары болғандығын айту керек. Қазақтар арасында болған И.Заволишин: «Қазақ малы орыс малынан ірірек, оның еті нәрлі де дәмді. Қазақтың өгізі 10 пұт ет берсе, орыс өгізі 5 пұт қана ет береді» деп жазған. Сол кезеңдегі қазақ даласында өсірілген малдан алынған май Лондон биржасында Дания мен Жаңа Зеландияда өндірілген майды ығыстырып шығарғаны да белгілі. Қарқаралы уезінің 1-бөлімшесінің ветеринары К.Саулить деген азамат 1906 жылы Қоянды жәрмеңкесі кеңесінің төрағасы болған екен. Сол жылы К.Саулить былай деп жазыпты: «Өкінішке қарай, Қоянды жәрмеңкесі кезінде далалықтарға өте төмен сапасыз тауарлар сатылады. Ұятсыз көпестер небір қылықтарға барып, көшпелілерге ешбір жерде сұраныс көрмеген тауарларын неше түрлі айла-шарғылармен өткізеді. Жәрмеңке көпестері 60 пайызға дейін өздерінің пайдасына жеп үйренген». Әділетті ветеринар пысықай көпестердің тойымсыз қарекеттерін осылай әшкерелеген. Осындай шындықты ашық айтқан жәрмеңке төрағасына көпестер қарсы әрекет жасайды. 1907 жылы көпестер Семей губернаторына: «Бұрынғы заңдылықтарды пайдалана отырып, жәрмеңке төрағасын қарқаралылықтардан әрі ветеринардан тағайындамау керек» деген ұсыныс жіберген.
Жоғарыда келтірілген деректерден Қоянды жәрмеңкесі сол кездегі қазақ даласында үстемдік еткен патша өкіметі отаршылдық саясатын экономикалық тұрғыдан жүзеге асырудың бір құралына айналғанын көруге болады. Оның ащы шындығын ақын Кеңшілік Мырзабеков «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі» атты поэмасында:
«Ақ патша жәрмеңкені желі қылған,
Қазақтың кең даласын сол желімен
Жұп-жұмсақ желбезекке жемі қылған...»
деп шебер суреттеген.
Сонымен бірге мал өнімдерінің түкке тұрмайтын арзан бағаға саудалануы қазақ шаруаларының кедейленуін жеделдете түсті. Жоғарыда келтірілген поэмада ол да айқын бейнеленген:
«Күледі сығыр көпес сықылықтап,
Күледі татар тілмаш сылқ-сылқ
құптап.
Дейтұғын: «сарт садағам!» –
сарт екеш сарт,
Күледі майлап алған мұртын мықтап.
Саудагер еуропалық, азиялық,
Арзанға түскеннен соң қазына құт,
Осынау дарқандығы дарақы елдің...»
Сатай Сыздықов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия тарихы және мәдениетін зерттеу орталығының директоры, ҰҒА құрметті академигі