Өнер • 07 Қыркүйек, 2023

Азаттық үшін айқасқан

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шежірелі тарихы­мыздың әр парағын ашып, тереңіне үңілсек, халқымыз ғасырлар бойы басын бәйгеге тігіп, азаттық үшін арпа­лысқанын көреміз. Бостандық сүйгіш қазақтың басынан небір қилы заман өтті. Қысылтаяң кез­де мұқалмай бір жең­нен қол, бір жа­ғадан бас шығара білген батыр баба­ларымыздың ер­лігі санамызда жат­талып қалды. Сон­дай бірегей батыр­лардың бірі ұлт­­азат­тық көтері­ліс­­тің бас сар­дары Аман­гелді Има­новтың туғанына би­ылғы 3 сәуірде 150 жыл толды.

Азаттық үшін айқасқан

Суретті салған – Әбілхан ҚАСТЕЕВ

«Тау алыстаған сайын биік­тей түседі» демекші, Амангелді батырдың ерлігі уақыт өткен сайын жаңғырып, айқындала түскендей. Тың деректермен то­лығып, көте­ріліске қатысу­шы­лар­дың естелік­тері де баспасөз бет­терінде, әлеу­меттік желілерде жиі жарияланып жатыр. Аталған бағыт­тағы жұ­мыстар одан әрі жалғасын табарына сенім мол.

Патшалық Ресей кезінде қазақ да­ласында ірілі-ұсақты 300-дей ұлт-азаттық күресінің бол­ғаны мәлім. Солардың ішінде ауқым­дысы дәл осы 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­теріліс. Отарлық езгінің күшеюі­мен қатар патша үкіметінің «Июнь жар­лығы» қазақ даласында көте­ріліс отының лап ете қалуына түрткі болды. Бұл жарлық бойынша 19 бен 31 жас аралығындағы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу көзделген еді.

Нәтижесінде, майданға бала бермеуге бекінген қазақ халқы бірігіп бас көтерді. Осылайша, бай­тақ даламыздың әр жерінде қарулы көтеріліске ұласқан сти­хиялық бас көтерулер басталды. Біртіндеп ұйымдасқан сипат алды. Жетісу және Торғай да­ла­сы көтерілістің аса ірі оша­ғы­на айналды. Патша үкіметі көте­рілісшілер шоғырланған жерлерге ірі әскери күштерді жіберді. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер ше­гініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәж­бүр болды. Торғай көте­рілісі ірі қозғалыс ретінде тарихта қалды. Бас сардар Амангелді Им­анов кө­те­рі­лісшілерді он­дыққа, елу­лікке, жүз­дікке, мың­дық­қа бө­ліп, арнайы мергендер бөлім­шесін құрды.

Амангелді Иманов бастаған көтеріліс тарихы кейін «Торғайға шабуыл», «Татыр шайқасы», «До­ғал­Үрпектегі кескілесу», «Күйік­­­­тегі айқас» деп аталып, аңыз­ға бергісіз әңгімелер арқылы ел арасында кең тарады. Торғай жеріндегі көтеріліс патша өкіметі құлаған соң ғана тоқтады. Мұның өзі батыр бабаларымыздың көзсіз ерлігін, қайтпас қайсарлығын дәлелдеп тұрғандай. Дәл осы кө­­терілістің бел ортасынан та­былған сардар Амангелді Има­нов­­тың көзсіз ерлігі ел есінде мәң­гі қалды.

Амангелді Иманов ­ қарапайым халықтың арасынан шыққан тау тұлға, батыр. Ол – кешегі Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болған атақты Иман батырдың немересі. Батырлық тектен дары­ған. Әділдік аңсаған қалың қазақ­тың арманына қанат байлап, жол бастаған есіл ер – ұлттың тұтас­тығы, жердің бү­тіндігі үшін қара­қан басын қатерге тіккен сардар. Батырдың бейнесі халық зер­десінде дәл осылай жатталып, солай қала бермек.

Биыл Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай батыр мерейтойы ұлт-азаттық көтерілісі қаһар­ма­ны­ның есімі берілген ауданда тойланады. Елім деген ердің есімі лайықты деңгейде ұлықталады деп сенеміз.

 

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор