Осыдан екі жыл бұрын Егіндібұлақ жеріне жол түскен еді. Сонда Балқантаудың бауырында жатқан тұлғаларға тәу етуді Тәттімбеттің мазарынан бастағанбыз. Тәтекең Түндік өзенінің бойында, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасында, ауыл орталығынан 12 шақырым жерде тыныстап жатыр. Мына бір ғажайып сәт санамызда әлі сақталып қалыпты: күн жадырап тұр, «Фатиханы» үш қайтара оқығанымыз сол еді, жылы жаңбыр жауа кетті. Біз мазардан шамамен 500 метр ұзағанда кілт тоқтады. Қасиет қонған мекенге қайран қалыстық.
Мазар пошымы батырдың дулығасы іспеттес, төбесі шошақ, күн сәулесі түсетіндей етіп, әр жағынан шағын үшбұрыш саңылау қалдырған. Сыртын айнала, қоршаудан ішке кірдік. Баба басына дұға қылар арнайы орындық қойылыпты. Еңкейіп аядай есіктен ішке ендік. Қатар орналасқан үш қабір. Сол жолы жолсерігіміз болған белгілі тарихшы Нұртас Смағұловтың айтуынша, Ақселеу Сейдімбектің зерттеуі негізінде, қоғам қайраткері Әшімбек Бектасов мазарды тауып, белгі қойып кеткен деседі. «Мына жерде Тәттімбеттің әкесі Қазанғап, шешесі Қалайы және Тәттімбеттің өзі жатыр», деді Нұртас Бірлікұлы.
Сол жолы көңіліміз олқы қайтып еді. Жолдың жай-күйіне де. Тәтекеңнің басына қойылған еңселі ескерткіштің әбден ескіргеніне де. Небір батырды атқа қондырып, ескерткіштің санын түзіп жатырмыз ғой. Сол секілді Тәтекеңнің қолына киелі домбырасын ұстатып, қара тастан қасқайтып мүсін соқсақ, Егіндібұлақтағы елдің еңсесі тіктеліп қалар еді-ау…
Суретте анық көріне қоймас, біздің көзімізге түрпідей тигені – сиырдың жапасы. Қоршауы тізеге жетпейді. Кірпіштері кеміріліп, келбетінің әрі кеткен. Сөйтсек, ескерткіштің өңі кететіндей-ақ уақыт болыпты. Қырық жылға жуықтапты. Алғашында бұл ескерткіш 1984 жылы Егіндібұлақтың тарихи-өлкетану мұражайының алдына қойылыпты. Кейін ел азаматтары Тәттімбеттің 175 жылдық мерейтойында (1990 жыл) күйші зиратының қасына көшіруді ұйғарыпты. Кесенесі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қайта өңдеуден өтіп, жаңартылыпты. Міне, содан бері отыз жыл өтті, Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті орындары мен кешендері тізімінде бар демесеңіз, иен даладағы ескерткіш ескерусіз тұр…
Бізді құрақ ұшып қарсы алған өлке шежіресінің білгірі, тарихшы Нұртас Смағұлов ағамыз әңгімені әрмен қарай былай өрбітті.
– Тәттімбет Қазанғапұлы секілді ұлы композитордың басына еңселі ескерткіш қойылуы керек. Ол үшін арнайы республикалық конкурс жарияланса құба-құп болар еді. Арқаға белгілі суретші-скульптор Жаубасар Қалиевтің қолынан шыққан Ұлы бабамыз Қаздауысты Қазыбек бидің Егіндібұлақтағы мүсіні, әнші-сазгер Мәди Бәпиұлының рухты мүсіні секілді Сарыарқа жонын күймен тебіренткен Тәттімбет Қазанғапұлының бейнесі қазақты қарсы алса, қандай керемет. Қара тастан қасқайған Қазанғапұлы бабамыздың ескерткішінің маңайы келген жұрттың көзін тартып, тарихтан сыр шертсе, Алтай мен Атыраудың арасындағы жұртқа бабалардың киесі қайтып келер еді, – деген еді Н. Смағұлов.
Қарқаралының ел тізгінін ұстаған азаматтары Алаш арыстарына арнап, қала кіреберісінен тартымды ескерткіш орнатқан. Қажы Құнанбай мен бала Абайдың ескерткіші де қаланың көрікті жеріне айналған. Енді күй алыбы Тәттімбет Қазанғапұлының да құрметіне ескерткіш орнатылса, тіпті қатып кетер еді. Осы мәселе бойынша облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуовке хабарласқан едік.
– Жақында Қарқаралыға сапар барысында бірқатар тарихи ескерткіштің жөндеуді қажет ететінін көріп қайттық. Бұл қатарда шертпе күйдің шебері – Тәттімбеттің ескерткіші де бар. Егіндібұлақтың басындағы Қаздауысты Қазыбек бидің ескерткіші маңайын да қалпына келтіру қажет. Бұл жұмыстарды келер жылдың еншісіне қалдырдық, – деген жауап қалдық орталық басшысынан.
Құлағымды бірде күмбірлеген Тәтекеңнің «Көкейкестісі» тербесе, енді бірде «Саржайлауы» сағым болып, «Ерке сылқымы» елітіп тұрады. Мұны күй құдіреті һәм қасиет қонған топырақтан алған әсер деп топшыладық…
Қарағанды облысы