Біздің бұрымдылар клубтық деңгейдегі жарыстарда табысты өнер көрсетіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Әр жылдары Алматының «Рахаты» (2004, 2007 жылдары), Өскеменнің «Алтайы» (2021) мен Петропавлдың «Қуанышы» (2022) Азияның клубтық чемпионатында бас жүлдені олжалағаны жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Одан бөлек, Талдықорғанның «Жетісуы» екі мәрте (2010, 2013) және «Алтай» бір рет (2022) финалда ұтылып, күміс медальды иеленді. Қолаға қол созғандардың санатында «Рахат» (2002) пен «Жетісу» (2011, 2014) бар. Сары құрлықтың кіл мықтылары жиналған дүбірлі додада осыншама жүлде алу, әрине, аз олжа емес.
Ал Қазақстанның ұлттық құрамасы өз тарихында тек бір рет олжаға кенелді. Атап айтсақ, 2005 жылы Қытайдың Тайцан қаласында жалауы желбіреген жарыста жерлестеріміз өз тобында екінші орын алды. Біздің қыздар алғашқы төрт ойында Таиланд (3:0), Гонконг (3:0), Филиппин (3:1) және Солтүстік Кореяны (3:2) ұтқанымен, соңғы турда Қытай елінің өкілдеріне (0:3) жол берді. Ширек финалда Тайпейді (3:1) тізе бүктірді. Жартылай финалда Жапониямен жолымыз қиысты. Аса шиеленісті өткен ойында Вячеслав Шапранның шәкірттері 3:2 есебімен қарсыластарының уысынан жеңісті жұлып әкетті. Өкінішке қарай, финалда қайта Қытайға (0:3) есе жіберді. Нәтижесінде, Қазақстанның волейболшылары күміспен күптелді. Содан бері бақандай 18 жыл өтті. Бірақ Тайцандағы көрсеткішті әлі де қайталай алмай келеміз.
Жалпы, Азия чемпионаты 1975 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Осыған дейін аталған жарыстың жалауы 20 мәрте желбіреді. Сол аралықта молынан олжаға кенелген Қытай құрамасы. Қытай елінің ойыншылары 13 рет алтыннан алқа тақты. Бас жүлденің бесеуі Жапонияның қыздарына бұйырды. Таиланд екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жоғарыда аталған мемлекеттерден бөлек, Оңтүстік Кореяны да атап өтсек, еш айыбы жоқ. Олардың қоржынында 7 күміс пен 10 қола медаль бар. Оған Қазақстанның бір күмісін қосыңыздар. Яғни аталған жарыстың тарихында небәрі бес мемлекеттің өкілдеріне ғана жүлде алу бақыты бұйырған екен.
Осының алдындағы Азия чемпионаты 2019 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде өтті. Ол кезде де Қазақстанның бұрымдылары бесінші орынды қанағат тұтты. Бірінші кезеңнің топтық турнирінде Аустралия (3:0) мен Үндістанды (3:1) ұтып, Жапонияға (0:3) жол берді. Екінші кезеңде Қытай (0:3) мен Жапониядан (0:3) жеңіліп, Индонезияны (3:0) ұтты. Бесінші орын үшін бәсекеде Тайпейді (3:1) сүріндірді. Сеулдегі жарыста бас жүлдені Жапония олжалады. Финалда жапондар Таиландтан басым түссе, кореялықтар қола медальды мойындарында жарқыратты. Ал атағы жер жарған Қытай волейболшылары төртінші орында қалып қойды.